Марина Фрей: Жиденің иісін жиі сағынамын

59

0

Мен бүгінде Германияның Берзенбрюк
қаласында тұрамын. Осыдан он төрт жыл бұрын кіндік қаным тамған Қазақстаннан
тарихи отанымызға көштік. Қанша жыл өтсе де, киелі жердің топырағын, туған
ауылымды, ондағы қазақтарды сағынамын. Бұл – Германиядан хат жолдаған неміс
қызы Марина Фрейдің хаты. Неміс қызының туған елге деген сағынышқа толы хатына
одан әрі үңілсек.

Қазақтар «туған жердің түтіні ыстық» деп
бекер айтпаған екен?! 1977 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жаңатұрмыс
ауылында туғанмын. Сол ауылдағы жергілікті халықпен туғандай араласып кеткен үш
неміс отбасының бірі біз едік. Әкем Томас колхозда жұмыс істесе, анам Нелли
мектепте 25 жыл еңбек етті. Олардың ауылға деген сағынышын қаламмен жеткізу
мүмкін емес. Біз Германияға отбасымызбен қоныс аудардық. Кетерде көрші-қолаңдар
жиналып, ақ дастарқан жайып, ақ тілектерін айтып шығарып салған еді.

Әкем қазақтардан көп нәрсе үйренді.
Ауылда жүгерісі мен жидесі керемет жайқалып өсетін біздің үй еді, шіркін!
Тауық, үйрек, қаз өсіріп, мал басын қаншама көбейткен едік. Өзім сондағы орта
мектепті тәмамдадым. Алтын мінезді Фанар апайымды, өзі қатал болғанымен, жүрегі
жұмсақ Қыдырбай ағайымды сағындым. Көршілердің қонақжайлығының өзі неге
тұрады?! Ауылдың құртын, майын, ірімшігі мен піскен айранын сағынамын. Кейде
балаларым да осындай дәмді білгенде ғой деп армандаймын. Германияға келіп,
неміс жігітіне тұрмысқа шықтым. Шүкір, ұлым мен қызым өсіп келеді. Осында
денсаулық сақтау мекемесінде жұмыс істеймін. Өз Отанымызда жүрсек те, туған
жердің сағынышы басылмайды екен. Балалық шағым өткен Жаңатұрмыстағы тамды
көргім келіп, аңсаймын. Қазір ақпа­раттық технологияның дамыған заманы.
Әлеуметтік желілер арқылы ауылдағы таныстарды тауып алып, хат-хабар алмасып
тұрамын. Ауылдың жаңалықтарын қалт жібермеймін. Әлгі өзім туып-өскен үйдің,
оқыған мектебімнің суретін алдырып, интернеттегі жеке парақшама салып
қойғанмын. Әзірге сағынышымды солай басып жүрмін.

Айтпақшы, көз көрген көрші ата-әжелердің,
ағалардың қайтыс болғанын естігенде, төбеме мұздай су құйып жібергендей болады.
Көз алдыма ол кісілердің жарқын бейнесі келді. Әсіресе, марқұм Албала апаның
жүгеріні әбден сүтке қайнатып пісірген, тіл үйірер наурыз көжесінің ерекше дәмі
аузымнан кетпейді. Қазір ауылымның жағдайы біршама жақсарған сияқты. Бұрын
аялдамалар болмайтын. Сонда да шаң басқан көшелерін сағынады екенсің.

Ол кездері ауыл клубына жиналып, жастар
жағы концерт қоятын едік. Сол күндер қызықты еді, шіркін! Бұйыртса, балаларыма
туған ауылымды, оқыған мектебімді көрсетсем деймін. Өмірлік тәжірибемде Қазақ
еліне ештеңе жетпейтінін ұқтым, бір күні Қазақстанға қыдырып келетініміз –
ақиқат!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз