Күре жолда күреп табыс табуға болады

80

0

Жылдан-жылға елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып келеді. Оны күнделікті тіршілік барысынан айқын аңғаруға болады. Әрине, уақыт ағымы бір орнында тұрмайды, соған лайықты деңгейде даму басты мақсаттың бірі саналады. Осындай іргелі істердің бірі ретінде көліктік-логистикалық жүйені қалыптастыруды атап өткеніміз артық емес. 
Жақында Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиясы қабылданды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев біздің өңірдің дамуында аталмыш стратегияның маңыздылығына назар аударып, оны дайындауға ресейлік және жергілікті ғалымдарды шақырды. Алдағы алты жылдың көлемінде атқарылатын іс-жоспар барысын саралаған стратегияда көліктік-логистикалық жүйені қалыптастыруға да мән берілген.
Ашығын айтайық, бұл жүйені өркендету әрбір елдің басты мақсаттарының бірі. Онсыз алға қарыштап даму ешбір мүмкін емес. Елбасының қолдауымен бүгінгі таңда осы мақсатта қаншама іргелі істер қолға алынғанын жұртшылық жақсы біледі. Сондай игілікті шаралар Сыр өңірінде де бар. 
Стратегияда көрсетілгеніндей, 2015 жылға дейін біршама жұмыстар атқарылады деп жоспарланып отыр. Батыс пен Шығыстың арасын жалғайтын күретамыр – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажобасының Қызылорда аумағы арқылы жүргізілетін 812 шақырымдық бөлігінің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Негізінде ол елдің игілігіне айналғаннан кейін көптеген келелі істер жасалады деп күтілуде. Халықаралық көлік дәлізінің бойында май құю бекеттері, автотұрақ, қонақүйлер, сауда нүктелері, кафе және асхана секілді инфрақұрылымдар дамиды. Сонымен қатар, жергілікті маңыздағы автокөлік жолының орта есеппен 70 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде болмақшы. Қызылорда аумағындағы «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желісінің құрылысы аяқталады. Келесі жылы сағатына 250 жолаушыны өткізе алатын жаңа жолаушылар терминалы салынады деп жобалануда. 2020 жылға дейін де бұл бағытта көптеген істер жалғасын тауып, аймақ өмірі үшін маңызды істер жасалмақ. 
Ерұлан Жүнісов, 
«Қазавтожол” АҚ облыстық филиалының директоры.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз