«МАҚСАТЫМ – ЕЛГЕ АБЫРОЙЛЫ ҚЫЗМЕТ ЕТУ»

86

0

«МАҚСАТЫМ – ЕЛГЕ АБЫРОЙЛЫ ҚЫЗМЕТ ЕТУ»ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі Экология мәселелері және
табиғат пайдалану комитетінің, сондай-ақ «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі
Алмас Тұртаев жуырда Ақтөбе, Қызылорда
өңірлерін аралап, ел-жұртпен кездесті. Осы сапар аясында жерлесіміз уақыт
тауып, Т.Жүргенов атындағы Шығармашылық үйіне ат басын бұрған еді. Қолайлы
сәтті қалт жібермей, Мәжіліс депутатын әңгімеге тартқан едік.

– Алмас Ұзақұлы,
Парламенттегі халық қалаулылары 1 шілдеден бастап жазғы каникулға шыққаны
белгілі. Бесінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы жұмысын қалай
қорытындылады, осы сессияның басты ерекшелігі қандай болды?

– Өз басым үшінші
сессия жұмысы жемісті аяқталды деп есептеймін.

Депутаттар заң шығару
қызметін өздерінің жоғары кәсіби деңгейімен және қарқынды үрдісімен атқара
білді. Өйткені, осы сессия барысында күрделі кодекстер мен маңызды заң жобалары
қабылданды. Мұнда 154 заң жобасы қаралып, оның 104-і қабылданды. Қылмыстық,
Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару кодекстерінің жобалары жаңа редакцияда
қабылданды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар
туралы кодекс те толықтай жаңартылды. Бұдан өзге республикалық бюджет саласына,
қаржыға қатысты бірқатар заңдар қабылданды. Жалпы, бұл сессия маңызды заңдары
қабылдаумен ерекшеленді деп айта аламын. Аталған заңдардың бәрі де ел
экономикасын тұрақты дамытуға ықпал етіп, халықтың әл-ауқатын арттыратын
болады.

– Көптен бері
талқыланып келе жатқан «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты
туралы» заң жобасының тағдыры не болды. Бұл заң жобасына қандай ұсыныстар беріп
отырсыз?

– Иә, маңызды заң
жобаларының бірі деп осы заң жобасын айтар едім. Жаңа заң жобасы әлі талқылану
үстінде. Өзім осы заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының мүшесімін.Оған әріптесім
Мейрам Бергентаев жетекшілік етеді. Аталған заң жобасының мақсаты – жастарды
мемлекеттік және қоғамдық өмірге тарта отырып
дұрыс идеялық бағыт-бағдар беру, бәсекелі артықшылығын арттыру үшін
жағдайлар жасау. Оларды салауатты, отансүйгіш, бәсекеге қабілетті болуға
бағыттау және жастарға арналған әлеуметтік инфрақұрылымдарға тең қол жеткізуді
қамтамасыз ету. Бұл заңнама ҚР
Конституциясына негізделген.

Шынтуайтына келгенде, жастардың алдында тұрған мәселелер
жетерлік. Мәселен, жас отбасылардың тұрғын үй мәселесі, сондай-ақ студент жастардың
жатақханада тұру, қоғамдық көліктермен жеңілдікпен жүру мәселелері, оқу орнын
бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша жұмыспен қамтылуы, міне, мұның бәрі
кешенді түрде шешуді қажет ететін өзекті мәселелер. Біздер заңда осындай
нормалар көрініс табуы тиіс деген оймен өз ұсыныстарымызды Үкіметке жолдап
отырмыз. Сондықтан да бұл заңды өте мән беріп қарайтын заң болуы керек деп
есептейтін. Жастар туралы заңның өміршең болып шығуына депутаттар өте белсенді
араласуда. Көптеген күрделі мәселелер осы заңнамалық актіде шешімін табады
деген сенімдеміз. Депутаттар заң жобасын әлі де жетілдіре түсу бағытында
еңбектенуде.

Заң жобаларын әзірлеуге негізінен үкімет бастамашы болады.
Бұл заңның ұзақ уақыттан бері талқылануы бізге шикі күйінде келді. Бір ғана
мысал келтірсек, мәселен, бастамашылар жобада грантта оқитын студенттер жазғы
демалысында пойыздарда тегін жүрсін депті. Меніңше, студент грантта оқысын,
мейлі ақылы негізде оқысын, мұндай қолдау нақты әлеуметтік көмекті қажет ететін
студент-жастарға бағытталса, әділетті болар еді.

Жастар туралы жаңа заңда барлық мемлекеттік құрылымдардың –
министр­ліктер мен облыс әкімдіктерінің міндеттері нақты көрсетілетін болады.
Бұрын мұндай жауапкершілік болмаған соң жастар мәселесіне қатысты жұмыстарды
олар бір-біріне сілтей салатын. Енді жауапкершілік заңмен міндеттеледі. Бұған
қоса, алдағы уақытта жылына бір рет жастардың республикалық форумы өтеді. Оған
ауыл, аудан, қала, облыс орталықтарының белсенді жастары түгел қатысады.
Форумда жер-жерде жастар туралы заңның қалай орындалып жатқаны қаралып,
талқыланады.

Ел жастары бізді қолдайтын заң қабылданады деп күтіп отыр.
Жастардың өркениетті заманда жан-жақты дамуына, қоғамда өздерінің орнын көрсете
білуіне мүмкіндік жасайтын заң ғана өміршең болады деп есептеймін.

– Алмас Ұзақұлы, Мәжіліс депутаты ретінде елге келіп,
ауыл-аймақты аралап, көзбен көріп қайттыңыз. Көкейге не түйдіңіз?

– Жалпы, Астанаға депутат болып кетсек те, елден алыстаған
жоқпыз. Қай кезде де елмен байланысып, тұрғындардың көңіл-күйімен, аймақтардағы
жасалып жатқан жұмыстардан хабардар
болып отырамыз. Сайлаушыларымызбен жылына 4 мәрте жүздесеміз. Осы сапарымда Ақтөбе және Қызылорда
облыстарын аралап, Арал және Қазалы аудандарының кәсіпкерлерімен кездесу
өткіздім. Көзбен көру арқылы көңілге түйгеніміз аз болмады.

Аталған қос ауданда болғанымда «Жұ­мыспен қамту-2020»
бағдарлама­сы­ның орындалу барысымен таныстым. Мемлекеттің көмегімен өз кәсібін
ашып, халықты жұмыспен қамтыған шағын кәсіпкерлік нысандарын аралап көрдім.
Мысалы, Арал қаласында «Айару» сән орталығы мен осы бағдарлама аясында ашылған
«ALTAIR» қонақ үйінің жұмысын көрдім. Сән орталығында тігін шеберханасы,
шаштараз және дүкен жұмыс жасауда. Жалпы саны 15 адамды жұмыспен қамтыған кәсіп
иесі орталықтың қызмет ету аумағын кеңейту жоспарымен бөлісті. Мемлекеттік
бағдарламаға алғысын айтты. Осы бағдарламаның жемісін көріп, халыққа қызмет
көрсетіп отырған «Арал-дент» тіс емханасының жұмысы да керемет. Осындай шағын
кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысқаннан кейін, кәсіпкерлермен кездесіп,
еркін пікір алмастық. Мұнда аудандағы
кәсіпкерліктің даму барысы сөз болды. Кәсіпкерлер ШОБ тексеруге мораторий
жариялау туралы Елбасының бас­тамасына алғыстарын жеткізді. Дегенмен,
кедергілердің әлі де көптігі, екінші деңгейлі банктердегі несие пайызының
жоғары екендігі, кепіл қою мәселесі алаңдататыны айтылды.

Осы орайда айта кетейін, еліміздегі екінші деңгейлі
банктердің несие пайыздары расымен де тым жоғары. Ал, несиегермен жасалған
келісім-шартта тек банк мүддесі ғана қорғалады.
Бұл мәселе, яки банк саласындағы мұндай кедергілерді азайту үшін
Мәжілісте арнайы жұмыс тобы құрылып, Ұлттық банкімен жұмыс жасалып жатыр.

Қазалы ауданында жаңадан ашылған Сауда орталығы мен «Қазалы конфеті» цехының жұмысымен таныстым.
Аталған сауда орталығы да мемлекеттік бағдарламаның көмегімен іске асырылған.
Мұнда наубайхана, ардагерлерлерге арналған асхана, сонымен қатар дүкен қызмет
атқаруда. Ал, шағын цехтың өзі 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сапар барысында
«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламаның жемісін көріп, өз
кәсібін дөңгелетіп отырған «Бақыт» ШҚ балық өңдеу кәсіпорыны мен Қазалы
темір-бетон зауытының қарқыны көңілден шыққанын айта кетейін. Жалпы, Қазалы
ауданы облыс көлемінде ШОБ дамуы бойынша алдыңғы қатарда. Ал, аудан
кәсіпкерлерімен болған кездесуде бағдарлама бойынша берілетін несие көлемін
көбейту, өзге де мәселер сөз болды. Расында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы
бойынша төменгі пайызбен берілетін 3 млн. теңге кәсібін дөңгелетіп әкетуге
аздық етеді. Бұл туралы Президент әкімшілігінде өткен брифингте де айтқанмын.
Қазіргі таңда депутаттар тиісті министрлікпен жұмыс жасап жатыр, алдағы уақытта
оның көлемін 5 млн. теңгеге дейін көбейтуді ұсыныс еттік.

Бір айта кетерлігі, «Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында
бері­летін несиені азаматтар мақсатты түрде пайдаланғандары жөн. Дұрыс жоспар
жасап, кәсібін өркендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашулары керек. Кәсіпті
мемлекетке салық түсетіндей етіп жасау керек. Кейбір ағайындар мақсатты ақшаны
алып, той жасап, ескі көлік алып, такси болып жүр. Бұл – бос әурешілік, одан
қайтарым болмайды. Мұндай ойдан арылатын кез келді. Яғни, әрбір азамат
кәсіпкерліктің жауапкершілігін терең түсінсе, мемлекет­тік бағдарламаның жемісі
жүзеге асқаны. Сондай-ақ, мораторийді көлеңкелі бизнес­ке айналдырауға жол
бермеуіміз керек.

Жергілікті кәсіп иелеріне маңызды ұсыныстардың
ескерілетінін, «Ақжол» партиясы фракция депутат­тарының кәсіпкерлік бағытындағы
атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып өттім.

Ал, облыс орталығында болғанымда «Даму» кәсіпкерлікті
дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы жұмысын көріп, кәсіп иелері мен бизнесін енді
бастағалы жүргендерге мемлекет тарапынан зор қолдау жасалып жатқанын айқын
сезіндім. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы басталған 2010-2011 жылдары
біздерге мұндай қолдау көрсетілмегенін айта кеткен орынды.

– Аймағымыздағы атқарылып жатқан жұмыстар ел аралаған тұста
айқын көрінді ме? Жаныңызды жадыратқан қай іс болды?

– Сыр бойындағы серпінді сезінбеу мүмкін емес. Соңғы
жылдары Сыр өңірі дамудың қарқынды жолына түскені кім-кімді де қуантса керек. Мұны
мен өзімнің туған өлкемді мақтау үшін немесе облыс басшысының жетістігін
көрсету үшін айтып отырғаным жоқ. Барды бар деп айтқан жөн. Аймақ басшысының ел
дамуы үшін жасалған жоспарлары, алдағы уақытта жүзеге асатын жобалары туралы
естігенде кәдімгідей көңілің шаттанып, жаның жадырап қалады. Жүзеге асып жатқан жақсы жобалар бар. Ірі-ірі
инвестициялық жобалар да жеткілікті. Ең бастысы, облыс әкімдігінің
кәсіпкерлікті дамытуға деген құлшынысы жоғары. Мәселен, шыны зауытының құрылысы
басталғалы тұр. Сондай-ақ, Сырдарияның сол жақ жағалауын игеру ісі қолға
алынғалы отыр. Жоба қандай керемет! Ауылдың әлеуетін көтеру үшін қыруар тірлік
атқарылып жатыр. Оң жамбасына келген кәсіпті игеремін деген жандарға
қайтарымсыз негізде беріліп жатқан 1 млн. теңге бізден басқа ешқандай облыста
жоқ. Осы «Ақниет» жобасы аясында
кәсіпкерлік кенже дамыған аудандарда өткен жылы 75 адам грант иегері атаныпты.
Биыл тағы 97 жан қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін бастап жатыр. Жаныңды
жадырататын істің бірі осы. Әлеуметтік теңсіздікті болдырмау үшін жасалып
отырған тірлікке көңілің шаттанады екен. Арал мен Қазалы аудандарында
мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жеңілдетілген несие алып, тірлігін атқарып
жатқан жандары өз көзіммен көргенімді жоғарыда айттым. Және бір қуанарлығы, тұрғындар
бұрынғыдай жеке бастың емес, қоғамдық сипаттағы мәселелерді көтеріп, сол
жөніндегі ой-пікірлерін айтатын дәрежеге келе жатыр. Әлеуметтік нысандар
кезектілігімен салынатынына сенімді.

– Енді депутат ретінде жолдаған сауалдарыңыз қандай
мәселені өзек еткенін айтып берсеңіз?

– Бір айта кетерлік ерекшелік, бүгінде кез келген депутат
сауал жолдамас бұрын ол бірнеше сараптан өтеді деуге болады. Яғни, депутаттық
сауал фракция жұмысының барысында, мұнан кейін комитет отырысында қаралады. Бұл
Мәжілістің ықпалын күшейту және уақытты үнемдеу үшін қажет. Әйтпесе, кез келген
депутат айтқысы келгенін сессия барысында айтып, талқылап отыра алмайды. Әрине,
депутаттық сауалдың барлығын тізбектей беру артықтау болар. Дегенмен, көкейде
жүрген, шешімін табуға ықпал ету мақсатында қолға алған мәселелер жоқ емес.
Мәселен, бізде білім грантын бөлуде теңсіздіктер бар. Атап айтқанда, орыс
топтары мен қазақ топтарының арасында айтарлықтай айырмашылық байқалады. Білім
және ғылым министрлігі нені негізге ала отырып бөлетінін анықтау қажет.
Әйтпесе, ешқандай сараптама жүргізбей-ақ, биыл мынша грант бөлсе, ендігі жылы
бір орын қосып жібере беретін жайттар байқалады. Тағы бір мәселе, ҰБТ тапсыру
барысында кейбір орын алатын әділетсіздіктер білімді балаларға кедергісін
келтіріп жатады. Меніңше, балаларға емтиханды тест арқылы тапсырады ма, әлде
ауызша тапсырғысы келеді ме, бұл жағына келгенде таңдау жасауға мүмкіндік беру
керек. Бір сөзбен айтқанда зерттеу, сараптау жетіспей жатқан секілді. Сонымен
қатар елімізде индустриялық-инновациялық бағдарламалар жүзеге аса бастаған
тұста маман дайындау мәселесіне келгенде ілесе алмай келеміз.

Қай кезде болмасын, өнеркәсіптің дамуы ғылыммен тікелей
байланысты.

– Халық аманатына қаншалықты адалдық танытып жүрсіз?

– Мен өз өмір жолымды таңдаған жанмын. Мақсатым – елге
абыройлы қызмет ету. Елдің аманаты сезіне білгенге – ауыр жүк. Кез келген
мәселеде адамның тағдыры тұрғанын естен шығармау қажет. Сол үшін де кез келген
мәселенің тиімді жолмен шешімін табуына қызмет етуге міндеттіміз деп санаймыз.
Кез келген жұмыстың нәтижесін сезіну адамды жақсылыққа жетелейді. Қандай да бір
мәселені ел игілігіне шешуді мақсат тұтамыз. Ел алдында үлкен жауапкершілік
жүгін арқалап жүргенімді сезінемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұқбаттасқан, Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз