КӨРМЕГЕ БАРҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ…

74

0

КӨРМЕГЕ БАРҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ...Жуырда Қызылорда қаласында «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі бойынша ақпараттық ресурстық орталығы ашылды. Орталық «Кәсіпкерлер палатасы» ғимаратының 3-қабатында орналасқан.
Аталған орталық «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған іс-шараларды өз деңгейінде өткізу және Қызылорда облысының туристік әлеуетін көрсету үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ашылып отыр. Айта кетейік, ресурстық орталық жұмысын «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорымен бірігіп жүзеге асырмақшы.
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өткізілу кезеңінде ресурстық орталық  облыс тұрғындары мен туристерге көрме өткізілетін орынға және Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешені мен Байқоңыр қаласына саяхаттауға байланысты ақпараттармен бөлісіп отырады.
Алдағы уақытта «Қорқыт ата» зиярат ету орталығының қарама-қарсы бетінен «Этноауыл» салу жоспарланып отыр. Ол көрме кезінде облысқа келетін туристер мен қонақтарға халқымыздың мәдениеті мен дәстүрін дәріптейді. Осыған орай қолөнер шеберлері  ұлттық нақыштағы өз өнімдерін ұсынатын болады.
Облыс тұрғындарының электронды билеттерді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының арнайы сайтынан, бұған қоса, облыстағы «Қазпочта» АҚ-ның барлық бөлімшелерінен алуға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ,оны қаладағы «Жібек жолы» ойын-сауық орталығынан алуға болады.
ҰОС ардагерлері, барлық топтағы мүгедектер, жетім балалар және 6 жасқа дейінгі балалар көрмеге тегін қатыса алады. Ал оқушылар мен студенттерге, зейнеткерлер мен көпбалалы аналарға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылады.
Жалпы, көрмеге бару билеттері жөніндегі мәліметтер ел тұрғындарына БАҚ арқылы хабардар ету жұмыстары жалғаса береді.

Р.АРЫСТАНБАЙ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз