МҮГЕДЕКТЕРГЕ АРНАЛҒАН ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСПАҚШЫ

52

0

Жуырда Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын жолдады. Онда еліміздің дамуының даңғыл жолы сараланып, нақты міндеттер айқындалды. Сондай-ақ, Қазақстанның 30 елдің қатарына кіруі үшін атқарылуға тиіс он бағытты атап айтқан болатын. Соның ішінде бесінші бағыт ол мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын беру. Осы ретте Елбасы барлық әлеуметтік институттар мен  үкіметтік емес ұйымдарға,  сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясына мүгедектерге қамқорлық көрсету мақсатындағы жұмыстарды қолға алуды нықтап тапсырды. Осыған орай сәрсенбі күні еліміздің барлық аймағында «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында мүгедектер үшін ашық есік күні өтті. Бұл шара Сыр өңірінде де жүзеге асты. Қабылдауға келген кембағал жандар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, кеңестер алды, ұсыныс-тілектерін білдірді.

Мұнан соң «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек аймақтық филиалдармен бейнемәжіліс өткізді. Шараға біздің өңірден облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова, «Нұр Отан» партиясы ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков пен ҮЕҰ жетекшілері қатысты. Шара барысында Б.Байбек мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту аясында атқарылатын жұмыстардың  төрт бағыт бойынша жүзеге асырылатынын жеткізді. Біріншіден, мүгедектерді тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету. Екінші бағыт, партия тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз жағдайлар туғызу, яғни, нысандардың қолжетімдік картасын жасау. Үшіншіден, мүгедектер жайын, олардың қалай өмір сүріп жатқандығын, немен айналысатындарын  ақпараттандыру. Төртіншіден, олардың құқықтық сауаттарын арттыру мен құқықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету. Осы мақсатта «Кедергісіз келешек» жобасы да жүзеге асатын болады.
Айта кету керек, қазіргі күні елімізде еңбекке жарамды 400 мыңнан астам мүгедектер болса, оның 51 мыңы ғана жұмыс жасайды. Сонымен бірге, 18,5 мың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының 14,5 мыңы олар  үшін қолжетімсіз болуда. Осылайша жиын соңында нұротандықтар  Жолдаудан туындаған өзекті мәселенің түйінін тарқатып, нақты шаралар арқылы іске асыратындықтарын жеткізді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз