МӘҢГІЛІК ЕЛ

52

0

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – «мың өліп, мың тірілген” қазақтың тарихындағы алтын әріппен жазылған күн. Әр жылдың 16-желтоқсанында аталып өтілетін бұл мерекенің әр қазақстандық үшін орны бөлек. 
«Тәуелсіздік” атты ұлы ұғым қазақтың санасына ғасырлар бойы арман болып орныққанмен, оған қол жеткізу оңайға түспегенін тарихтан білеміз. Елбасымыз өткен дәуірдегі қаһармандық оқиғалардың тізбегін «Ұлы далада бірінен соң бірі толас таппай жүріп жатқан 200-ге тарта көтерілістер эстафетасы, біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастау көздері» деп бағалаған болатын. 
Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға бар өмірін сарп еткен хан-сұлтандары мен батырларын тарихқа өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар ретінде ардақтап, олардың өлмес рухын ұлт мақтанышы ретінде күні бүгінге дейін жеткізді. Жиырмасыншы ғасырдың соңында әлем келбеті ешқандай дүрбелеңдерсіз-ақ өзгеріп шыға келді. Оған жер-жаһанның алтыдан бір бөлігіне иелік етіп, қаһарымен алыс-жақын жұрттардың бәрін ықтырып келген алып империяның ың-шыңсыз ыдырай бастауы себеп болды. Ыдыраған империяның орнына он бес тәуелсіз мемлекет өсіп шықты. Солардың бірі Орталық Еуразия алабындағы ғажайып әрі қайталанбас тарихы бар Қазақстан Республикасы еді. 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы” заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25-қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті. 
Қабылданған құжаттың 1-бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық, унитарлық және құқықтық мемлекет деп анықтама берілген. Ол өз аумағында барлық өкімет билігін толық жүзеге асырады, ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізеді, басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынасын халықаралық құқық қағидалары негізінде құрады. 
Заңның 2-бабында республика азаматтары ұлтына, діни сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатыстығына, шыққан тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, кәсібіне, тұрған жеріне қарамастан барлық құқықтар мен міндеттерді, бостандықтарды пайдалана алатыны атап көрсетілді. Егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттіліктің қайнар көзі республика азаматтары болып табылады. 
Мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі қазақ ұлты және Қазақстанда тұратын басқа ұлттар мен ұлт өкілдері мәдениетінің қайта өрлеуі мен дамуына қамқорлық жасау болып табылады. 3-бапта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өкімет органдарының құрылымы анықталды. Қазақстан Республикасының және оның атқарушы өкіметінің басшысы – Президент болып табылады. Республика мемлекеттік тәуелсіздігінің экономикалық негіздері анықталған 4-баптa республиканың тәуелсіз мемлекет мәртебесіне сәйкес келетін және меншіктің барлық түрлерінің көпқырлылығы мен теңдігіне негізделген дербес экономикалық жүйесінің болатыны атап көрсетілді. 
Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі, ол өзінің тәуелсіздігін қорғау мен ұлттық мемлекеттілігін нығайту шараларын қабылдайды. Республиканың ажырамас құқығын құрайтын мәселелерді шешуге кез келген сырттан қолсұғушылық оның мемлекеттік тәуелсіздігіне нұқсан келтіру ретінде бағаланады. Қазақстан Республикасының өз мемлекеттік рәміздері – Елтаңбасы, Туы, Әнұраны бар. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң тарихи маңызды құжат және егеменді, демократиялық қоғам қалыптастырудың негізі болып табылады.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңды қабылдау жөніндегі хабарды республика халқы қуана қарсы алды. 1991 жылғы 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні болып жарияланды. Бұл күн 1986 жылғы Желтоқсан құрбандарын еске алудың бес жылдығымен тұспа-тұс келді. 
Көп ұзамай Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде дүниежүзінің жетекші елдері таныды. 1992 жылы 2-наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) мүшелікке қабылданды. Республика өзіне Ұйымның Жарғысын бұлжытпай орындау міндеттемесін алды. Қазақстан адам құқығының БҰҰ ортақ декларациясымен бекітілген құкықтары мен бостандықтарының басымдығын мойындай отырып, Дүниежүзілік қауымдастыққа лайықты түрде қосылуға ұмтылатынын, алған міндеттемесін мүлтіксіз орындайтынын нық мәлімдеді.
Республиканың мемлекеттік тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен 1992 жылғы қаңтарда Ішкі істер әскері құрылды. Армия қатарына шақырылған жастар Қазақстан аумағында әскери борышын өтеу мүмкіндігіне ие болды. Бұрын, ұзақ жылдар бойы «эксаумақтық» қағида бойынша әскерге шақырылғандар туған жерінен неғұрлым алыс аумақтарда қызмет етуге тиіс болатын. 1992 жылы тамызда Республика Президенті әскери қызметшілер үшін әскери анттың жаңа мәтінін бекітті.
Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы кезек күттірмейтін міндет ретінде оның мемлекеттік рәміздерін қабылдауды талап етті. 1992 жылы 4 маусымда Жоғарғы Кеңестің сессиясы республиканың жаңа мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Сол жылғы 11 желтоқсанда Республика Әнұранының жаңа мәтіні қабылданды. 1936 жылы бекітілген Қазақ КСР-ның мемлекеттік туы мен елтаңбасында Кеңес елінің идеологиялық бағытын (тап күресі, «кеңес» халқының бірлігі, коммунизм идеясын дүниежүзіне тарату) бейнелеген және республиканың этникалық-мәдени ерекшелігін ескермеген рәміздер енгізілген еді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – мемлекеттік негізгі рәміздердің бірі. Тудың ортасында арайлы күн, күннің астында қалықтаған қыран бейнеленген. 
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының негізі – шаңырақ. Ол – Елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ – мемлекеттің түп негізі – отбасының бейнесі. Шаңырақ – күн шеңбері. Айналған күн шеңберінің қозғалыстағы суреті іспетті. Шаңырақ – киіз үйдің күмбезі көшпелі түркілер үшін үйдің, ошақтың, отбасының бейнесі. Тұлпар – дала дүлдүлі, ер-азаматтың сәйгүлігі. Ол жеңіске деген жасымас жігердің, қажымас қайраттың, қажырдың, тәуелсіздікке ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар уақыт пен кеңістікті біріктіреді. Ол – өлмес өмірдің бейнесі. Бес бұрышты жұлдыз гербтің тәжі іспетті. 
Мемлекеттік Ту мен Елтаңба жөніндегі арнайы заңда Қазақстан Республикасының азаматтары және Республика аумағындағы басқа да азаматтар Ту мен Елтаңбаны құрметтеуге міндетті екендігі атап көрсетілді. 1992 жылы маусымда «Қазақстан Республикасы Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заң, кейіннен – әнұран мәтіні қабылданды.
Ал 2006 жылы қабылданған қазіргі әнұран халық арасында ыстық ықыласқа, сүйіспеншілікке бөленген Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні XX ғасырдың ортасында, Хрущевтің әкімшілік реформалары кезінде шыққан. Бұл ән Қазақстан тұтас ел және жерінің бір шөкімін де өзгеге бермейді деген өжет дауылпаз ұран. «Менің Қазақстаным» әнінің рухы жаңа заманда Жаңа Қазақстанды орнатып жатқан халқымыздың рухани талап-тілегіне толық сай келеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны – Қазақстан Республикасының мемлекеттік негізгі рәміздерінің бірі. Әнұран салтанатты рәсімдерде, мемлекеттік органдар өткізетін өзге де шараларға байланысты орындалады. Ел рәміздерін қабылдау аса маңызды тарихи оқиға болды. Көп жылдар бойы Қазақстан өзінің ішкі және сыртқы саясатын анықтау мүмкіндігінен айырылған еді. Енді жаңа рәміздерді қабылдау тарихи сахнаға жаңа мемлекеттің, жаңа бейбітшіліксүйгіш державаның шығуын білдірді.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Республикада бүкілхалықтық референдум өтті, нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы сайлау учаскелерінде жүрді. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. 
Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі өзгерістердің бірі астананың ауысуы болды. Қазақстан Республикасының 1994 жылдың 6-шілдесіндегі «Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру туралы» қаулысы тәуелсіз мемлекетіміз астанасының тағдырын шешті. 1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлығы, 1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мемлекет ретінде өз ұстанымы мен заңдарын, әлемдік қауымдастықтағы лайықты орнын белгіледі. Тұңғыш Президент жүргізген сарабдал саясат Қазақстанды ынтымақсүйгіш, көпұлтты және көпдінді ел ретінде жер-жаһанға жария етті. 
Бүгінгі мереке елдікті мұрат тұтқан, татулықты тұғыр еткен ел үшін өткенге салауат айтып, ертеңге ұлы жоспарлар құратын күн болуымен де құнды, қастерлі. Жер жүзіндегі бар қазақтың атамекені, кіндік қаны тамған Отаны – кең-байтақ қазақ даласына, ұлттық рухқа, бай мәдениет пен салт-дәстүрге, ата-баба арманы – тәуелсіздікке тәу ететін күн. Ал тәуелсіздікті мәңгілік ету – ұрпаққа жүктелген парыз. 
Дайындаған Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.   
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз