ҰЛАҒАТТЫЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАНДАР

54

0

Әдетте ұстаздарды ұлы тұлғаға теңеп жатамыз. Бұл дұрыс та. Алайда, кейде осынау қарапайым да мәртебелі мамандық иелеріне пендешілікпен үстірт қарайтынымыз да рас. Бір мұғалім досымның «Біздер педагогтар қауымы өте қызық жандармыз. Тәуліктің басым бөлігін шәкірттеріміздің амандығын тілеумен өткіземіз. Бетін аулақ қылсын. Жазатайым оқушыларымыз қателікке бой ұрса, мейлі мектептен тыс уақытта болсын, өзімізді кінәлі санаймыз. Осылай жүріп мезгілдің қалай өткенін сезбей де қаламыз» деген-ді. Ақиқатына жүгінсек, ұстаздардың арқалар жүгі ересен. «Ана – тіршіліктің, ұстаз рухани қалыптасудың бастауы» деп айтылуы сонан да шығар. Ендеше, бүгінгі әңгімеміздің желісі ұстаздар жетістігін насихаттауға бағышталады.
Айгүл Сермаханова Аралдағы №262 мектеп-гимназияның ұлағатты ұстаздарының бірі. Бөген елді мекенінде дүниеге келген ол ана тіліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Теңіз төскейінде оның ішінде Шүкіров сынды қайсар ұлды жаратқан топырақта өлең-жырға, шығармашылыққа бейім болмау әсте мүмкін емес. Айгүл Смағұлқызының шәкірт тәрбиелеуде толағай табысқа кенелуінің кілті осында. Оған қоса бай тәжірибесін, жиған білімін шәкірттеріне үйретумен шектелмей өзі де ізденуден жалықпайды. Ізденген жетер мұратқа. Болдым-толдым деу тоқырауға соқтырарын жадына берік сақтайтын парасатты ұстаздың аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда танымдық мақалалары, ғылыми-әдістемелік, тәжірибелік конференция материалдары, баяндамалары тұрақты түрде жарияланып тұрады. Айгүлдің республикалық «Білім кілті» газетінде жарық көрген «З. Шүкіров өлеңдерінің ерекшеліктері» атты еңбегіне оқырмандар асқан қызығушылық танытты. 
Оқушының жан-дүниесін баулау – ұстаздың кәсіби шеберлігінің шыңы. Сандаған шәкірттерінің пәндік олимпиадаларда топ жаруы Айгүлдің білім, таным деңгейінің жоғары екендігінің нышаны. Бір кездері Мұхтар Әуезовтің мерейтойына арналған сайыста жеңімпаз атанған Гүлбану Сембиева, аудандық оқушылар айтысында бас жүлдені еншілеген Ержеңіс Әбдиев, «Абай оқуларында» топ жарған Айжан Қыдырбаева өзге де дарынды жастар өздерін Айгүл тәрбиелегенін мақтаныш санайды. Қазақтың шұрайлы тілін маржандай мөлдіретіп өскелең ұрпақтың зердесіне тоқып жүрген жоғары санатты ұстаз, «Жыл мұғалімі» сайысының жеңімпазы, облыстық байқаудың «Өнерлі мұғалім» бағамының, педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты тәжірибе алаңының «Ең шығармашыл ұстаз» медалінің иегері Айгүл Сермаханованың алар асуы алда екені күмәнсіз. 
Шәкіртін биікке жетелеген ұстаздың бірі Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанна Кунарованың есімі көпшілікке жақсы мәлім. Оның «ҚР Білім беру ісінің үздігі» атағынан-ақ білікті ұстаз екендігін аңғару қиынға соқпайды. Өзінің ширек ғасырға жуық еңбек жолында Жанна Құспанғалиқызы көптеген белестерді бағындырды. Айтуға ғана оңай. Әрбір жетістікке жету үшін телегей тер төгілді. Қаншама күш-жігер жұмсалды. Бірақ бәрінің өтеуі бар. Әрине, табандылық танытпаса, білімін шыңдаудан тартынса, мұндай жетістік өзінен өзі келмес еді. «Адамға бір пайыз дарын беріледі. Қалған бөлігі ізденумен келеді» дейді ойшылдар. 
Жаннаның атақ-даңқы дос сүйініп көз салатындай десек, әсірелеу емес. Ол – «Жылдың үздік мұғалімі». Бірнеше жыл бұрын нақ осындай конкурста І орынға қоса 200 мың теңгені қанжығасына байлады. Республикалық «Педагогикалық ізденіс» байқауында қарсыластарынан басым түсіп, әдістемелік жинағын шығарды. 
Кейінгі кезеңде ҰБТ қорытындысы ұстаз біліктілігін айқындайтын таразыға айналғаны әмбеге мәлім. Осы жылдар аралығында Тен Александр, Сымбат Кубекова, Ақмарал Жамалатова сынды шәкірттер Жанна дәріс беретін пәннен ең жоғары балл жинады. Сонымен қатар «Алтын белгі» иегері, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен өткен республикалық олимпиаданың турында дара шыққан, «Русский медвежонок» зияткерлік сайысында біліктігін талай дәлелдеген шәкірттері жеткілікті. 2013 жылы Досбол Жолдасов жалпыресейлік «Учебный проект» конкурсының лауреаты атанды.
Ол туралы ұжымдастары «Біздің Жанна өте ұлағатты ұстаз. Аудандық орыс тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің жетекшісі. Педагогикалық мәдениеті, іздену белсенділігі, дербестігі тұрғысынан озық тұрған мұғалім. Оның шығармашылығы республикалық, халықаралық деңгейде таратылып жүр. Жанна шынайы ұстаздың қандай болуы қажеттілігін білдіретін маман» деген лебіздерімен бөліскен болатын. 
Халықтан асқан сыншы жоқ. Ендеше, біз де сол пікірге қосыламыз. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ. 
Арал ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз