КҮЛКІДЕН АЙЫРМАСЫН

68

0

ЗӘРЕМ ҚАЛМАДЫ
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Шиелі аудандық партия комитетіне төрт әйел алған жігіт жөнінде арыз түседі де, бұл жөнінде сын мақала жазуға аудандық «Өскен өңір” газетіне тапсырма беріледі. Алайда, осы мақаланы жазуы тиіс журналист Қанапия Дәрібаев асыға қоймайды. Нұсқаушы Мұстафаев болса, «бюроға дейін мақала жарық көруі керек”, деп күнде редакцияға келеді де тұрады. Қанекеңнің асыға қоймайтын себебі, әлгі әйел алғыш жігіт бір жақын жеңгесінің інісі болса керек. Құда бала. Оның үстіне ағасының да лауазымы осал емес көрінеді. Екі оттың ортасында қалған ақын тіптен болмаған соң былай деп жазып райкомға тастап кетеді:
«Төрт қатынды ол емес, мен алғандай,
Райкомға жүгіремін зәрем қалмай.
Бюро, бюро, бюро, деп зіркілдейді,
Құдай-ау, жан осыдан аман қалғай!” Бұл қағаз бірінші хатшы Бәйімбетовтің қолына тиіп, әлгі әңгіме осыдан соң қозғаусыз қалса керек.
ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА
Ақын Дәулетбек Байдрахманның үлкен қызы Дана пәтерге шығады да, онысы қуықтай тар бөлме, болса керек. Дастарханның басында отырып-ақ, айналадағы шкафтардан қол созып, керек-жарағын ала береді. Тіптен орнынан тұрудың керегі жоқ.
«Жұрттың қолжетімді баспана» дегені не деп жүруші едім, сөйтсем, осыны айтады екен ғой”, – депті ол құрдастарын күлдіріп.
ҮЛКЕН КІСІ ҚАШАНДА ҮЛКЕН
Бір топ кісі аңға шығады. Қанжығасы олжалы болуға көрінсе керек, қыр астынан қашқан қоянды бүркіттері іліп түседі. Мұны жолына қарай араларындағы жасы үлкен Жүндібай ақсақалға байлайды. Тағы бір қыр асса, алдарынан қызыл түлкі қашады. Бүркіт мұны да қағады. Аңшылардың бірі енді бұл менікі дегендей өзіне қарай икемдей бергенінде қызыл түлкіге қызыққан Жүндекең:
– Ана қырдың басында үлкен болған Жүндібайдың бір қырдан кейін жасы кішірейіп қалады деп пе едіңдер, бұл аң да менікі, – деп түлкіні қанжығасына бөктере беріпті. Өзгелері уәжді сөзге дым дей алмаса керек.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз