КІТАПХАНА СУЫҚ, КЛУБ ТА ҚҰЛЫП

66

0

Жаңа жыл қарсаңында бірқатар елді мекенді аралап шықтық. Бірсыпыра ұжымдар қалыпты ырғағынан жаңылмапты. Ұйымдастыра білгендер мерекені атап өтіп те, еңбек заңдылығын сақтап та үлгеруде. «Бәрекелді» дестік. 
Ойдым-ойдым мұз қатқан автокөлік жолы көңілге үрей туындатады. Баяу жүріспен Басықараға зорға жеттік. Олай болмағанда ше? Сәл қиыс бассаң көктайғақтан төңкеріліп түсуің қиын емес. Тіпті кент көшелерінің де шекесі шылқып тұрғаны шамалы. Жүргізуші, жүргіншілермен пікірлессеңіз, құлағыңыз сарсиды. Баршасы көлік қозғалысының қиындығын айтады. Олардың жанайқайын түсінуге тырыстық. 
Басықарадағы ауыл клубына бас сұқтық. Есігі тарс жабық. Көңіліміз су сепкендей басылды. Қабырғалас бөлмедегі бу қазандығына кіріп мән-жайды сұрастырдық. Клуб меңгерушісі қалаға кетіпті, музыкалық сүйемелдеуші жұмысқа әлі келмепті. От жағушы жігіт клубтың салқын болатынын бүгіп қалмады. «Қыс жаңа басталды. Алда талай боран күтіп тұр. Сондағы жағдай қалай болар екенді» тұспалдап үлгердік. Клубқа таяу жерге ауыл балабақшасы орналасқан екен. Табалдырығынан аттағаннан жылы леп бетке ұрды. Бәрі ойдағыдай. Балғын бүлдіршіндер жеңіл киіммен шапқылап жүр. Меңгерушіден отын жеткілікті екенін білдік. 
Құмжиекте ауылдық округ әкімдігі, кітапхана, клуб бір жерге шоғырланыпты. Мұнда да клуб қызметкерлерін, кітапханашыны жүздестірмедік. Еден сыпырушы қарындасымыз қанша от жағылғанымен қарапайым пешпен клубты жылыту оңайға соқпайтынын, екінші қабаттағы бос бөлмелердің жылуды зая жіберетінін жасырмады. Оған қоса, жоғарғы қабаттағы бірнеше терезенің әйнегін сынып қалған. Расында да, көрермендер залы азынап тұр. Сынған терезе көздері жағымсыз әсер қалдырады. Әрі жылу жайына да кері әсер етері анық. Көңіліміздің түкпірінде «сынған терезені бүтіндеу соншалықты қиын ба?» деген қынжылыс туындады. Салғырттық демеске шара жоқ. Зая кеткен еңбек, қыруар қаржыға келген отынға ішіміз удай ашыды. Ғимараттың арқа беткейі мүлде көріксіз. Үңірейген есіктердің орны, жемірілген қабырға жаныңды құлазытады. 
Ақтан батыр ауылдық округінің әкімі Серікбай Қанатовты кеңседе жолықтырдық. Ауылда жұмыс қызып жатыр. Өткен түні аудандық мәслихат депутаты, «Сыр Маржаны» ЖШС директоры Мнажадин Өтеевтің демеушілігімен әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың перзенттеріне сыйлық таратылыпты. Шара жалғасып жатыр. Әкімнің кабинетінде ардагерлер кеңесінің төрағасы, мектеп директоры өзге де ел ағалары бар екен. Аймақтық уәкіл, полиция аға лейтенанты Амангелді Ахметов те осында жүр. Оның айтуынша, ауылда ешқандай тәртіп бұзылмапты. Ауыл әкімімен бірге клубқа аялдадық. Мұнда да қара құлып тұр. Пошта байланысы бөлімі де жабық. Ауыл кітапханасынан да ешкімді кездестірмедік. Бәлкім мұның себебі де бар шығар. Алайда, бәрі өз қалпында болғанға не жетсін?
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз