МӘДЕНИЕТІЛІК – ТҰТАС ҚОҒАМНЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ

95

0

Бүгінде біздің мемлекетіміздің басты бағыты – өркениеті озық отыз елдің қатарына ену. Олай болса, әлемдік қарым-қатынаста экономиканың сан құбылған саясаты маңызды емес, рухани құндылықтың бағасы биік. Бұл орайда мемлекеттік қызметте, жалпы қоғамда мәдениетіміздің жоғары болуы міндетті десек, қателеспейтін болармыз. Біле білсек, тұтас қоғамның тұрақтылығы да жеке адамдардың мәдениетіне байланысты. Мәселен, ұрлық-қарлық, жемқорлық, азғындық, дұшпандық әрекеттердің барлығының түп тамыры – мәдениетсіздік. Ойлап қарасақ, біз осыған өзіміз жол беретін сияқтымыз. Қалай дейсіз бе? Қарапайым ғана мысал, отбасында өсіп келе жатқан баланы (ол мүмкін кенже бала немесе жалғыз бала) бетінен қақпаймыз. Былапыт сөздер айтып, әбес қылықтар танытып жатса да, «есейгесін қояды» деген желеумен  еш қаперсіз еркелете береміз. Бірақ баланың бірте-бірте еркіндікке бойы үйреніп жатқанына мән бермейміз. Осындай осал тәрбиенің салдарынан күнделікті өмірде көп ата-ананың көңіліне қаяу түскенін көріп те жүрміз. Ащы да болса шындық, ата-анасын қарттар үйіне қалдырып жатқандар да сол, әлгі еркеліктен есіріп кеткен балалар. Баланың өзімшіл болуының тағы бір себебі, өзіне лайық орта таппай, қоғамнан шет қалуы. Сондықтан, бала тәрбиесін бір сәт те бақылаусыз қалдыруға болмайды.

Тағы бір мысал, күйеуі әйелін сабап жатса, көңіл бөлмейміз. «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп есігін сыртынан жауып өте береміз. Әрине, аталы сөзге тоқтаған елміз. Десек те, ол заман мен бұл заманның арасы жер мен көктей. Ол кезде әйел адамдарда сауат болмаған, өз бетінше еңбек етуге қауқарсыз болатын. Есесіне, ер азаматтар отбасын ештеңеден мұқтаж етпей, толыққанды жағдайын жасап отырған. Сондықтан әйелдер отағасын күтіп, ұрпағын өсіріп, тек үй шаруасымен айналысатын болған. Ал қазір ше? Ер адам еш жерде жұмыс жасамайды, табыс таппайды. Сөйте тұра әйелінің еңбек етуіне мүмкіндік бермейді. Ішкілікке салынып, ұрыс-керіске ілік іздеп тұрады.  Осыдан келіп, шаңырақ шайқалады. Ақыры ажырасып тынады. Бұл жерде тағы да әйелді кінәлаймыз. «Шыдамады, көнбеді», -деп. Алайда шыдамның шегіне жеткенде, бәрі кеш болуы мүмкін…

Хош, ажырасты делік. Ер адам еркіндікке ие болып қала береді. Ал әйел бала-шағасын арқалап, оның бүкіл жауапкершілігін өз мойнына алып кете барады. Ол балалар қалай ержетеді? Кім болады? Өкінішке орай, бұл сұрақ тек ананы ғана ойландырады. Ал әке ше? Сан түрлі айлаға салып, алимент төлеуден қашып жүргені… Көп жағдайда солай. Тастанды балалар тағдыры да осының салдары. Яғни жігіттердің жігерсіздігі. Міне, өкінішке орай, бұл да  біздің мәдениетіміздің жеткен жері. Мәдениетті былай қойғанда, адамшылық, азаматтық ар-намыс қайда қалды?..

Енді күнделікті тұрмыс тіршілікке келер болсақ, қоғамдық көліктерге отырғанда жан-жағыңдағы дөрекіліктерден жүйкең шаршайды. Көліктің рулінде отырып телефонмен сағаттап сөйлесетін жүргізуші, билет сұрағандармен «бет жыртысуға» дайын тұратын кассир, құлақтарын бітеп алып, қасында тұрған қарт кісіні көзіне ілмейтін жастар, іші лық толып, есігі әзер жабылып жатқан автобустар…Бұл да көзіміз үйренген қалыпты көрініске айналып барады. Өз құқығыңды талап етсең, бейне бір өзге ғаламшардан келгендей, өшіге қарайды. «Бүлінген ештеңе жоқ», -дейсің де қолыңды бір сілтейсің. Дау-дамайдан аулақ жүргенді қалайсың.

Көшедегі көлік қозғалысы да көңіл көншітпейтінін жасырудың қажеті жоқ шығар. Әсіресе, жаяу жүргіншілер арнайы белгіленген жолақтан өткенде «жанын шүберекке түйіп» жүгіріп, әзер өтеді. Осыдан келіп қаншама оқыс оқиғалар орын алып жатыр?.. Бұл да жолда жүру мәдениетінің кемшін екендігінің көрінісі. Алайда ақиқатына жүгінсек, біздің ұлттық тәрбиемізде ешбір мін жоқ. Тек оны орнымен қолдануға құлықсыздық танытамыз.

  Өздеріңізге белгілі, бүгінгі қоғамның беталысы – өркениеті өрге басқан елдердің қатарына ену. Олай болса, қоғамдық ортада мәдениетімізді қалыптастыруға барынша мән беруіміз қажет.                                                                                

                                                                                         Ғазиза ӘБІЛДА.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз