ҰЛТТЫҚ ҮЛГІНІҢ ҰСТЫНЫ

45

0

Бiздiң қоғамда гендерлік теңдік тақырыбы талқыға түскелі бері бірталай
уақыт болды. Пікірлер де әрқилы. Бір топ гендерлік теңдіктің түпкі мақсаты
билік құрылымындағы әйелдер мен ерлерді теңестіру деп түсінеді. Әйелдер мен
ерлер үшін тең мүмкіндіктер қамтамасыз етілсе, бизнестің дамуы, қызмет көрсету
сапасының артуы сияқты экономикалық мәселелер шешімін табады. Адамды жынысына
қарап төмендетпеу, отбасындағы
міндеттер мен құқықтарды тең дәрежеде атқаруға жағдай жасау осы саясаттың бас­ты
ұстанымдарына жатады. Енді бір топ «гендер деген әйелдерді ерлермен таластырып
қойды” деген пікірде.

Мұндай пікір қайшылықтарының өрістеуіне не себеп? Гендерлік саясат
мәселелерін бұқаралық ақпарат құралдарында қалай насихаттап жүрміз? Астанада
өткен «Масс-медиа кәсіби бірлестігіндегі гендерлік сезімталдық үлгісі”
тақырыбында өткен семинар-тренингте осы мәселелер кеңінен талқыланды. Семинарды Қазақстан Республикасы Президенті
жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық
комиссия, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару
академиясы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы даму бағдарламасы
ұйымдастырды. Семинар-тренингті Скандинавия академиялық мобильдік институтының
директоры, Балтық тренинг орталығының директоры, Санкт-Петербург мемлекеттік
психология инс­титутының әлеуметтік қызмет және әлеуметтік ғылым кафедрасының
доценті Элина Ванхемпинг жүргізді. Оған республиканың барлық облыстарынан
30-дан астам бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері шақыры­лыпты.

Біздің санамызға сіңген, жадымызда жатталған тәрбиеміз бойынша әйел ең
алдымен отбасының ұйтқысы. Қалғаны екінші, үшінші қатардан орын алады.
Ванхемпинг ханым гендерлік саясаттың қазақстандық моделін қалыптастыруда осы
ғасырлар бойы қалыптасқан ұғымдарға сүйену керектігін атап өтті.

– Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің арасында Қазақстан мен Грузия гендерлік
сезімталдықтың ұлттық моделін сақтап қалды. Мәселен, әйелдер ісі, отбасы және
демографиялық саясат жөніндегі комиссия
деген атаудың өзі әйелдің отбасынан, балалардан бөлінбейтін тұтастығын
көрсетеді, –деді ол.

Екі күндік семинарға елдің батысы мен шығысынан, сол­түстігі мен
оңтүстігінен жинал­ған журналистер бір тақырыпты әр аймақтың менталитеті
тұрғысынан да талдады.

– Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарында гендерлік сезім­талдыққа
негізделген, тап­таурын көзқарастардан ада материалдар аз кездеседі.
Нәзікжандылар заманға бейім­делмесе, ескі үрдістерді уақыт сүзгісінен
өткізбесе, өмірден өз орындарын таба алмауы мүмкін, – дейді семинар
ұйымдастырушылары.

Әйелдердің жағымды бейнесінің БАҚ-та насихатталуы кемшін емес. Бірақ
гендерлік теңдіктің ұлттық үлгісін қалыптастыруда журналист қауымына ауыр жүк
артылып отыр. Семинар барысында отбасы мен мансап жолында әйелдердің алдынан
кездесетін қиындықтарды шешу үшін әр топ өз әдістерін ұсынды. Гендер туралы айтқанда
гендерлік идентификация және гендерлік стереотиптерден айналып өте алмаймыз.
Осы екі ұғыммен байланысты дәрістер мен арнайы жаттығулар қатысушылардың
түсінігін кеңейте түсті.

 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз