КӨЗҚАРАС ӨЗГЕРУІ ТИІС

88

0

«Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұр­мыстық
қызмет көрсету, тағам өнер­­кәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіп­орын­дарында жұмыс
істей алады. Мен бар­лық кәсіпкерлерге
оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді”.
Бұл – Елбасының «Қазақстан жолы-2050:
Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауында айтылған. Осы жолдарды оқи отырып, мен өзім еңбек
ететін облыстық балаларды оңалту
орталығында қазір емделіп жатқан
балалардың жарқын болашағын елес­теткендей
боламын. Өткенге көз жібере қарасақ,
оңалту орталығының жұмыс істеген
он жылға таяу уақыты ішінде көптеген балалар емделген екен. Олардың он
үшінің денсаулығы түзетіліп, жалпы білім
беру ұйымдарына жіберіліпті. Жалпы есеппен қарағанда бұл сан тым төмен секілді,
алайда, оған жұмсалған ерік-жігер, төзім мен сенім тұрғысынан келсек, бұл аз
жетістік емес. Қараңыз, бізде табиғи
жетілмеген, ағзасында ақауы бар балалар емделеді. Олардың ата-аналары барар
жер, басар тауы қалмағандықтан ғана бізге келіп тұрақтайды. Ертеңге деген нық
сенімі жоқ, тек болмашы үміт жетегіндегі олардың үмітін жандандыру оңалту
орталығы ұжымының басты міндеті саналады.

Қазіргі
таңда орталықта 50 бала
тәрбиеленуде. Біз оларды белсенді өмірге
тартамыз, олардың ертеңгі күнге, болашаққа
деген сенімін арттыруға күш саламыз. Олар тек жәрдемақы алып қана
қоймайды, сонымен бірге өздерін қоғамның
бір мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде
сезінетіндей жасауға ұмтыламыз.

Орталықта соңғы технологиямен жабдықталған
логопедиялық тренажер Дельфа-142 компьютері, құрғақ шарикті бассейн,
швед қабырғасы, ойын лабиринті,
сенсорлық жол және мамандар бөлмесі қарастырылған Ойын бөлмесі мен мамандар бөлмесінің балаларға
коррекциялық білім беруде жаңа ақпараттық және инновациялық
технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Өткен жылы орталыққа сенсорлық тәжірибелер аймағы
бөлмесі, Мульти Кид алынса, биыл
әлеуметтік тұрмысқа бағдарлау аймағы кабинетімен толықтырылды. Оның ішінде
арт-терапия бағыты бойынша құм
терапиясы қолданылуда. Сонымен қатар орталық мамандары мен тәрбиешілері арнайы
сабақтарда бейне-роликтер көрсету мен компьютер сабақтарын енгізуі
нәтижесінде балалар компьютер ойындарын
меңгерген. Олар кеңістікті бағдарлау, түстерді ажырату,
геометриялық пішін, көлемді ажыратып-салыстыруға дағдыланған.

Менің
осы оңалту орталығында жұмыс істегеніме де біршама уақыт болды. Осы
уақыт аралығында тағдыр тауқыметін
тартқан талай жандармен жүздесуге тура келді. Баласының аяғынан тік тұрып,
ақыл-есінің оңалып, өз тұстастарымен теңескенін көрген ата-ананың қуаныштан
шыққан көз жасына куәгер де болдым. Өзім де мұндағы емделушілерді өз баламдай
сезініп, оңалып кетуіне мүмкіндік жасауға ұмтылып тұрамын. Мәселен, аймақтық
мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен мүмкіндігі шектеулі балалардың
облыстық ІV фестивалінде үздік өнер көрсеткені үшін бас жүлдені иеленген өзім
жетекшілік ететін топ тәрбиеленушісі Аида Алғабастың жеңісіне шын жүректен
қуандым, оған табыс тіледім.

Қысқасы, оңалту орталығының бүгінгі тәрбиеленушісі ертеңгі қоғамның
құрушысы, әртүрлі мамандық иесі. Яғни, біз бүгін олардың бойында ертеңге деген
сенімін ұштап, өздерін бір мамандыққа
икемдей білсек, оның еңсесі биік, жүзі жарқын болары хақ. Сондықтан да
мүмкіндігі шектеулі жандарға деген аяушылық көзқарасты өзгертіп, оларды қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуіміз
қажет. Сонда барып олардың өздеріне деген сенімі артады.

Шырын СӘДУОВА,

облыстық балаларды оңалту орталығының
ІІ санатты тәрбиешісі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз