МЕРЕЙІ YСТЕМ МҰҒАЛІМ

55

0

Бүгінгі таңда жас ұрпаққа тәлімді тәрбие мен сапалы білім беру маңызды міндет екені баршаға мәлім. Осы орайда мектеп мұғалімдерінің атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Нарық заманында білім алудың ауадай қажеттігін оқушылар да жыл өткен сайын жан-жақты, терең, жете түсініп келеді. Аудан орталығы Жалағаш кентіндегі №31 орта мектеп шәкірттерге талапқа сай білім беру ісін жетілдіріп, абырой-бедел иеленген ұжымдардың бірі. Жыл сайын ҰБТ тапсыруда көңілге зор сенім ұялатып, ел алғысын арқалап, алдыңғы қатардан көрінеді. Алтын ұя білім ошағы негізінен оқушыларға орыс тілінде дәріс беретін жалғыз мектеп. Кейінгі жылдары мектеп ұжымы жаңа ғимаратқа көшіп, қиын да құрметті жұмыстарында сапаға жетуді биік мақсат тұтқан. Осы бағытта аянбай тер төгіп келеді.
Мектеп директоры Айнұр Сәнібекқызы Мыханова жүзеге асырылып жатқан игі шаралардан хабардар етті. Елбасының биылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айтылғандай, білім беру сапасын жоғары деңгейге көтеру үшін қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану басты міндет етіп қойылған. Пән кабинеттерінің пәрменділігін арттыру, тереңдетіп оқыту, оқушылардың ынта-ықыласы мен қызығушылығын оята білуге тырысқан ұжым биыл да жақсы нәтижелер көрсетуге ұмтылуда. Сонымен қатар, мекеме басшысы үздік ұстаздар есімдерін де атап өтті. Өз кәсібіне шын берілген, шәкірттеріне күнделікті сабағын бар жан-тәнімен түсіндіріп, оқушылар сүйіспеншілігіне бөленген мұғалімдер аз емес екен. Солардың ішінде әсіресе шоқтығы биік, 20 жылдан астам еңбек өтілімен ұжым мүшелері арасында сыйлы, мерейі үстем, математика пәнінің мұғалімі Гүлнара Тұрсынбайқызы Тәшенованың ерекше мақтауға тұрарлық жан екенін байқадық. Қай кезде де сабырлы да салмақты мінезімен, дәрістерінің тартымдылығымен, табандылығы мен тиянақтылығы арқасында елеулі табыстарға қол жеткізіп келе жатқаны баршаға үлгі-өнеге. Мысалға айтар болсақ, өткен жылы ҰБТ-дан Ақкенже Мәдібекова және Сейіл Қожатаев сынды шәкірттері 21 балдан жинап, жоғары нәтиже көрсетті. Ал, 2011-2012 оқу жылдарында аудандық пән олимпиадасында бірнеше шәкірттері жүлделі орындарды иеленді. Мысалға, 11 сынып оқушысы Абай Тұрмағамбет екінші орынды, 2012-2013 оқу жылында 8 «б» сынып оқушысы Жайна Жақсылық үшінші жүлделі орынды иеленсе, биылғы оқу жылында да жүлде алған оқушылары жеткілікті.
Білікті де ізденімпаз, шәкірттер жүрегіне шуақ сепкен ұстаз Гүлнара Тұрсынбайқызы Тәшенова жайлы ұжым мүшелері әрдайым жылы лебіздерін білдіреді. Солардың арасында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Нұрланқызы Әлімбетова математика маманының өз кәсібіне айрықша жауапкершілікпен қарайтынын сүйсіне әңгімеледі. Оның талай биік асулардан көрінетініне нық сенімде екенін де жасырмады.
– Облыс орталығындағы бірінші деңгейлі бағдарламаға сәйкес мұғалімдердің біліктілігі мен шеберлігін арттырудың 3 айлық курсын Гүлнара толық аяқтап шықты, – дейді директордың орынбасары. – Осыған сәйкес ол кісінің айлығына 100 пайыздық үстеме қосылады. Алдағы уақытта біліктілігі мен қабілет-қарымын іс жүзінде дәлелдеп, ұжым табысына өз үлесін еселері анық. Елбасының биылғы Жолдауында айтылғандай, Назарбаев зияткерлік мектебінің талабына сай соларға теңелу үшін аянбай тер төгетін боламыз.
Қазіргі кезде ұлағатты ұстаз Гүлнара Тұрсынбайқызы Тәшенова №31 орта мектептегі математика, физика және информатика пәндері әдістемелік орталығының жетекшісі. Жиырма жылдан астам жинаған тәжірибесі мен оқып-білгенін әріптестеріне үйретуден жалықпайды. Байыпты да байсалды қалпынан өзгермейтін Гүлнара сынды апайларын өздеріне үлгі тұтатын жас ұстаздар да баршылық.
Иә, шындығында да Гүлнара үлгілі де өнегелі отбасынан шыққан. Әкесі Тұрсынбай Тәшенов аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінде бас редактор болып біраз жыл жемісті еңбек етті. Өмірінің соңына дейін басқа да басқару органдарында абыройлы қызметтер атқарған Тұрсынбай ағамыз ақындық, қаламгерлік қырынан да, сондай-ақ адамгершілік асыл қасиеттерімен де Жалағаш жұртына жақсы танымал тұлға еді. Бүкіл бітім-болмысы бөлек, халық үшін еңбек етуге жаралған жан, амал нешік, о дүниелік болып кетті. Ал, анасы Жақсыгүл Тәшенова аудандық баспахананың ыстық-суығын басынан өткеріп, бүгінде бейнетті еңбегінің зейнетін көріп отырған, немере-шөбере қызықтаған ардақты ана. Осындай ізгілік нұры төгілген шаңырақтан шыққан Гүлнараның да биік мерей-мәртебеге, құрмет-қошеметке, абырой-беделге ие болып жүргені жанды жадыратады.
Мамандығын мақтан тұтқан, математика сынды ғылымдар атасы пәнінің тылсым сырларын шәкірттеріне үйретуден жалықпаған мерейі үстем жанның биылғы оқу жылында да табыс төрінен табылары даусыз. Қазіргі уақытта түлектерді ҰБТ-ға дайындау барысына барынша ден қойған ұстаздың табандылығына еріксіз риза боласыз.
– Болашақ иелері – жастар. Ел ертеңін ойлайтын, қоғам дамуын ілгерілететін жас ұрпаққа сапалы білім беру біз үшін үлкен міндет, – дейді Гүлнара Тәшенова. – Осы бағытта ұжым мүшелерімен бірге ортақ мақсат жолында аянбай еңбек ете беремін.
Ұрпаққа білім беру және тәрбиелеу ісінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп жүрген ұлағатты ұстаз Гүлнара Тұрсынбайқызы Тәшенованы келе жатқан төл мерекесі 8 наурыз мерекесімен құттықтап, ұстаздық қызметінде толағай табыс тілейміз.
Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ.
Жалағаш кенті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз