Кәріс құдағи Елена

184

0

Кан Елена Семеновна Шиелі ауданының Авангард колхозына келіп жұмысқа орналасқан кезінде жап-жас келіншек еді. Ол ұзақ жылдар бойы аталмыш шаруашылықта есепші болып қызмет атқарды. Өмірлік жолдасы Тен Александр екеуі Қазалыдағы техникумда қатар білім алып, сонда жүріп көңіл жарастырды. Қызметтерін де
осында бірге бастады. Содан бері де көш- керуеннің соңында жарты ғасыр уақыт
қалыпты. Елена апаңыз қазір жетпіс сегізінші қысты қарсы алып отыр. Әрине, бұл
аз уақыт емес.

«Мен
кезбеймін, несібем кезеді» деп қазекем айтпақшы со­­нау 1937 жылдан бастап,
Қиыр Шы­ғыстағы шекара аумағынан кә­ріс ұлтының өкілдері Орта Азияға жер
аударыла бастады. Олардың басымы Өзбекстан Рес­публикасы мен Қазақстанның Оң­түстік
Қазақстан облысына, Арал мен Балқаш теңізінің жа­ға­лауындағы елді мекендерге
орын тепті. Бір шоғыры Сыр бойы­ның Шиелі ауданына келіп қоныстанған
болатын-ды. Сталин мен Молотов қатар қол қойған қаһарлы құжат жалма-жан жүзеге
асырылып, Примор аумағының кешегі тұрғындары колхоз-кол­хоз болып түп
көтеріліп, осын­да келді. «Большевик”, «Аван­­гард”, «Гигант” аталатын кол­­хоздар
кіл кәрістерден құ­рал­­ған шаруашылықтар еді. Бұ­рын­нан да өздеріне қолайлы
кә­сіп са­найтын олар егіншілік ісін да­рия жағалауында да жал­ғас­тыр­ды.
Диқаншылықтың көзін біле­тін еңбекшіл халық көкөніс пен бақшаны жайнатып,
күріші­ңіз­ді де тербелтіп қойды. Сол кез­дегі мәліметтерге мән берсек, жо­ға­рыдағы
департациялау жарлығы бойынша 172 мың кәріс ұлты өз отанынан жер аударылған
екен. Бұл дүрбелеңнің басты себебі – Жапон мен Қытай арасындағы кикілжің
салдары болатын. Корея сол кездері жапондықтардың бір бөлігі саналатын еді. Кім
бі­леді, күндердің күнінде іштен шық­қан жау жаман демекші зо­ба­лаңды күндер
туа қалса, сырт­тан көз алартқандарға бүй­рек­тері бұрып кете ме де­ген қау­іп
ойлағаны болар, жаңа­дан керегесін керген Кеңес үкі­ме­тінің. Өйткені бұлайша
ха­лықты ұлттық ерекшеліктеріне қа­рай өзге мекенге жер аудару ра­сында сол
кездері алғаш қолға алынған шаралардың бірі еді. Хош, сонымен Шиелі ау­да­ны­на
келіп жайғасқан кәріс­тер­дің үш шаруашылығы егін­шілік са­ласынан өзге мәдени
өмір­де де үлкен сілкініс әкелді жер­гі­лікті жерге. Бұрындары мал бағумен
айналысатын шашы­раң­­­қы халық ұйымдасқан ша­руа­­­шылық маңына біртіндеп топ­­­та­са
бастады. Азаматтары мал шаруашылығымен қатар егін­ші­лікке де бой үйретті. Бас­тысы,
жергілікті халық пен те­ңіз асып келген адамдар тату, ынтымақты өмір сүрді.
«Ашар­шы­лықта жеген құйқаның дәмі таң­дайдан кетпейді” демекші, жы­лы қабақ
танытып, қамқор қо­лын созған қазақтарды кәріс ұл­тының өкілдері өмір бойы сый­лап,
құрметтеуінен танған жоқ. Диқаншылықтың тиімді техно­логиясын меңгерген олар
жылма жыл мемлекеттік жоспарларды асыра орындап, қырманды Сыр маржанына
толтырумен болды. Соғыстан кейінгі елу, алпысын­шы жылдары осы ауылдың өзінен
16 бірдей Еңбек Ерінің шығуы расында таңқаларлық оқиға еді. Қазақтар да сол
кезде күріш өсіруге зейін аударып, оның қыр-сырын жете үйренуге күш салды.
Ыбырай Жақаевтың екі мәрте Еңбек Ері атанып, соңынан көптеген ізбасар ертуі
жергілікті халықтың да бейімділігімен бірге, адал бейнетті арда санайтын­дығының
белгісі болса керек.

Кәріс құдағи ЕленаЕлена
Семеновна мен Тен Александрдың отбасына Шиелі құт-береке әкелді. Тұңғыштары Ви­каның
соңын ала өмірге Ев­гений, Жанна, Мила, Сергей келді. Қазір бәрі де осы ауылдан
қа­наттанып ұшып, кең әлемнің түкпір-түкпірінде тіршілік етіп келеді. Бәрі де
жоғары білім ал­ған, қалауларынша шаңырақ кө­тер­ген. Бір қызығы, Сыр өңі­рін,
оның ішінде Шиеліні жанын­дай жақсы көретін кәрістің бала­лары қазақтармен әлі
қарым-қа­ты­настарын үзген емес, дос кө­ңілмен араласып, кейбірі құда-жекжат
дегендей, біте қайнасып жатыр. Осы өзіміз әңгіме етіп отырған отбасының үлкен
қызы – Вика қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Қостанайдың қазағы Әділхан
Ысқақовтың жары, екі-үш бала тауып берген отанасы. Ал Ақтөбе медициналық
инстиутын бітіріп, дәрігер мамандығын алып шыққан Сергей де қазаққа күйеу бала. Оның келіншегі Ләззат өзіміздің
қаракөз қыздарымыз­дың бірі. Жанна есімді ортаншы қыздарының ұлы Александр да
қазақ қызын жар етіпті. Бізге дас­­тарқан жайып, шәй қойып зыр жүгіріп жүрген
осы үйдің келіні, қазақ қызы Зульфия – Са­ры­ағаштан. Мейлі, қосағымен қоса
ағарсын дейміз, қашанғы қонақ­жайлық әдетімізбен. Олардың да Валерий мен Виктор
есімді екі ұлы бар. Тен қария өмірден өт­ке­німен шаңырағы орнында, ба­ла­лары
өсіп-өніп ұрпағын көбей­туде.

Тілшіге
жол басшы болып кел­­ген Сәрсенбай Көбегенов ау­ыл шаруашылығының білгірі. Тоқ­саныншы
жылдары ауыл әкі­­мі қызметін де атқарып, ша­руа­­­шылықтың бас маманы қыз­мет­терін
де үйлестіріп, көптің қа­мы үшін зыр жүгіретін азамат. Сол үшін де ол
жерлестеріне қадірлі.


Көбегенов, – дейді Елена Се­меновна, – көктемде егін еге­тін жерді бізге осы
бастан дай­ындай бер, капуста көгертіп, пияз отамаса кәрістердің ауырып
қалатынын білесің ғой, – дейді оған өзіне іштарта сөйлеп. Мұның өзі ауыл тұрғындарының ерекше жарасымдылығын
сездіретін секілді.


Шаруашылықта бас бухгал­тер болған Раушанбек Әшіров, бас экономист Яхия Әлиев,
ди­рек­торымыз Жолдыбай Ақмол­даев бәрі де жұмысқа жаны аши­тын, жұртты
алаламайтын асыл жандар еді, ертерек кетіп қалды ғой, – деп қамығыңқырап қалды
әжей.


Шаруашылықтың алғашқы басшыларының бірі Хан Виктор, күріш өсірудің шеберлері
Цой Ен Сун, Чагай Гейсеби, Цон Максим, Те Василий, Хегай Александр, Ли Вера
бәрі де нағыз азаматтар еді, Қанша ауыр жұмыс істесе де үнемі көңілді жүруші
еді, – дейді Сәрсекең де қашаннан бірге келе жатқан ауылдастарын еске алып.

Авангардта
әлі де жиырмадан астам кәріс отбасысы тұрады. Ким Александр, Пак Герасим, Ким
Алеша, Мун Адольф, Ким Элла, тағы басқалар әлі де қызу еңбектен қол үзбеген
жандар. Жергілікті халықпен біте қайнаса тіршілік ететін олар мемле­кеті­міздің
дамып, әлемдегі озық ел­дер­дің қатарынан көрінуіне өз еңбектерімен үлес қосып
келеді.

Нұрмахан
ЕЛТАЙ.

Шиелі
ауданы,

Ақмая ауылы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз