КІНДІК ШЕШЕ

43

0

Өмір есігін енді ашқан нәрестені көп болып күтіп алу, оның кіндігін кесу  – мәртебелі де абыройлы іс. Көргені мен түйгені, өмірлік тәжірибесі мол, аяғы ауыр аналарды босандыруға әбден машықтанған  әжелердің қолдауымен ауыл әйелдері толғағы басталған екіқабат ананы босандыруға алдын ала дайындалады. Ғасырлар бойы аттың жалы, түйенің қомында көшпенді күй кешкен қазақ халқы ұрпағын  жаз жайлауда, қыс қыстауда, ортасына от жағылған киіз үйде дүниеге әкелген. Әріге бармай-ақ өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңы мен сексенінші жылдарының бас кезінде ауыл әйелдері өз үйлерінде босанған. Екіқабат әйелдің толғағы басталысымен қолы жеңіл, тәжірибелі үлкен кісілер шақыртылады, оған қоса көршілес төрт-бес әйел келіп, дайындық жұмыстары басталатын. Бірі су ысытып жатса, екіншісі арнайы орын дайындайды. От жағылып, арқан керіледі. Үйдегі бала-шаға, екіқабат әйелдің  күйеуі мен атасы, қайнаға-қайнылары бәрі басқа жайға жіберіліп, босандыру саты-сатысымен атқарылады. Сәбидің кіндігін кім кесетіні алдын ала белгіленеді. Болашақ кіндік шешенің басты атқаратын міндеті: босанатын әйелдің жанында болып, аман-есен босануын тілеу, оның денесін сипап, ойын бөлетін әңгімеге айналдыру, толғағы басталған сәтте өзін қалай ұстау қажеттігін айтып, ақыл-кеңес беру. Сөйтіп нәресте дүниеге келгенде алдын ала дайындалған кіндік шеше оның кіндігін өткір қайшымен немесе күміс сапты  шағын айбалтамен кесіп, сәби денесінде қалатын бөлігін байлап тастайды. Жаңа туған баланы жерден көтеріп алып, жөргегімен анасына, ата-енесіне, күйеуіне көрсетіп, шаңырақты қуанышқа бөлеген кіндік шеше сәби қырқынан шыққанша, оған қатысты жол-жоралғылардың барлығын іске асырады. Яғни шілдехана өткізу, азан шақыртып, ат қою, бесікке салу,  қарын шашын алдырту, киімін дайындау секілді тірліктердің бәріне атсалысады.  Қазақ дәстүрінде кіндік шеше мен кіндік әжеге ат мінгізіп, шапан жауып, көйлек кигізген. 
Баланың кіндігі түскеннен кейін де жасалатын ырымдар жетерлік. «Елдің қорғаны болсын» деп ер баланың кіндігін атшаптырым жерге апарып көмеді, «отбасының тірегі болсын» деп қыз баланың кіндігін от орнына не табалдырыққа көмеді. Қазақта «балам оқымысты болсын» деп баланың түскен кіндігін кітаптың арасына сақтап қоятын, «ат құлағында ойнаған шабандоз болсын» деп кіндігін аттың жалына байлайтын да ырым болған.
– Ең алғаш рет жүкті абысынымызды босандырып алуға көмекші ретінде қатыстым,– деп еске алады амангелділік Батыр ана Айжамал Бодыққызы. – От жағып, су дайындап, тамақ қамымен жүгіріп жүрміз. Тәтті апам, Үлкен шешей мен Балдай абысын екіқабат абысынның қасында.  Солар босандырып алды. Өзім екі-үш балаға ана болғаннан кейін барып, сол топ құрамына кірдім. Ең алғаш Үлкен атамның немересінің кіндігін кестім. Қасымда екі-үш үлкен кісі болды. Олар  бала кіндігін қалай кесіп, оны жөргекке қалай орау керектігін айтып отырды. Кейін машықтанып алып, өзім өзгелерге ақыл үйрететін болдым. 
 Айжамал әже өзінің осы өмірінде  он бір балаға кіндік шеше болғаны жайында әңгіме өрбітті. Ең бірінші кіндігін кескен Серік, оның ата-анасы Әбсалан аға мен Ырзан жеңеше әрдайым әжейдің алдында құрақ ұшып тұрады. Балаларының мінезі кіндік шешесіне тартқанын, өздерінің кіндік шеше таңдауда жолдары болғанын үнемі айтатын-ды. Өзі  Салжігіт, Төрем, Дәуселбай, Жиен бала  деп атайтын қайныларының кіндігін кескен ұлы-қыздары Наурызбай, Нышанкүл,  Базарбай мен Алмастың өзіне ұқсайтын мінездерін, кей қылықтарын айтып, күліп отырады. Нышанкүлдің шешесі Сара қызының әр кезде тек шынын айтып отыратыны, біреуге жақсылық жасауға бейім тұратыны, қай істі де сабырмен шешетіні абысынынан айнымай қалғанын алға тартады. Ал Наурызбайдың анасы Тынымкүл мен Базарбайдың шешесі Ұлтай болса, балаларының бір қағары мен шыншылдығы кіндік шешесіне тартқанын айтады. Шындығында да дүниенің есігін енді ашқан нәрестенің кіндігін кім кессе , бала мінез-құлқы жағынан соған тартады деген ұғым бар. Себебі, баланың денесіне алғаш кіндік шешенің қолы тиеді, жерден көтеріп алатын да, оны жөргекке орайтын да, шілде суына  шомылдыратын да – сол. Кіндік шеше бойындағы кей қасиеттер биоөріс арқылы белгілі мөлшерде балаға беріледі, нәресте  де оны бірден қабылдайды.  
Кеңестік кезеңдегі жетпіс жылда өмірге келген талай ұрпақ өздерінің кіндік шешесінің кім екенін білмеді. Перзентханалдарда негізінен өзге ұлт өкілдері жұмыс істеді, кіндікті кім көрінген кесті және ол кез келген жерге тасталынды. Содан да болар қазіргі қазақтың мінез-құлқында өзгеріс, психологиясында ауытқушылық байқалады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді халық даналығы, олай болса, перзентханалардағы кіндік шешелерді ұлттық болмысқа бейімдеу, тәрбиелеу, бала болашағына жауапкершілікпен қарау қажеттігі туындайды. 
Гүлнұр РЕЙМБЕРГЕН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз