ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫ ДАМЫТУ – БІЗДІҢ БАСТЫ ПАРЫЗЫМЫЗ

40

0

Мемлекетіміздің ең басты саяси құжаты болып табылатын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына  арнаған дәстүрлі Жолдауын ел тұрғындары  жыл сайын асыға күтетіні баршамызға аян.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары Отанымыздың саяси және әлеуметтік-экономикалық  дамуының  нақты міндеттері мен ұзақмерзімді  бағыттары анықталған тарихи құжат болып табылады.
Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жаңа Жолдауында Қазақстанның дамыған әлемдегі 30 елдің қатарына енуі бойынша өткен жылғы Жолдауда көрініс тапқан  барлық міндеттер жан-жақты нақтыланған. Мемлекеттік қызмет саласындағы жасалған реформалар нәтижесінде өткен 2013 жылы ауыл округтері әкімдерінің сайлауы өтті. Олардың атқаратын қызметтері мен штат саны артты және құзыреті өзгертілді. 
Бүгінде облысымыздың барлық аудандары мен қаласында және мемлекеттік орталық органдардың жергілікті аумақтық бөлімшелерінде персоналды басқарудың бірыңғай  жүйесіне көшу жұмыстары жүргізіліп, персоналды басқару бөлімдері,  яғни, кадр қызметі құрылды.  Айта кетерлік жайт, жаңа заңнамамен мемлекеттік қызметтер саласында тәлімгерлік институттар, ауысу, іс-тәжірибеден өту, мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс сапасын бағалау және  мансапты жоспарлау мүмкіндіктері қарастырылған. 2015 жылдан бастап «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы – 15 % , 2016 жылғы 1 шілдеден бастап тағы 15 %  көтерілетін болды. Елбасының бұл шешімін мемлекеттік қызметкерлерге жасалып отырған қамқорлықтың шынайы көрінісі деп білеміз.
Сонымен қатар, Елбасы осы Жолдауда Үкіметке азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеуді және 2015 жылғы  1 шілдеден бастап енгізуді тапсырды. Ол қызметкерлердің еңбекақыларын денсаулық сақтау саласында – 28%, білім беру саласында – 29%, әлеуметтік қорғау саласында 40%- ға  дейін,  ал  шәкіртақыны 2016 жылғы қаңтардан бастап 25%-ға  арттыру жоспарланып отыр. 
Маңызды құжатта Мәңгілік Ел атануға қажетті сыртқы, ішкі дамудың барлық сатысы сараланып, 2050 жылға дейінгі еліміздің дамуының басым бағыттары мен  алдағы уақытта  атқаруға тиісті міндеттер айқындалған.
«Мәңгілік Ел» идеясы баршамызды бір мақсат, ортақ мүддеге жұмылдырады. Оның мәнісі тәуелсіз мемлекетімізді, ұлтымызды, тілімізді сақтап қалу болып табылады. Бұл жайлы қазақ халқының рухани-мәдени  құндылықтары үшін өмір қиған  миллиондаған отандастарымыз армандап өткен. Сондықтан, бабаларымыз ертеден аңсаған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын сақтап, әрі қарай дамыту – біздің басты парызымыз.
Ғ.ТҰРСЫНБАЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің  басшысы – Тәртіптік кеңес төрағасы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз