МЕМЛЕКЕТТІК МЕНШІКТІ БАСҚАРУ ТЕТІГІ ЖЕТІЛДІРІЛЕДІ

150

0

Қазақстанда
мемлекеттік меншікті басқару жаңа кезеңге қадам басты. Басқарудың бүгінгі
ерекшеліктері қандай? Ол экономикаға
қандай тиімділік береді? Осы мәселелер төңірегінде әңгімелесу үшін газет
тілшісі ҚР Қаржы министрлігі Қызылорда облыстық мемлекеттік мүлік және
жекешелендіру департаментінің басшысы Серікжан Қалиевпен жолығып, оған бірнеше
сауалдар қойған еді.

– Ең алдымен мына мәселені айрықша атап өткім келеді, – деді ол бізбен әңгімесінде. – Өздеріңізге мәлім, жаңа жылдың қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан” партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде ел халқына «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауын жариялады. Жолдауда Елбасы бүгін әлемде қалыптасқан созылмалы экономикалық дағдарыстың жай-жапсарына кеңінен талдау жасады. Экономикалық дағдарыс әлемдегі геосаяси жағдайды біршама күрделендіріп жіберді. Әрине, дағдарыс барлық салаларға кері ықпалын тигізеді. Сондықтан одан шығудың дәйекті жолын іздестіру маңызды шарт болып табылады.

Елбасының атап көрсеткеніндей, Қазақстан дағдарысқа төтеп беріп қана қоймай, өз дамуында дәйекті өсімді қамтамасыз етуге тиіс. Осы мақсатта жаңа экономикалық саясат қабылданды. Ол ең алдымен инфрақұрылымдарды, нақтырақ айтқанда көлік, өнеркәсіп саласын дамытуды көздейді. Ауқымды мәселелерді шешу үшін Қазақстанда алғышарттар қалыптасқанын атап өтуіміз керек. Мемлекет даму үшін өз қазынасынан алдағы үш жыл ішінде жыл сайын 3 млрд. АҚШ долларын бөлетін болады. Менің ойымша бұл қомақты көмек Қазақстанның дағдарыстың ықтимал зардаптарынан қиналмай өтуіне мүмкіндік береді.

Жолдауда өңірлердің алдағы уақыттағы міндеттері барынша жан-жақты саралап көрсетілген. Оның ішінде бізге – мемлекеттік меншікті басқаратын құрылымдарға да тиісті міндеттер жүктеліп отыр. Ал, олардың барлығы ұлттық қаржы жүйесіндегі тұрақтылықты сақтай отырып, шағын және орта бизнестің дәйекті түрде дамуымен сабақтасып жатыр.

Серікжан Ыдырысұлы, Елбасы­ның Жолдауында жұмыс орындарын ашудың маңыздылығы айрықша аталды. Ол әрине, өзіңіздің жоғарыда айтқаныңыздай, шағын және орта бизнестің дамуына байланысты болады. Осы орайда мемлекеттік және жекеменшік арасындағы өзара әріптестік ісқимылдың ортақ іске көп пайдасы тиетіні белгілі ғой

– Мемлекеттің өз меншігін басқару саясаты бүгінгі таңда кәсіпкерлікті корпоративтік басқару қағидаттары негізінде жүргізуге негізделіп отыр. Бұл орайда мемлекет кіші және орта бизнеске барынша қолдау көрсететін болады. Біздің тілімізбен айтқанда, ол концессия, мемлекеттік мүлікті сенімді басқаруға беру, мемлекет пен жеке сектордың жекелеген инвестициялық жобаларды бірлесіп атқаруы сияқты ұғымдарды білдіреді.

Жаңа жұмыс орындарын ашу қандай жолмен жүргізіледі? Біздің елімізде әр аймақтың дамуына тікелей ықпал жасай алатын кәсіпорындар көп. Олардың көпшілігі мемлекеттің меншігінде. Айталық, біздің аймақта «Қазатомпромның” №6 кен басқармасы белсенді жұмыс жасайды. Компания Шиелі ауданында көптеген әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуде. «Айналайын” атты балалар бақшасы, спорт кешені, медициналық бөлімше осы компанияның қаржысы есебінен жұмыс істеуде. Компания 50 орындық мектеп-интернат құрылысын жүргізіп, пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Сонымен бірге «Шалқия Цинк ЛТД” кәсіпорны Жаңақорған ауданын­дағы маңызды кәсіпорынның бірінен саналады. Арал ауданындағы Сексеуіл елді мекенінің халқы үшін Қазақстан темір жолының локомотив депосы да осындай іргелі кәсіпорындардың санатына жатады. Сол сияқты Қазалы ауданындағы локомотив депосы да өз мүмкіндігіне орай жергілікті халыққа әлеуметтік көмек қолын созуда. Міне, біздің департамент мемлекеттік меншіктегі осындай құрылымдардың қызмет тиімділігін арттыруға байланысты мәселелерді үйлесімді шешу мақсатында экономикалық саясат жүргізеді. Ең алдымен мемлекеттік меншік активтерінің қайтарымы мол болуы қажет.

Департаментке жүктелген нақ­ты міндеттер жөнінде не айтар едіңіз?

– Мемлекеттік меншікті басқару саясатында заңды тұлғаларға жүктелетін міндеттер көп. Олардың әрқайсысына мемлекеттік мүліктің тиісті мөлшері бекітіліп берілген. Олар әлгі мүлікті тиімді басқару мәселесімен айналысады. Аталған міндеттерді шешу үшін мемлекеттік мүліктің бірыңғай есебін жүргізу тетіктері ұдайы жетілдіріліп келеді. Департамент қызметкерлері оларды тұрақты түрде жаңартып, республикалық мемлекеттік кәсіпорындар және республикалық мемлекеттік мекемелер реестрімен салыстырып, толықтырып отырады. Бұл орайда әділет, статистика, мемлекеттік кіріс департаменттеріндегі осы тектес мәліметтермен салыстырып, нақтылаудың маңызы ерекше болып табылады.

Қазіргі таңда облыс аумағында республикалық мемлекеттік меншікке қарайтын 109 нысан бар. Оларды басқарудың тиімділігін жетілдіру үшін бірқатар шаралар жүргізілуде. Аталған құрылымдардың көптеген қаржы-шаруашылық активтері ұдайы талдау сүзгісінен өткізіліп отырылады. Жылжымайтын мүліктің және көліктің саны талдаудан өткізіледі. Пайдаланылмай тұрған жылжымайтын мүліктерді пайдалану мүмкіндіктері сараптан өткізіледі. Оларды тиімді пайдалану үшін басқа заңды тұлғаларға беріледі. Сонымен бірге жеке тұлғаларға ашық сауда-саттық арқылы беріледі.

Мысал үшін айталық, пайдаланылмай тұрған «Қазводхоздың” Қызылорда филиалының теңгеріміндегі Қамыстықақ автомобиль көпірі департаменттің араласуымен №6 кен басқармасы ЖШС-на сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға берілді. Қазір кен басқармасы аталған нысанды тікелей мақсатында пайдалануда. Олар бізбен келісе отырып арнайы сараптама жүргізді. Көпірді күрделі жаңартудан өткізетін болады. Нәтижеде оны қауіпсіз және тиімді пайдаланудың мүмкіндігіне жол ашылып отыр. Бұл департамент тарапынан жүргізілген мемлекеттік мүлікті тиімді пайдаланудың көптеген шараларының бірі болып табылады.

Департаментте мүліктерді жалға алу
келісім-шарттарының реестрі жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыру барысындағы
жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бұл реестр бойынша көптеген құрылымдарға қатысты
деректерді – оның ұйымдық құқықтық үлгісі мен статусын, басқа да мәліметтерді
алуға болады. Сонымен бірге мүлікті жалға беруден бюджетке түскен қаржыны да
анықтауға болады. Бұл бағдарламаның тиімділігі сол, жалға алушыларды, айталық,
егер олар бюджетке тиісті төлемдерін төлемесе, осы туралы жылдам түрде
хабарлама жасалады. Сондай-ақ, мемлекеттік мүлікті сату жүйесі
автоматтандырылған. Қазіргі таңда департамент тек электронды түрде ғана сауда-саттық
жүргізеді. Электрондық аукционның артықшылығы –
оған адамның араласу факторы болмайды. Көптеген қағазбастылықтан арылуға
мүмкіндік береді. Сауда-саттықтың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету үшін
тиісті комиссия құрамына ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қызылорда өкілдігінің
өкілі енгізіліп отыр.

– Сонымен бүгінгі таңда мемлекеттік
мүлікті сатудың қанша сауда-саттығы өткізілді? Бюджетке қанша қаржы түсті?
Мүлікті тиімді пайдалануға қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Өткен жылы мемлекеттік мүлікті сату
бойынша 16 электронды аукцион өткізіліп, одан республикалық бюджетке 30 млн.
теңгеге жуық қаржы түсті. Сондай-ақ, 2014 жылы департамент мемлекеттік мүлікті
жалға беру жөнінде 100-ден астам келісім-шарт жасады. Жалға берілген жалпы
ғимараттың көлемі 3 мың шаршы метрді құрайды. Жалға беруден 15 млн. теңге қаржы
түсті.

Мемлекеттік мүлікті оңтайландыру
мақсатында өткен жылы 31 мемлекеттік органда тексеру жұмыстары жүргізілді.
Барлық тексерулер құқықтық статистика жөніндегі комитеттің облыстық басқармасында
есепке алынды. Тексеру барысында тиімді пайдаланылмай тұрған 270 мемлекеттік
мүлік нысаны айқындалды. Олардың бірқатары сату үшін бәсекелестік ортаға
берілді. Қалғандары бойынша көзделген заңдылыққа сәйкес тиісті шешімдер
қабылданды.

– Елбасының тапсырмасы бойынша өткен
жыл басында Үкімет қабылдаған жекешелендірудің екінші толқыны қалай жүзеге
асырылуда?


Бұл ел өміріндегі маңызды оқиға болды. Көпшілікке мәлім ке­зін­де
мемлекеттік активтердің басым көпшілігі «Самұрық-Қазына” хол­дингінің сенімді басқаруына
берілген бо­латын. Мұндай шешім 2008 жылғы әлемдік дағдарыстың салқынын бір­шама
бәсеңдету мақсатында қабыл­данды. Қазір «Самұрық-Қазына” бір­қатар
компанияларды жекенің қо­лы­на беруде.
Үкімет қабылдаған жеке­шелендірудің 2014-2016 жылдарға ар­налған кешенді жоспарына сәйкес республика бойынша
100-ден астам активтер жекешелендірілетін болады.

Елімізде жүргізілген жекешелен­ді­рудің
алғашқы кезеңінде біздің еліміздің экономикасының негізін қалап отырған алып
кәсіпорындардың көпшілігі сақталып қалды. Жекешелендірудің екінші кезеңіндегі
мемлекет тарапынан қалыптасқан көзқарас барынша маңызды болып табылады. Бұл
нысандарды сақтап қалу емес, болашақта оны қайта жаңғырту міндеті алға тартылып
отыр.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай,
жеке сектор мемлекеттік секторға қарағанда басқаруға тиімді болып табылады.
Жекешелендірудің екінші толқыны бойынша кәсіпкер өз ісін тақыр жерден
бастамайды. Ол дайын өндірісті инфрақұрылымымен бірге алады, оған осы салада
жұмыс істеген тәжірибелі кадрларды қосыңыз. Өткен жылы сатуға қойылған
активтердің жалпы құны 185 млрд. теңгені құрайды. Сатудан түскен қаржы
«Самұрық-Қазынаның” перспективалық жобаларын қаржыландыруға жұмсалады.

Еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты.
Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиясында оның негізгі қағидаттары
айқындалды. Бұл мемлекетіміздің әлемдік өркениет жолымен дамудың жаңа сатысына
көтерілгенін айқындайды.

Әңгімелескен Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз