КӨШЕ КӨРКІ – ТАЗАЛЫҚ

47

0

Көктем келіп, жылдағы дәстүр бойынша туған топырақты абаттандырып, оны гүл шоғына шомылдыруға жалағаштықтар бел буа, білек түре  кірісіп те кетіпті. Аудан  әкімінің іс-қимыл бағдарламасы аясында жылдың 20-наурызынан бастап аудан аумағын көркейту-көгалдандыру және  санитарлық тазалығын сақтаудың екі айлығы жарияланған. Осыған орай әрбір апта сайын сенбілік ұйымдастырылып, ауылдарды абаттандырып, көшелерді көркейту-көгалдандыруға аудан тұрғындары ұйымшылдықпен қатысуда екен.
– Он төрт мыңға жуық халық тұратын Жалағаш кентінде, – дейді  бізбен әңгімесінде кент әкімі Қ.Құлмахан, – 64 көше бар. Өкініштісі сол, осы көшелердің бойындағы аяқ су арықтарын  бәзбір тұрғындар күл-қоқыспен толтырып, көміп тастайды. Соның салдарынан көше бойларына  отырғызылған жас көшеттер мен қаламшалар көктемде бойын тіктей алмай қалады. Сондай-ақ, көшелердегі ағаш отырғызылған арықтардың  бойындағы қоршауларды бұзып, тамызық етіп  пайдаланатындар да жоқ емес. Содан да жас ағаштар егесіз жүрген малдарға жем болады. Кейбір тұрғындар қоқыс қалдықтарын арнайы орындарға апармай, санитарлық талаптарды өрескіл бұзуға да барып жүр.
Кент әкімі айтса айтқандай, Жалағашта ғана емес, барлық жерде көшелерді, үй аулаларын ластап жататындар жетіп-артылады десек, асыра айтқандығымыз болмас. 
Қазір аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық жұмысқа 35 адам тартылып, тазалық және көркейту-көгалдандыру жұмыстарына  қатысуда екен. Кенттегі тазалық  жұмыстарына байланысты бульдозерлер мен тіркемеге қоқыс жүктейтін тракторлар және тасымал көліктері тұрғындарға ақылы түрде қызмет көрсетіп те жатыр.
Сөз соңында айтарымыз, туған топырағымызды таза ұстап, абаттандырып, жасыл желекке малындырып отыру –  баршамыздың басты борышымыз. Тазалық – біздің денсаулығымыз бен өміріміздің кепілі. Ендеше,  аймағымызды көгалдандыру-көркейту ісіне бір кісідей бірлікпен қатысайық,  ағайын.
Еркін АҚҚАЛИҰЛЫ.
Жалағаш ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз