МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗДЫ КЕЗЕҢI

118

0

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗДЫ КЕЗЕҢI

Осы аптаның сейсенбісінде мал шаруа­­шылығын дамыту жөнінде ғы­лыми-практикалық
семинар болып өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, еліміздің Ауыл
шаруашылығы ми­нистр­лігінің өкілдері, облыс­тағы селолық тұ­тыну коопе­ративтері
басшылары және есімі елге белгілі ғалымдар қатысты.

Аталмыш шараны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашып, біздің аймақ
өмірінде мал шаруашылығы саласының алатын орны ерекше екеніне тоқталды. Ұзақ
жылдар бойы төрт түлікті түлеткен өңір 90-шы жылдардың басында одан көз жазып
қалды. Мәселен, 1990 жылғы есеппен салыстырғанда қой малы біршама азайған және
төрт түліктің ішінде асыл тұқымды түрлерінің үлес салмағы кеміп кеткен. Қазір
қолдағы малдың 74 пайызға жуығы жеке адамдардың еншісіне тиеді. Осындай ұсақ
шаруашылық санының көп болуы ғылыми жетістіктерді енгізуге қолбайлау болуда.
Сондықтан семинар барысында ғалымдардың ой-пікірлеріне назар аударылып, соның
негізінде нақты іс-шаралар қабылданады.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов бүгінгі таңдағы облыстың
ауыл шаруашылығы саласының ахуалы жайында баяндап берді. Уақытында кеткен
олқылықтарға байланысты қазір мал өсіру ісінде көптеген проблема бар. Солардың
бірі ретінде елдің қолындағы төрт түлік арасында асыл тұқымды түрлерінің аздығы
аңғарылады. 1990 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда уақ малдан өзгесі біршама
артқан.

Келесі кезекте Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы
департаменті басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Ахметов бұл бағытта еліміз
бойынша жасалып жатқан жұмыстар барысын тілге тиек етті. Қазіргі таңда
еліміздегі қолданысқа енгізілген «Агробизнес-2020» бағдарламасы агроөнеркәсіп
саласына тың серпін алып келмек.

Ал «Қазагро» ҰБХ» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Қайрат
Айтуғанов агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру мәселесіне тоқталып өтті. Бүгінгі
күндері елімізде бұл бағытта көптеген жұмыстар қолға алынып келеді. Осының
нәтижесінде елдегі еңбеккерлер өз істерін жүргізуге мүмкіндік алды. Оларды
қаржылай қолдау мақсатында тиісті қамқорлық көрсетіліп келеді. Қызылорда
облысының инвестициялық қоржынында 7 жоба бар. Олардың жалпы құны 6 млрд.
теңгені шамалайды. Бүгінгі күнге дейін 2,9 млрд. теңгені құрайтын 3 жоба
пайдалануға беріліп, соның нәтижесінде 79 жаңа жұмыс орны ашылды.

Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық қаракөл қойын өсірушілер ассоциация­сының
президенті Хисметолла Үкібаев Қызылорда
облысының қаракөл қой шаруашылығының жағдайы және болашағы жөнінде әңгімелеп
берді. Сыр өңірі ертеден қаракөл қой
тұқымын өсіруге маманданған болатын. Соңғы жылдардағы өзгерістерге байланысты
қой саны мүлде азайып, таза қаракөл тұқымы 23287 басты құрайды. Қалған 300 мыңнан астамы ет бағытындағы мал
тұқымдары саналады. Қаракөл елтірісінің сыртқы саудада сұранысы өзгеріп тұрады.

Облыста мал шаруашылығын жүйелі түрде өсіру жергілікті құзырлы
орындармен тығыз байланыста жұмыс
жасайтын мекеме ашу қажет етіледі.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық
университетінің профессоры, ауыл
шаруашылығы ғылымдарының докторы Қазыбай Бозымов Қызылорда облысында асыл
тұқымды ірі қара мал шаруашылығын қалыптастыру және оны дамытудың жолдарына
тоқталды. Бүгінгі таңда ғалымдар ірі қара мал шаруашылығы бойынша
ғылыми-зерттеу жұмыстарын Арал ауданы «Берекет» асыл тұқымды шаруашылығында
жүргізуде. Сыр өңірінде ет бағытында қазақ ақбас тұқымын өсірумен
айналысатын 20-дан астам шаруашылық бар. Негі­зінен етті ірі қара
тұқымдарының генетикалық әлеуеті жоғары.

Республикалық сүт палатасының атқарушы директоры, профессор Көпмағанбет
Елемесов кезінде мал шаруашылығы саласында күрделі проблемалар қалыптасқанын
тілге тиек етіп, қазір бұл бағытта оң істер қолға алына бастағанына тоқталды.
Сол жылдарда қалыптасқан ахуалдар әлі де түйіні шешілмей келе жатқаны жасырын
емес. Бұл тұрғыда нақты есеп жүргізіліп, ғылыми жұмыстарға маңыз берілуі тиіс.
Соның нәтижесінде ет және сүт өндіруді
арттыруға әбден болады.

Семинар жұмысын қорытындылаған облыс әкімі жиын барысында қозғалған
мәселелердің назардан тыс қалмайтынына, бұл бағытта тиісті іс-шаралардың қолға
алынатынына тоқталды. Келешекте аймақтың мал шаруашылығын дамыту мақсатында
жергілікті жерге бейімделген тұқымдарға маңыз береді. Қазіргі таңда облыстың
ауыл шаруашылығы саласын өрістетуге арналған арнайы жол картасы әзірленуде,
семинарда айтылған орайлы ұсыныс-пікірлер соған енгізіледі. Мал тұқымдарын
асылдандыру шаралары екі бағытта жүргізіледі. Өнімділікті арттыру мақсатында
асыл тұқымды мал тұқымдарын сатып алу және қолдан ұрықтандыру мәселелеріне мән
беріледі. Сонымен қатар, мал азығы дақылдары өнімділігін екі есеге дейін арттыру
назардан тыс қалмайды. Осындай оңтайлы істердің нәтижесінде аймақтың мал
шаруашылығы саласында игілікті жұмыстарға мүмкіндік жасалып, мал етін
экспорттау мәселесі жолға қойылмақ. Осы орайда күріш ғылыми-зерттеу
институтының жанынан мал шаруашылығын дамыту бағытында арнайы орталық жұмысын
жүргізетін болады.

 

Әділжан ҮМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз