ҰЛАҒАТТЫҢ ИЕСІ

37

0

«Алты алаштың баласы бас қосқанда, төр –  ұстаздікі».
М. Жұмабаев.
 Әр адам дүние есігін  шыр етіп ашқан күннен бастап дүниені танып-білуге, үйренуге  талпынады. Сол талпынған кішкентай шақалақтан  есейе келе, әлемді аузына қаратқан дана да, данышпан да шығады. Ақыл  толыстырып, білімін шыңдау сапарында  ол бір адамға ерекше қарыздар екенін сезінеді.  Ол, әрине,  ұстаз!
Алғаш «Әліппенің» бетін ашып, әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, болып жатқан сан қилы құбылыстарды түсінуге себепкер болып, жан дүниеңе күн нұрындай шуақ түсіріп, сені биіктерге жетелеп, болашаққа жол көрсететін ол ұстаз. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін  шәкірттеріне беріп, тер төгеді.  Жан  жылуын, бар білімін баланың  бойына  сіңіріп, әр оқушысының үлкен өмірге аттануына зор үлес қосатын мейірбан жүректі ұстаздарымыз аз емес. Солардың  бірі, мақаламыздың  басты кейіпкері  ұлағатты  ұстаз, ардақты  ана – Күләнда  Мұстафақызы  Құлтанова. Ұстаздар  көшінің  шоқтығын биік етіп тұрған тұғырлы тұлғаның бірі абзал ана Күләнда апай қандай құрметке де лайық жан.  Көргені көп, өмірден түйгені мол осындай ұлағатты ұстазды өскелең ұрпаққа  өнеге ету  біздің  парызымыз.  Еңбек жолын тәрбиешілік қызметтен бастап, өзінің бойындағы бар аналық мейірімін, білімін, тәжірибесін алдындағы шәкірттеріне беріп, олардың  рухани дүниесін байытып, әр жүрекке нұр құя білген ұлағатты ұстаз  Күләнда  Мұстафақызы  №197 қазақ  орта  мектебінде шәкірттер тәрбиелеп, өскелең ұрпақты білім нәрімен  сусындатуда. Апайдың әр сабағынан  шығармашылықты, жоғары педагогикалық білік пен ізденімпаздықты көре аласың. Ұлағатты ұстаз ешқашан шаршауды білмей, өзінің әдістемелік шеберлігін шыңдап,  әріптестерімен сындарлы бәсекеде биік шыңдардан көрініп  отырады. 
Ұстаз  еңбегінің  таразысы  ол оқушыларының алған білімі. Күләнда апайдан  дәріс алған  оқушылар облыстық, қалалық  білім додаларында  биіктен  көріне  білді. Өткен жылы өткізілген кезекті «Абай  оқулары»  жыр додасында  шәкірті  Назерке Сабырбаева ұстаз үмітін ақтап, жеңімпаз атанды. Осындай шәкірттерінің  жетістіктері  ұстаз еңбегінің еш кетпегенін  көрсетеді. Биік белестер мен асуларды бағындыра білгені ізгілікті істері елеусіз қалмай, облыстық, қалалық білім бөлімдерінің алғыс хаттарымен, «Құрмет» грамоталарымен, кәсіподақ  комитетінің  құрмет грамотасымен  марапатталды. Қырық  жылға  жуық бала тәрбиесіне  талмай  еңбек  етуінің  нәтижесінде  2012  жылы қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Саналы ғұмырын білім саласына арнап, жас ұрпақтың санасына ідім сәулесін ұялатып, бала жанының бағбаны бола білген ұлағатты ұстаз бүгінде  зейнет жасына толып отыр. «Бейнет түбі – зейнет»  демекші  осы айтулы мерейтойымен  құттықтай  отырып,  бойына күш-қуат, отбасына бақ пен береке тілейміз. Мектеп деген кемеге  желкенін көтеріп, мәңгілік тұрағын тек «білім», «оқушы»  деп аталатын  жағалауға  тіреген, өз ісіне жан-тәнімен беріліп, жылдардың жылжып өте шыққанын  сезбей қалған бала көңіл, аяулы жанның  ғибраты  мол сәулелі  ғұмыры – ұрпағына  үлгі.
Сіздің  өмірлік тәжірибеңіз  бен ақыл-кеңесіңіз, тәлім-тағылымыңыз – шәкірттеріңіз  бен әріптестеріңіз  үшін  баға жетпес  байлық. Жақсы ұстаздың жан азығы – оқушыларының жүрегінен жылы орын алу. Күләнда апай сіз өзіңіздің адамгершілігіңіз, білім-біліктілігіңіз, мейірімділігіңіз сынды асыл қасиеттеріңізбен шәкірттер мен әріптес-достарыңыздың жүрегінен орын алған тұлғасыз. Ендігі жерде  төккен тер мен адал еңбектің рахатын көріп, немере-шөбере қызықшылығына кенеліп, ұрпақтарыңызбен мың жасай беріңіз деген игі тілек  айтамыз.
  
Қалдаш  ДАУЫЛБАЕВА,  
 №197 қазақ орта мектебінің  
қазақ тілі мен әдебиеті  
пәнінің мұғалімі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз