КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ – МАҚСАТЫМЫЗ

69

0

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі – кәсіпкерлікті қорғау және қолдау десек, бұл мәселе қаржы полициясының негізгі қызметінің бірі ретінде белгіленген.
Биылғы 27 ақпандағы кіші және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге тыйым салуды жариялау туралы Президент Жарлығы қаржы полициясы органдарын қылмыстық процесс орбитасына адал кәсіпкерлерді тартуға тыйым салуға бағыттайды. Осы ретте облыс бойынша қаржы полициясы департаментінің қызметі сыбайлас жемқорлық пен «көлеңкелі» экономикаға қарсы тұру, азаматтар мен кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, сонымен қатар алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруда Елбасының қойған мақсаттары және  Қаржы полициясы агенттігі төрағасының нұсқауларын жүзеге асыруға бағытталған.
2012 жылдың наурыз айынан агенттік төрағасының бұйрығына сәйкес қаржы полициясы органдарында кәсіпкерлердің қызметін бөгелту және домалақ арыздар бойынша тексеру жүргізуге тыйым салынса, домалақ арыздар бойынша тексерістер жүргізу мүлдем тоқтатылды. Кәсіпкерлерді қорғау және қолдау мақсатында қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі өндіріс жетілдірілді. Қазіргі таңда тек қана  криминогендік деректер туралы хабарлаған өтініштер ғана қабылданады. Біз қаржы полициясының кәсіпкерлер арасындағы азаматтық-құқықтық дауларына араласу тәжірибесін тоқтаттық.
Агенттікте алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибе негізінде талдау жолымен заңсыз схемалардың уақытылы алдын алу мен жолын кесуді жүзеге асыратын ахуалдық орталық, ал аймақтық бөлімшелерде ақпараттық-талдау орталықтары құрылды. Ақпараттық-талдау нәтижесінде бүгінде бірде-бір тексеру шарасы алдын ала талдаусыз тағайындалмайды. Алдын ала талдау нақты күдік туғызатын тендер немесе қаржылық операцияны мемлекеттік орган немесе кәсіпкерлік субъектісінің барлық қызметін әлсіретпей анықтауға мүмкіндік береді. Облыста өткізіліп жатқан мемлекеттік сатып алу жоспарларына күн сайынғы режимде мониторинг жасалынады. Біздің қызметкерлер бюджетке салынған сатып алу бағаларын нарықтық бағалармен салыстырып қарайды. Бағаның артуы болған жағдайда, тез арада мемлекеттік органға  конкурсты болдырмау немесе сатып алынатын тауарлар, жұмыс немесе қызмет бағасын төмендету туралы ұсыныстар енгізіледі. Осылайша, біздің талдаушылар жыл басынан бері 21,2  миллион теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудан сақтап қалды.
«Мемлекеттік бақылау мен қадағалау» Заңына сәйкес  қаржы полициясына бизнес пен мемлекеттік органдар субъектілерінің қаржы-шаруашылық қызметін жеке тексеру уәкілеті берілмеген. Сондықтан қозғалған қылмыстық істер шеңберінде ғана біздің қызметкерлердің қатысуынсыз салық комитетінің, қаржылық бақылау және басқа органдардың мамандарымен өткізуге тапсыра аламыз. Солардың түйіндемесі негізінде жазықтылардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуы туралы шешім қабылданады.
Облыс бойынша қаржы полициясы департаменті кіші және орта бизнес субъектілерінің қызметіне заңсыз қол сұғудан қорғау, олардың заңды қызметіне кедергі келтіру деректерін жою бойынша  ұдайы іс-шаралар кешенін қабылдауда. Соның нәтижесінде былтыр бизнес істеріне заңсыз қолсұғушылықтың 19 дерегін анықтап, 18 лауазымды тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тарттық. Мысалы, Қазалы ауданы бойынша салық басқармасының бастығы П.Яқия мен орынбасары А.Сатбаев және бас маман К.Аймағанбет 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасының түрлі мерзімдеріне сотталды. Олар адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жеке кәсіпкерлерден оң шешім қабылдау, дәлірек айтқанда, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпауы және айыппұл салмау үшін бірнеше рет 20 мыңнан 50 мың теңгеге дейін пара алып отырған.
2014 жылдың 3 айында қолсұғушылықтың 5 фактісі анықталды. Бұл бизнес-қауымдастық өкілдерімен әріптестік орнатуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда кәсіпкерлер біздің тең құқылы серіктестеріміз. Олар бізге қауіп-қатері көп салаларды анықтауға және сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканың пайда болу себептерін жоюға жәрдемдеседі. Бұл істе біз жерлестеріміздің белсенді азаматтық ұстанымына үміт артамыз. Белгілі болған сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы республикамыздың барлық аумақтарында жұмыс істейтін қаржы полициясы органдарының «144» сенім телефонына  хабарлай алатындығын еске саламыз. Сондай-ақ, аптаның әр сәрсенбісінде  кәсіпкерлерді қабылдау өткізіледі. 
Бизнес мүддесін қорғауда тұрған кәсіпкерлер қауымдастықтары және қоғамдық ұйымдармен меморандумдарға қол қойылды. Айталық, 20 ақпанда департамент пен аймақтық кәсіпкерлер палатасы арасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Бұл өзара іс-қимыл бірлескен шараларды іске асыруды, бизнестің дамуына кедергі болатын жүйелі мәселелер мен кедергілерді анықтауды, кәсіпкерлік субъектілердің қызметін заңсыз тексерулерге жол бермеуді көздейді.
Департамент жанында құрамында кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері бар сыбайлас жемқорлық және «көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес құрылған. Ол мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіруі мүмкін факторларын зерттеп, осыны болдырмау және жою шараларын дер кезінде қолдануды жүзеге асырады. Сонымен бірге кәсіпкерлік субъектілерін лауазымды және мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз араласудан қорғап, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге тараптардың бірлесіп қатысуын, баспасөз конференцияларын, «дөңгелек үстелдер» өткізуін ұйымдастырады. 
Мақсат ҚОЖАБАЕВ,
облыс бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, қаржы полициясының полковнигі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз