МҮГЕДЕКТЕРГЕ «КЕДЕРГІСІЗ ОРТА» ҚАЛЫПТАСАДЫ

49

0

Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау, оларды
қоғамға бейімдеу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен, әлі де
болса, шешімін таппай жатқан мәселелер қаншама. Қарапайым пандустардың өзі
мүгедек жандардың ғимараттарға кіріп-шығуына ыңғайсыз. Тек, бар деген аты ғана.
Бұл біз білетін бір ғана жайт. Ал
күнделікті өмірдегі оларға кездесетін
қиындықтар бұдан да күрделі.

Мүмкіндігі шектеулі жандар тап болатын осындай кедергілерге бей-жай
қарамаған «Ізет» қоғамдық қоры жаңа жобаны қолға алып жатыр. Құрылғанына екі
жыл болған оның бастамасына еліміздегі БҰҰ Даму бағдарламасы қолдау көрсетуде. Олар әлжуаз топ өкілдеріне «Кедергісіз орта»
қалыптастыруды мақсат етіп отыр.

– Бұл жоба еліміздегі мүгедектердің құқығын қорғау заңына сәйкес
жасалуда. Негізінде қоғамдық орындарда барлық қызмет оларға қолжетімді болуы
керек. Алайда, халыққа қызмет көрсету орталығы да қажетті құралдармен толық
жабдықталмаған. Қарапайым пандустар облыс әкімшілігі мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасының ғимаратында ғана талапқа сай келеді. Осындай
жағдайды ескеріп, басқаларға үлгі ретінде бұл жобаны жүзеге асырудамсыз. Құны
1,5 млн теңге болатын жос­пар толық жүзеге асқанда мүгедектерге арналған
сангигиеналық кабинеттер жабдықталады. Сонымен қатар, облыстық жұмыспен қамтуды
үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы әр кабинеттің
есігіне мамандардың нендей қызмет
атқаратындығы қосымша Брайль алфавитімен де жазылмақ. Бұны Алматыдан келген
мамандар жүзеге асырады. Қыркүйек айына дейін ғимаратты толық жабдықтап бітеміз
деген ой бар, – дейді «Ізет» қоғамдық қорының директоры Шыңғыс Үмбетов. Бұл
бастамаға аталмыш басқарма мамандары да дән риза. Осыдан соң, оларға келіп
түсетін арыз-шағым азая­ды деген үмітте. Себебі мұнда осы уақытқа дейін 27 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан
тіркелген. Демек, күніне мыңдаған жан қолайлы жағдайдың жоқтығынан қиындыққа
тап болады деген сөз.

Қызылорда облысы – қоғамның әлжуаз топтарына «Кедергісіз орта»
қалыптастыруды қолға алып отырған төртінші
аймақ. Қазір мұндай жоба Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан
облыстарында жақсы нәтиже көрсеткен. Біздегі бастамашыл топ өкілдері де
жұмыстарының одан әрі жанданып, барлық басқармалар тарапынан қолдау табады
деген үмітте.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз