Мұғалім мәртебесі – ел мерейі

65

0

Тәлім мен тәрбие мәселесі – қоғамымыздың  келешегі. Жас жеткіншектердің рухы мықты, танымы мен тағылымы кең тұлға етіп қалыптастыруда, оларды бәсекеге сай білімді азамат етуде ең негізгі салмақ ұстаздарға артылатыны анық. Осы орайда қазіргі заман ұстазына қойылар міндет пен жауапкершілік жүгінің қаншалықты жоғарылағанын байқауға болады. Біз білім саласы қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында облыстың бас ұстазы Бақытжан Сайлыбаевпен осы төңіректе әңгіме өрбіткен едік. 
– Бақытжан Әбдіхалықұлы, төл мерекелеріңіз құтты болсын! Өзіңіз білесіз, бүгінгі білім беру мазмұны өзгерді. Өйткені бәсекеге қабілетті жас ұрпақты заман талабына сай оқытып, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып тәрбиелеу басты міндет. Аймақтың бас ұстазы ретінде қазіргі заман мұғалімі қандай болу керектігіне сипаттама беріп өтсеңіз..
– Еліміздің еңсесін көтеріп, несібесін еселеп жүргендердің алдыңғы шебінен әрқашан да ұстаздар табылатыны ақиқат.Ұстаз – шәкірт үшін жәй ғана ақпарат жеткізуші тұлға емес, ол оның жүрегіне білімге деген ықылас, адамға деген мейірім мен махабат нұрын себуші, ұлық тұлға. 
Бүгінгі күн – білім берудің мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезеңі. Осыған орай, қазіргі кезде білім беру жүйесінде жасалып жатқан реформа барлық деңгейлердегі білім мазмұнын жаңартуға және өсуден тұрақты даму кезеңіне өтуге бағытталған.  Мектеп ұлт келешегінің зияткерлік пен зиялылық құндылығын қалыптастыратын бастау болып қала бермек. Өйткені білім – ақпараттық қоғамдағы экономиканың ең негізгі қозғаушы күшіне айналды. Мұндай қоғамда жақсы маман, заманға сай адам болу үшін білім мен білік ұдайы жаңарып, тоқтаусыз дамып отыруы тиіс. Сондықтан да, мектеп – өмір бойы азық болар білім беретін ордадан, оқушыны өмір бойы білім жинауға, дамылсыз өзін өзі жетілдіруге үйрететін ортаға айналуы қажет. 
–Биылғы жаңа оқу жылының басты жаңалығы деп нені айтар едіңіз?
– Басты жаңалық – 2016-2017 оқу жылында бірінші сыныптар жаңартылған білім мазмұны бойынша білім алуға көшті. Сонымен бірге, негізгі және жоғары сыныптарда үш тілде білім беруге көшу бойынша дайындық жұмыстары басталды. Жаңартылған білім мазмұнына көшу бүгіннен басталған бастама емес. Елімізде жаңартылған оқу бағдарламаларын әзірлеу және сынақтан өткізу бойынша бес жыл бойы ауқымды жұмыстар жүргізілді. Біздің облыста бағдарламалар 2 пилоттық мектепте сынақтан табысты өтті. Сәт сайын жаңарып жатқан ақпаратты заманда адамның күрделі тапсырмаларды игеріп, орындай білуін талап етеді. Ол үшін оқушыларға білім берумен қатар көшбасшылық қасиеттер мен біліктілік сапаларын бойларына сіңіру қажет. Жаңартылған орта білім мазмұны бағдарламалары бұл жаңашылдықпен қамтамасыз етілген. Қазiргi таңда кадрларды қайта даярлау бойынша бағдарламда бұрынғыға қарағанда басымдылық берілген. Жаңартылған білім мазмұны бойынша биылғы жылы облыста бастауышқа сабақ беретін 2122 педагог «Өрлеу» біліктілігін арттыру институты мен Назарбаев Зияткерлік мектептері педагогикалық шеберлік орталығында арнайы даярлық курстарынан өтті. Олар еңбекақысына үстемеақы алады. Ұстаздар жаңа контенттi жоғары бағалап, оның заманауи әрi қолайлы екенін айтуда. 
–Соңғы жылдардағы білім беру саласының жетістіктері қандай?
–Соңғы екі жылда ҰБТ-де Қызылорда облысының түлектері биік белестерден көрінуде. Дарынды оқушыларымыз әлемнің әр елінде өткізілген халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында жүлдегерлері атанды. Ұстаздарымыз да құр қол емес, республикалық «Үздік педагог» байқауында облыстың 3 мұғалімі жеңімпаз атанып, әрқайсысы 2 млн. иегері атануда. Сонымен қатар, 390 түлегіміз Ресейлік ЖОО-да білім гранты негізінде оқуға мүмкіндік алды. Бұл жас өрендер ендігі бірер жылда аймақ дамуында өздерінің зор үлестерін қосатыны анық. Бұл жетістіктер – облыс Ұстаздар қауымының үздіксіз еңбегі деп білемін. Мектептің білім беру қызметінің сапасы ең әуелі оның кадрлық әлеуетіне байланысты болатыны да белгілі. Облыста жалпы орта білім беретін мектептерде барлығы 18423 мұғалім қызмет етеді. Оның ішінде, бірінші және жоғары санатты мұғалімдердің үлесі 45,5 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіштер жаңартылған мазмұндағы білім беру үдерісіне сәйкес артатын болады.
–Жуырда өзіңіз білесіз, халық қалаулылары ұстаздардың жалақысын 1мың долларға дейін көтеру керектігін айтып ұсыныс жасады. Жалпы, бүгінгі кезде мұғалімдер жалақысы көңілден шыға ма? Бұл бағытта қандай шаралар жасалуда?
–Орта бiлiм беру саласындағы жағымды жаңалықтардың бірі –2016 жылдан бастап ұстаздар жалақысының өсуi және алдағы уақыттың еншісінде еңбекақы төлеу жүйесiн өзгерту мәселесi де қолға алынатын болады. Мұғалімдер жаңа бағдарлама бойынша қағазбастылықтан да арылады. Бұдан бөлек,білім сапасын бағалау да электронды түрге ауыстырылады.  Ендігі жерде өз кезегінде ұстаздар қауымы да қоғам мен ұрпақ алдындағы жауапкершілігін естен шығармауы қажет. 
–Әріптестеріңізге мерекелік тілегіңіз...
–Облыстың ұстаздар қауымы білім үдерісіне енгізіліп жатқан жаңашылдықты еркін меңгеріп, еліміздің келер күнгі келбеті  – қазіргі жас буынды оқыту мен тәрбиелеуде зор үлестерін қосатынына сенімім мол. Егемен елдің ертеңіне үлес қосатын тәуелсіз мемлекеттің саналы ұрпағы саналатын шәкірттердің ізгі сарайын біліммен сәулелендіріп, білімнің биігінен көру – бәріміз үшін үлкен бақыт. Бұл игі істердің басты тұлғасы – мұғалімге құрмет пен алғыс арта бермек. Барлығымызға мереке құтты болып, шәкір тәрбиелеудегі игі істеріміздің берекесі арта берсін дегім келеді. 
–Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз