КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ – ДАМУ КІЛТІ

76

0

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 23-24 қараша күндері барлық аудан әкім­дерінің кәсіпкерлік саласында жетекшілік ететін орын­басарларының, қалалық және аудандық кәсіпкерлік бөлім басшыларының, ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен ке­лелі жиын өтті. Облыстық Кәсіпкерлер палатасы мен “Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының” жұмысын кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған шарада салаға қатысты бірқатар мәселе көтерілді.
Жалпы, облыстағы толық форматтағы Кәсіпкерлер үйін­де бизнесті қолдауға арналған барлық институттар, Мемлекеттікжеке меншік әріптестік өңірлік орталығы, Жобаларға сараптама жасау орталығы, “Қызылорда” Өңірлік инвестициялық орталығы” микро­қаржылық ұйымы, прокурор кабинеті орналасқан. Бір сөзбен айтқанда, ол – бизнес өкілдеріне арналған тиімді мүмкіндік алаңы. Бұл жерде кәсіпкерге өзінің бизнес идеясы мен бастамасын жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған, яғни мұнда келген кез келген тұрғын кеңес алудан бастап, кәсібін тіркеу, бизнес-жоспар әзірлеу, біліктілігін көтеріп, жобасын қаржыландыру секілді мемлекеттік қолдаудың барлық түрлеріне бір жерден қол жеткізе алады. Сондай-ақ, биылдан бастап электрмен, сумен, газбен жабдықтауға қосу және қажетті техникалық шарттарды алу рәсімдерін жеңілдету үшін “Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы” өз қызметін бастады. Орталық директоры Қамар Бекетованың айтуынша, бұл жерден 10 айдың ішінде қала, аудандағы 6083 азамат 12 354 кеңес алған. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясындағы 8 сервистік қызметті алушылар қатары артқан. “Бизнес-мектеп” компонентінің “Бизнес-кеңесші” жобасы да зор сұранысқа ие.
– 10 айда 1460 адам білік­тілігін көтерді. “Бизнес-Өсім” құрылымы да өңірде танымал. Республика бойынша жүзеге асырылып жатқан “Бастау Бизнес” жобасы қызылордалықтар арасында жоғары сұраныста. Биыл 937 азаматты оқытуды жоспарлаған болатынбыз. Бү­гінде 937 азаматтың барлығы оқып, бизнес жоспарларын қорғады. Нәтижесінде қаржы ұйымдары арқылы жалпы құны 585,7 млн теңгені құрайтын 173 жоба қаржыландырылып отыр, – деді Қ.Бекетова.
Шарада мамандар биз­несті дамыту үшін жасалған мүмкіндіктерді ауыл кәсіп­керлеріне кеңірек түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін қозғады. Бүгінгі таңда өз ісін бастағысы келетін жастардың жеке бизнес ашуына да қолдау толастамайтынын, оларға қойылатын талап пен бірқатар жеңілдіктерді де тарқатып айтты.
М.СНАДИНҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз