КӘСІПКЕР

77

0

КӘСІПКЕРӨмір өзі үйретеді. Осы сөзді зердесіне тоқығанымен, кезінде оның мәніне терең үңіле қоймапты. Бәріне де көндікті. Көнбеске шарасы да жоқ еді. Алланың  бұйыртқаны болар, әлде ағзасына аса қажетті әлдебір зат жетіспегендігінен бе, әйтеуір бұның пешенесіне туабітті мүгедектік жазылыпты. Ертеңге деген үзілмес үміт, өз аяғымен жүріп кетуге деген шексіз құштарлық, ата-анасының, бауырларының өзіне деген ыстық ықыласы Мейрамбекті келер күндерге жетеледі. Жастайынан қай нәрсеге де шыдамдылықпен, сабырлылықпен қарап, қай істің де ақырын күтуге дағдыланған ол бұл күндерінің ұмытылатынына, өзінің екі аяғымен тең басып кететініне сенгісі келді. Қиялындағы ғажайып күндерге сенгені болар  алдағы шаттықты өмірге, өзін өзгелермен тең дәрежеде ұстайтын сәттерге асықты. Мейрамбекті анасы Күнқияш пен әкесі Омардың апармаған жері қалмады. Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Мәскеу… қайда жақсы дәрігер не емші барын естісе, дереу жолға жиналатын-ды. Бірінен болмаса екіншісінен сәті түсер деген үмітпен солай бара жатқаны. Болмады, қатал тағдырға мойынсынғаннан басқа амалдары қалмады. 
Үйде,  төсекке таңылып жатып, мектеп бағдарламасын игерді. Жоқ, ол тағдырдың дегеніне үнсіз көнгісі келмеді. Өзінің мына өмірге адам болып келгенін, сол адам қалпымен кететінін дәлелдегісі келді. Сөйтіп, бір-біріне ұқсаған сұрықсыз күндермен, өзіне мүсіркей қарайтын көзқараспен күресудің жолдарын іздестірді. Ата-анасы да, жанашыр ағайын да оған  басына түскен ауыртпалықпен күресе білген  қиын тағдырлы жандар жайлы жазылған шығармаларды оқуға ұсынатын. Солардың арасынан  Мейрамбекке қашанда  қатал тағдыр салған қиындықты мойымай көтере білген, талай тамаша шығармаларымен ел есінде қалған жазушы Зейнолла Шүкіровтің өмір жолы айрықша әсер етті. Қайсар қазақтың әрбір ісі, дені сау, құр аттай шауып жүрген көп қазақта жоқ адами болмысы өз иіріміне тартып, сондай өр мінезді өз бойынан табуға ұмтылдыратын. Өзін-өзі табуға, тануға, өзін өзгелерге мойындатуға тырысты. Алдымен кішкентай қорап алып, сауда-саттық жасап үйренді. Балаларға  сағыз, пашкідегі кәмпит-пешеней, майда ойыншықтар сатты. Кейде Мәдениет үйінің қасында, енді бірде саябақта, кейде мектеп қасында отыратын. Қоларбада отыратын оны інісі Асылбек діттеген жеріне жеткізетін-ді. Көпшілікпен араласты, жора-жолдас, өзімен пікірлесетін,  санасатын жандар пайда болды. 
Үнемі білмекке ұмтылған көңіл көшедегі жабайы саудаға тынши алмады. Солай жүріп, бірде фотосалонға кіргені бар. Ондағы қарбалас тірлікке, суретке түсіріп, оны қағаз бетіне  шығарудың қыр-сырын меңгеруге қызықты. Осы кезге дейін «не милиция, не фотограф боламын» деп байыз таппай жүрген көңілі сурет өнеріне біржолата бұрылғандай болды. Баласының алған бетінен қайтпайтынын сезген әкесі оның  сауда жасап тапқан пайдасына шамалы ақша қосып, сол кездегі «Зенит» фотоаппаратын алып берді. Алдымен әке-шешесін, туған-туыстарын түсіріп, отбасылық фотоальбом жасады. Көңілі жайланған Мейрамбек өзіне жанашыр достар тапты, сырласатын өз ортасын қалыптастырды.
– Алдыма фотосалон ашу жайында мақсат қойдым,– деп сабақтады әңгімесін Мейрамбек Омартегі.– Соңында екі жылға таяу жүрдім. Тасбөгет әкімшілігіне кірдім, жер берді. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдайтын қоғамдық ұйымдарға бардым, «Игілік» қорынан қаржы бөлдірді. Кей мекемелер есік-терезе, едендік тақтайлар, жиһаздар берді. Сөйтіп осы шағын салонның ашылуына қол жеткіздік.
Мейрамбек Шуетов жетекшілік ететін «Гүлсая» фотосалоны  Тасбөгет кентінің орталық көшесінде орналасқан. Тұрған жері де, сырт келбеті де көзтартарлықтай. Шағын ғана фотосалонда 6 адам жұмыс істейді. Демек, кәсіпкерліктен өз орнын тапқан Мейрамбек соншама адамды жұмыспен қамтып отырғаны ғой. Ақылбек пен Қазыбек, Фариза мен Сая,  Мөлдір мен Тоғжан есімді жастар Мейрамбек ағасының тапсырмасын екі айтқызбайды. Салонда тек сурет түсіріліп, шығарылмайды, одан өзге де көпшілікке қажетті қызметтер көрсетіледі.  Көшірме жасау, ескі суреттерді қайта өңдеу, ұжымдық тапсырыстар қабылдау, той иелерінің өтініштеріне орай суреттерді түрлендіру, күнделікті тұрмыста қолданылатын түрлі заттарды жөндеу секілді істер қоса  қабат атқарылып жатады. Олардың бәрін де сапалы, уақытылы атқару басты назарда ұсталады. Өйткені, кентте жұмыс істейтін басқа фотосалон жоқтың қасы және бұл мекеме өз жұмысын ерте бастап, кеш аяқтайды. Асыққан жандар тез әрі  сапалы біткен жұмыстарына алғыстарын білдіріп жатады. Мейрамбек үшін адамдардың ақеден алғысынан, риясыз көңілінен артық  ештеңе жоқ. Ол содан қанаттанып, ертең атқаратын ісін содан реттейді. 
Иә, оны өмір көп нәрсеге үйретті. «Гүлсая» фотосалонының халыққа қызмет көрсете бастағанына төрт-бес жылдың жүзі болыпты. Оның  жетекшісі Мейрамбек Омартегінің арманы асқақ. Уақыт өткен  сайын қанатын кеңге жайып бара жатқан кенттің адам көп шоғырланған аумағынан тағы бір мекенжай ашып, оған жұмыс істеуге мүмкіндігі шектеулі жандарды тартса, еңбекақысы да, халыққа көрсететін қызметі де, оның төлемақысы да көп көңілінен шықса дейді. Онда көрсетілетін қызмет түрін жетілдіруді де қалайды. Қалай дегенде де өз бақытын адал еңбектен тапқан, айналасындағы жандарға жан жылуын таратып, өзгелерге қуаныш сыйлай білген Мейрамбектің алар  асуы әлі алда. Қыр астында тұрған қырық жасқа енді қадам басқан жігерлі жігіт өз болашағының жарқын болатынына сенеді. 
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз