Ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастауы – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы да келіп жетті. Тарихы тереңде жатқан мерекені күллі шығыс халқы атап өтеді. Бақ пен берекенің, мызғымас бірлік пен айнымас татулықтың негізі болған бұл күні барша жұрт бір-бірімен төс қағыстырып, ренжіскен ағайын табысып, тек жақсылыққа бет бұратыны белгілі.
Өкінішке орай, қанша заманнан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан айтулы күн Кеңес заманының тұсында халқымыздан біраз жыл ажырап қалды. Өткенді ұмыттыруға бағытталған солақай саясаттың кесірінен бұл мейрамды 1926 жылы атап өтуге ресми түрде тыйым салынды. Себебі, Наурыз мерекесі діни мереке деп қабылданды. Дегенмен, тәуелсіздік таңы қарсаңында егемен ел атанған кезден бастап мейрам қайта жаңғырып, ұлтымыздың ұлықтығын паш етті. Ұлы күнді тойлауға тыйым салғанмен, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ұлықтаудан танбаған халқымыз мерекені тойлаудан бас тартқан емес. Осы ретте бізде Кеңестік дәуірдің бел ортасында өмір кешкен қариялармен тілдесіп, өздерінің көрген наурызы жайында сұраған едік. Әңгіме төмендегідей өрбіді.

Жанәбіл Нұрқышев, ардагер. Жер дүниені қайта түлеткен Наурыз – жалпыхалықтық мереке. Жаңа күннің бастауы деп есептеген халқымыз мерекені ерекше ықыласпен қарсы алады. Бір кездері бұл күнді атап өтуге тыйым салғаны белгілі. Десек те, есімде қалғаны ауылда ішінара тойлайтын. Көше бойына орналасқан үйлер наурызкөжесін жасап, көршілер үй-үйді аралап, астан дәм татып жатады. Сондай-ақ, ренжіскендер татуласып, төс қағыстырып, бір-бірлеріне жылы лебіздерін айтып, келер жылға аман-есен жетуге тілектерін білдіреді. Қазақ болған соң, оның үстіне ата-бабамыздан келе жатқан ұлық мереке болғаннан кейін тойлауға тыйым салғанына қарамастан, ел-жұрт мерекелейтін. Дегенмен, халықтық деңгейде тойланғанын көргенім жоқ. Бертін келе, өз қолымыз өз ауызымызға жеткеннен кейін ғана ресми түрде атап, республика бойынша тойланып жатыр. Жалпы Наурыз мерекесінің бізге берері мол.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!