КІСІЛІК КЕЛБЕТІ

59

0

«Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат” –
деп Абай атамыз айтпақшы, сырт қарағанда ол сияқты ашаң денелі, орта бойлы
адамдар аз емес. Кездесулер мен сырласулар, сырласулардан, көп ретте бірге жиі
араласулардан кейін кімнің кім екенін, адалдығын, азаматтығын, өткір сөздің
шебері, мінезінің сал­ма­ғын, ақ көңіл-ақжарқындығын, өзгеге өз ойын өжектемей
тыңдататын парасатын, өкпелеткендерге де өті жарыла өшікпейтін болмысын тани тү­седі
екенсің. Негізі жаратылысынан мейі­рімі мол адамдарды табиғи түйсік арқылы
көбірек үйірсектейді. Сондай азаматтың бірі Әбдіраман Тұрғанов аға болса керек.

Мен, Әбекеңмен бір ауылда, бір
мектепте оқып бірге өстік. Балалық шағымызда сол «Ақтайлақ”, «Өндіріс”,
«Каганович”, «Көктөбе”, «Ақсай” елді мекендері мен Ленин кеңшарында бірге өтті.
Балалық шақтың заманына байланысты қиындығы мен қызығын бірге өткердік. Жалпы
Әбекең бала кезінен ақ жарқын, ақ көңіл, қолында бар болса өзгеге бергісі келіп
тұратын, жастайынан жанұяда жоқшылықты көп көргендіктен болар, ерте есейген
азамат. Сол бала кезіміздің өзінде ол жоғары сынып оқушыларымен бірге жүретін.
Ауылда құрылыста қол жұмыс жасап жүріп, оқуға өз білімімен түскен ауыл
жастарының алғашқыларының бірі болатын. Жоғары оқу орнында жүріп жеңгеміз
Мәрзиямен шаңырақ көтерді. Мәрзия ауылда мектепте мұғалім, Әбекең оқуда болды.
Оқу бітіргеннен кейін Семей, Талдықорған облыстарында офицер шенінде әскери
борышын 2 жыл өтегеннен кейін аудан орталығындағы құрылыс мекемелерінде
басшылық жұмыстарда абыройлы қызмет істеді. 1978 жылдан бастап ауданаралық
«Колхоздар құрылысы” мекемесін басқарып, Қармақшы, Жалағаш аудандары елді мекендерінде
үлкен құрылыс нысандарын салып, өз қолтаңбасын қалдырған тәжірибелі құрылысшы.

Аудан орталығындағы 50 орындық қонақ
үйі, Жаңажол, Ақтөбе елді ме­кен­деріндегі мәдениет үйлері, мектептер,
Қармақшы, Жалағаш аудан­дарындағы бірнеше мал бордақылау алаңдары мен кешендер,
тұрғын үйлер, әлеуметтік, мәдени, медициналық саладағы бірнеше мәні бар құрылыс
нысандары салынып, Тұрғановтың бас­шылығымен пайдалануға берілгенін ха­лық
жақсы біледі. Соңғы 20 жылға жуық бар саналы өмірін Қармақшы ауданының бас
сәулетшісі болып абыройлы қызмет жасаған Әбекең төрт бала тәрбиелеп, ұлын ұяға,
қызын қия­ға қондырған ұлағатты, абзал азамат. Әбекең ешкімді алаламайтын,
алдындағы ағалары мен соңына ерген інілерін бірдей көретін, елдің бір­лігін
сақтауға көбірек мән беретін ақ­сақалдығы басым. Айтар ақылы көп, соңына халық
ерте алған елдің қуа­нышына, қайғысына араласуды ең бірін­ші кезекке қоя
білетін. Әзіл сөзбен көп нәрсені аңғарта сөйлей алатын, сонау сұрапыл соғыстың
аяқталуына бір жыл уақыт қалғанында өмірге келген асыл ағамыз бүгінде 70 жасқа
толып отыр.

Әбекең екеуміздің жас арамыз 3-4 жас
болғанымен, жан-жағын жақсы танитын, үлкенге іні, кішіге аға болуға жарайтын,
адамгершілігі жоғары жолдас, дос аға, іні таңдай алатын бірден-бір азамат.
Әбекең шындықтың бетіне тура қарайтын, сен үлкенсің бе, кішісің бе, билік
басындасың ба, қарапайым жансың ба деп бөле жармай, бәріне бірдей көлгірсімей,
көздеріне тура қарай алатын асыл мінезді кісі. Қай уақытта, қай кезеңде, қай
мезгілде іздесең де алдыңнан күлімдеп шығып, қызметің бар басшысың ба,
қарапайым қатардағы адамсың ба, қалтаңда пұлың көп байсың ба, әлде тек
сәлеміңнен басқа ештеңең жоқ жансың ба, алаламай, бәріне бірдей қарап, қанша
сәлем алып жүрсе де, қалт жібермей хабарласып, сенің амандығыңды, саулығыңды
біліп отыруға асығып отыратын кісі екенін айту – менің інілік парызым.

Әбдіраман Тұрғановтың бүгінгі жетіп
отырған бедерлі белесі, сындарлы өмір жолы жеткіншек үшін үлгі-өнеге,
тәлім-тәрбие. Ол кісімен бала кезімнен бірге жүр­ген, қызметтес болған
кездерімізде ақ­жарқын көңілінен, артық әңгімеге бар­­майтын байсалды
тұрғысынан, ұла­ғатты ұстанымынан, елмен, туған-туыс­­қан­­дармен етене
араласуынан, жа­­ны­­ның жомарттығынан, мінезінің дала­­­дай кеңдігінен,
ешкімнің алдын кеспейтіндігінен, қандай бір жанның қасынан көкірек кере
өтпейтіндігінен, қайта қайырыла тоқтап, қол алып, құшақ жайып, есен-саулық
сұрап, тұра қалып аман­дасатынынан көп тағылым алдым десем, асыра айтқандық
бола қоймас. Сон­дықтан болар, Әбекеңнің туысы
да, ағайыны да, дос-жарандары да баршылық. Мұндай аңқылдаған, көңілінде кірбіңі
жоқ кісіні кім жақын тұтпасын?! Бұл жалғыз менің пікірім емес, елдің, халықтың
берер бағасы.

Иә, Әбекең туралы өзінің Алматы қаласында бірге оқыған достарының
Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінде бірнеше облысты басқарған, Алматы
қаласының және Алматы облысы әкімі болған Шалбай Құлмаханов мырза бірде
Қызылорда облысына келген бір сапарында Әбекеңді іздейді. Сол кездегі облыс,
аудан басшыларынан хал-жағдайын сұрайды. Сонда сол кездегі аудан басшысы
Бекмырза Еламанов, Әбекең біздің аудандағы жақсы сыйлайтын ағамыз көпшілік
арасында абырой-беделі жоғары кісі деп жауап береді. Сонда Әбекеңнің студенттік досы Шалбай Құлмаханов
Әбекең туралы «ол қолында бар болса, жұртқа бөліп беріп, артына дүние жинауды
білмеуші еді ғой” деген еді. Сондай достарының бірі бірде Алматы қаласында 60
жасқа толып Әбекеңді әдейі шақырып, қолына алтын сағат тағып, өзін жанұясымен
бірге бірнеше күн қонақ жасап, құдайындай күтіп, шығарып салғанының куәсі
болдық.

Міне, Әбекеңнің бар байлығы халқының бірлігі, ағайынның аман­ды­ғы,
бала-шағасы мен өзінің қосағы Мәрзияның саулығы деп білеміз. Әбе­кеңнің қатар
жолдастары, інілері «Командир” деп әзілдейді. Ол әзіл емес, шындық! Әбекең
адалдықтың, азаматтықтың, адамгершіліктің, па­ра­сат­тылықтың, кішіпейілді аға,
іні­ге, туған-тумысына, халқына деген ақпейілділіктің, жанашырлықтың жал­пы
елдің бірлігінің «командирі” іспеттес көрінеді маған.

 

Нұртілеу САЛЫҚОВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз