КӘСІПТІК БІЛІМ КӨШБАСШЫСЫ

245

0

КӘСІПТІК БІЛІМ КӨШБАСШЫСЫ

Мен өзімнің ұзақ жылғы әріптесім Бақдәулет Дүрманов
жайында әңгімелемекшімін. Ол 1982 жылы Қызылорда политехникумына түсіп, оны
«техник-электрик» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Содан Қызылорда қаласындағы
№ 9 кәсіптік лицейде өндірістік оқыту шебері бола жүріп, Батыс Қазақстан
мемлекеттік университетін абыроймен бітірген.

Ал 2005 жылдан бастап № 6 кәсіптік лицейде аға шебер
және 2009 жылдан әдіскер, директордың орынбасары болып қызмет атқарады. Ол
еңбек жолын бастаған жылдан бері кәсіптік салада, көптеген маман кадрлар
даярланды. Ұжым арасында беделді, еңбек жолын жаңадан бастаған жас маман
ұстаздарға өзінің іс-тәжірибесін үйретуден еш жалықпайды. Жауапкершілігі мол,
мінезі ашық, әріптестерімен тез тіл табыса алады. Ол бірнеше мәрте
республикалық және облыстық конференциялар мен семинарларға, кәсіби-шеберлік
байқаулар мен педагогикалық оқылымдарға қа­тысқан. Бақдәулеттің қаламынан шыққан
ой-тұжырымдары мен ғылыми еңбектері конференция жинақтарына еніп, республика
және халықаралық деңгейде таратылды.

Бақдәулет Дүрманов жас мамандарды үйретіп, тәрбиелеудегі
жетістіктері үшін «Еңбектегі үздік жетістігі»,
«Алтын қолды шебер» белгілерімен марапатталды. Ол бірнеше рет «Облыстық
таңдаулы өндіріс шебері» байқауының жеңімпазы. Сонымен қатар облыстық білім
басқармасының, облыстық білім департаментінің және ҚР Білім және ғылым
министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған.

Б.Дүрманов колледждегі шығармашылық жұмыспен жүйелі
түрде белсене айналысады. Ол мамандықтарға байланысты қазақ тілінде бірнеше
оқулық жазып орыс тіліндегі оқулықтарды жинақтап, қазақ тіліне аударды. 2009
жылы алғашқы «Электромонтер» оқулығы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан
басылып шықты, ал 2010-2012 жылдары «Тігінші, Пішуші, Модельер», «Аспаз», «Ағаш
шебері – құрылысшы», «Жылу техникасын жөндеу және пайдалану» оқулықтары осы баспадан басылып шығып, республиканың
барлық кәсіптік және техникалық салалары мен оқу орындарында кеңінен қолданылуда.

Оның ғылыми ізденістері мен еңбектері облыстық,
республикалық ақпараттарда
жарияланып тұрады. Ол 2012 жылы
ұзақ жылдар бойы еңбегінің нәтижесінде
«Қызылорда облысының білім ісінің үздігі» атағымен марапатталды.

Өткен жылы Астана қаласында ҚР Білім және ғылым
министрінің қолынан «Жылдың үздік педагогы» атағын және мемлекеттік грантын
алды. Ал биыл Шиелі ауданында өткен
«Кәсіптік білім және бизнес» атты V облыстық форумында ол «Үздік
оқу-әдістемелік жұмыс – 2014» облыстық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алып,
дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Бақдәулет Дүрманов кәсіптік салада жеткіншектерді оқыту
мен тәрбиелеуде келешекте бұдан да жоғары жетістіктерге жетеді деп сенеміз.

 

Бибігүл
БӘЙІМБЕТОВА,

өндірістік
оқыту шебері.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз