МЕРЕЙЛІ ШАҢЫРАҚ

75

0

МЕРЕЙЛІ ШАҢЫРАҚАтақты Александр Затаевич
біздің мына көсіліп жатқан ұлан-ғайыр жерімізге қарап тұрып: «Бүкіл қазақ
даласы ән салып тұрғандай», деп тамсаныпты ғой заманында. Қазақ жерінің селеуі
мен жусанынан жыр ескендей, сылдыраған суынан күй төгілгендей әсер етсе керек
өнер зерттеушісіне. Ұлттың ұлы ұстазы Абайдың өзі «Туғанда дүние есігін ашады
өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең», демеп пе еді?! Бесік жырымен тербеліп
бас­талатын өмір дариясы жоқтаумен аяқталатыны ақиқат қой. Сондықтан қазақтың
өмірі өлеңмен өте тығыз байланысты десек, артық айтқандық болмас. Тіпті, тұтас
бір отбасы өнерпаз болып жатады. Мысалы, өткен ғасырда отбасылық ансамбльдер
көп шықты. Солардың бірі – Тоқаяқовтар шаңырағы.

Отағасы Әбдірайым
Тоқаяқов 1959 жылы сол кездегі Шымкент облысы, Жетісай ауданында дүниеге
келген. Киров ауданындағы Саттар Ерубаев атындағы мектептің түлегі. Орта
мектепті бітіргеннен кейін ХХ партсъезд ауылында механизатор болып еңбек еткен.
Ол кезде бірден оқуға түсіп, білім алу бақыты екінің біріне бұйыра бермейтін
еді ғой. Оның үстіне мектеп бітіргеннен кейін еңбекте шыңдау үшін ауылда алып
қалатын саясат болды. Әбдірайым Тоқаяқов та өзінің қатарластары сияқты еңбекке
ерте араласқан. Бірнеше жыл ауылда еңбек етіп, қара жұмысқа шыңдалғаннан соң
1979 жылы Жетісай мәдени-ағарту училищесіне оқуға қабылданады. Ол жерден клуб
қызметкері және оркестр дирижері мамандығы бойынша білім алып шығады. Ол
заманның тағы бір қағидасы бойынша жігіттер міндетті түрде әскерде болуы
керек-тін. Әбдірайым Тоқаяқов та оқу бітіргесін отан алдындағы борышын өтеп
қайтады. Сол әскерден оралған 1982 жылдың күзінен бастап үздіксіз мәдениет
саласында қызмет етіп келе жатыр.

Өнерімен жұртты тамсантып
жүрген азамат түрлі өнер байқауларының жүлдегері. Атап айтқанда, 1986 жылы
Ташкент телефестивалінде лауреат атанған. Бүкілодақтық халық творчествосы фестивалінде
бір емес, қатарынан екі жыл жүлдегер болған. Сондай-ақ, 1986 жылы Болгарияда
өткен Г.Димитров атындағы жастар фестивалінің дип­ломанты.

Әбдірайым Тоқаяқовтың
өнер жолында келе жатқанына отыз жылдан асты дедік қой. Ол саналы ғұмырының
басым бөлігін Өзбекстанның Жизақ облысы, Мырзашөл ауылында өткізді. Сол жақта
отбасын құрды. Жұбайы Ғалия Сансызбаева да мәдениет қызметкері. 1998 жылы
Тоқаяқовтар шаңырағы Қызылорда облысының Сырдария ауданына қоныс аударды.
Бүгінде бұл отбасында 1 ұл, 4 қыз өсіп келеді. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген
тон пішер» дегендей балаларының барлығы өнерлі. Ән де айтады, жыр да төгеді,
күй де шертеді. Отбасылық түрлі конкурстарда жүлде салған, көптеген өнер және
шығармашылық байқауларының жеңімпазы атанған.

Атамекенге оралғаннан
бастап Әбдірайым Тоқаяқов Сырдария аудандық мәдениет үйінде жұмыс жасайды. Ал
жұбайы Ғалия Сансызбаева Тереңөзек кентінің сүйемелдеушісі.

Бір айта кетерлігі,
Тоқаяқовтар отбасы – Мемлекеттік «Нұрлы көш» бағдарламасымен туған еліне
оралған отандастарымыздың бірі. Ұлттық
өнер мен құндылықтар­ды көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтарына мирас етіп
жалғастырып отырған өнегелі отбасы. Ауданның ғана емес, аймақ мәдениетінің
өркендеуіне елеулі үлес қосып, зор еңбек сіңіріп келе жатқан шаңырақ.

Бүгінде Тоқаяқовтар
отбасын барша аудан жұртшы­лығы ерекше құрметтейді. Өйткені, олар – рухани
толыс­қан, өмірлері өнермен өрілген өнегелі отбасы. Ал бұл – екінің біріне,
егіздің сыңарына бұйыра бермейтін бақ.

Е.АЙТӨРЕҰЛЫ.

Сырдария ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз