ҰЛАҒАТТЫ СҰХБАТ РУХЫ

73

0

Жақында Елбасымыз Нұр­сұл­тан
Әбішұлы Назарбаев қазақ­тың кең даласындағы қасиетті орын­дардың бірі Ұлытау
өңірінде, Әулие­бұлақтың басында «Хабар» агент­тігінің тілшісіне сұхбат берді.
Кере­мет табиғат аясындағы сұхбат бары­сында Елбасымыздың көңіл түкпіріндегі
ойларымен ағынан жарыла халқымен бөліскендігінің куәсі болдық. Қазақ халқының
армандаған асқақ биігі тәуелсіздігіміздің оңай келмегендігін, тәуелсіздік
жолында бабаларымыздың қаншалықты қиыншылықтарға қарамастан, әлеу­мет­тік-рухани
болмыстық сипатын сақтап қалғандығын өскелең ұрпақтың жадында сақтау керек
екендігін айрықша атап өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің ұлағатты сұхбатында
«Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан
кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп хан­дық
дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке келіп тіреледі», – деп толғанып,
тарих қойнауынан сыр шертіп, қымбат құндылығымыз – тәуелсіздігіміздің алатын
орнын айшықтай түсті.

Әлем кеңістігіндегі өмір
сүріп жатқан ұлттардың өздеріне тән ру­ха­ни және әлеуметтік әлемі бо­ла­тындығы
белгілі. Әлемдік қауым­дастықтың мүшесі ретіндегі қазақ халқының да өзіне тән
рухани әлемі, яғни тілі, діні, ді­лі,
салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Біз
ата-бабаларымыздың тұр­мыс тіршілігіне, олардың руха­ни өміріне, дүниеге деген
көз­қарасына құрметпен қараймыз. Ал, өзіміздің үлесімізге тиген рухани
мұраларымызды ақыл-парасат елегінен өткізіп, қазақ халқының, ұлтымыздың
күш-жігерін біріктіріп бір арнаға бағыттай алсақ, қазіргі заманғы өркениеттік
дамудың биік шыңына көтеріле аламыз.

Біз көп ұлтты, діни – конфессиялы елміз. Сондықтан
біздің қоғамымыздағы саяси тұрақтылықты қалыптастыру және дамытып отыру өзекті
мәселелердің бірі. Біз елімізге сырттан шабуыл жасалмасын, қыс­пақ келмесін деп
тілейміз. Бізді қазіргі кезде Украинаның оңтүстік-шығысында болып жатқан
оқиғалар алаңдатады. Саяси тұрақтылықтың қалыптаспауы осындай қайғылы
жағдайларға әкеліп соқтырды. Бетін аулақ қылсын, ондай жағдай бола қалса жанын
пида ететін, ерен ерлікке баратын сол елдің негізі – ұлты болатындығын естен
шығармағанымыз жөн.

Қазақстан – қазақтардың ата-ба­ба­ларының жері. Осы
жерде оның мен­талитеті қалыптасқан, суын ішіп, ауасын жұтқан. Бұл жерден алыс
кетсе, оны аңсап, сағынып, сар­ғаятын да солар. Ол сезім барлық ха­лықтарда да
бар. Ол сезім адамды еріксіз билейді. Өйткені, ол оның Ота­ны. Қазақта «Отанды
сүю – отба­сынан басталады” деген қадірлі сөз бар. Өз Отанын сүйетін, сыйлай­тын,
қорғай білетін патриоттарды тәрбиелеу күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Біз өзіміздің бай тарихымызға қысқаша шолу жасасақ,
Отан үшін жанын пида еткен қарапайым жандарды көптеп кездестіруге болады.
Мысалы, Парсы патшасы Дарий Сыр бойын жауламақ болып, қарулы көп қосынмен келе
жатқанда, олардың бетін елден басқа жаққа аудармаққа ниет етіп, соны сендірмек
үшін өзінің құлағын, мұрнын кестіріп,
оның алдынан шыққан бай-манап емес, қатардағы жай жылқышы Сирак (Шырақ) емес пе
еді? Ол осылайша Отаны үшін жанын пида етті.

Қандай идея халықтың санасын билейді? Егер ол идея
халықтың ойынан шықса ғана халықтың санасын билейді. «Халықтың басына келген
ой, данышпанның тілінің ұшында», – деген осы. Егер кемеңгер адам сол халықтың
ойын дәл басып айтса, оның айтқандары ұлы күшке айналады және жерде қалмайды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы бір ауыздан бүкіл
елден қолдау тапты. Бұл идея баршамыздың көңіліміздің түкпіріндегі
ой-арманымыздың реал­дық шындығы. Елбасымыздың сөзімен айтсақ, «Ол сара жол,
мәңгілік елдің жолы».

Жалынды сөзадам ішіне руха­­ни шоқ салады, адами дүниені қор­ғай­ды, өзгертеді.
Міне, идеяның күші оның тек өзінде емес, адам санасы­на еніп, оны терең
қозғалысқа кел­тіруінде жатыр. Сондықтан біз Ұлы­тау басындағы ұлағатты сұх­бат­ты
дұрыс ұғынуымыз керек. Себебі, ха­лықтың санасын билеп, оның рухын
жігерлендіретін идея – ол жай пікір емес, ол терең толқу тудыратын ой. Осы
орайда егемен еліміздің бола­шағы үшін адал еңбек етіп, қыз­мет жасау – әр
азаматтың ұлт ал­дын­дағы парызы деп түсінгеніміз жөн.

Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,

«Өрлеу» біліктілікті арттыру
ұлттық орталығы» АҚ филиалы облыс
бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра
меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз