МӘҢГІЛІК ӨМІРДІ ӨНЕРДЕН ІЗДЕГЕН

58

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Философия және мәдениеттану» кафедрасы «Қорқыт. Мәңгілік өмір» тақырыбында университет білім алушыларымен Бүкіләлемдік  философия күніне арнап іс-шара өткізді.
Жыл сайын қараша айының үшінші бейсенбісі Философия күні ретінде  ЮНЕСКО-ға мүше 80-нен астам елде аталады. Басты мақсат  философияны академикке, білім алушыға, көпшілік қауымға, философиялық ойлауға, сыни көзқарас пен пікірталасқа жаңа мүмкіндіктер ашуға ұмтылатын барлық адамға бірдей әрі жақын ету болып отыр.
Университетте өткен іс-шарада түркі халқының ортақ бабасы – Қорқыт атаның философиялық мұрасын білім алушылар арасында тереңдете насихаттау, Қорқыт дәуірін білу арқылы орта ғасырдағы өз тарихымызға нақты ғылыми философиялық көзқарас қалыптастыруға баса мән берілді. 
Басқосуға қатысқан университет профессорлары мен оқытушылары  тақырыптың өзектілігіне, өміршеңдігіне тоқталды. Философия және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Оңғар Бермаханов шараны ұйымдастырудағы көздеген мақсаты туралы айтты. Қазақстан егемендік алғаннан кейінгі өтпелі дәуірде өзінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, саяси билігін әлемдік либералдық, демократиялық талаптарға сай қалыптастырып, бірақ алғашында еліміз бен мемлекетіміздің саяси-практикалық саласына баса назар аударуға мәжбүр болды. Осылай болғандықтан да Елбасы Н.Назарбаев аталған бағытты өзі жүргізіп отырған сындарлы саясатының негізі ретінде белгілеп, басымдық беріп отырды. Алайда, біз өтпелі дәуірден шығып қалыптасқан мемлекетке айналдық, болашақта жан-жақты дамуға мүмкіндік жасай алатын қуатты саяси-әлеуметтік құрылымға қол жеткіздік. Ендігі кезекте біздің дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып, сапалы адами дамуымыз үшін рухани түрде қалыптасуымызға баса назар аударуымыз қажет. Отарлау саясаты кезеңінде біздің қазақ халқы көптеген құндылықтарынан көз жазып қалған. Тарихи сабақтастыққа, ұлттық құндылықтарымызға негізделген төл мәдениетімізге, рухани қазыналарымызға айтарлықтай соққы беріліп, әлсіреген. Оның ішінде орны толмас салалар да бар. Тарихи себептерге біздің өткен көшпенді шаруашылығымыз, жазу өнерінің тым кеш пайда болуы, бір ғасырдың ішіндегі салтымызды жойып жібере жаздаған тар жол-тайғақ кешулерді қосуға болар еді. Мұның өзі барлығын қосқанда өткен тарихымызды объективті зерттеп, бірізділікпен шынайы құрастыруға мүмкіндік бермеді, тарихымыз көпе көрнеу бұрмаланды. Осыған орай кеңестік-сталиндік идеологияның «жаңа адам жасау» жолындағы біздің тарихымызға тигізген зор апатын ерекше атауға болады. Қазіргі тәуелсіздік кезеңінде тарихымызға қайта оралу, алыс-жақын шет елдердегі шашырап жүрген тарихымызды жинақтап өткен өміріміздің объективті картинасын қайта қалпына келтіру жұмыстары ұлттық дамуымыздың кезекті алғышарты болмақ. Осы тұрғыдан алғанда Қорқыт бабаның өмірі мен дәуірі, оның тарихи тағдырлары, біздің жаңа тәуелсіз тарихымыздағы алар орнын философиялық ой елегінен өткізіп белгілеу ерекше өзектілікке ие деп есептейміз.
Философия күніне орай университет студенттері арасында эссе жазуға конкурс жарияланған болатын. Осы күні сайыс қорытындыланып, жүлдегерлер марапатталды. «Қорқыт атаның өмір концепциясы», «Ажалмен арпалысқан адам», «Қорқыт. Мәңгілік өмір» тақырыптарын көтерген Сұлтанжан Жетесби, Салтанат Бақбергенова, Жансая Оңғар, Лаура Алпысбай, Ғалия Асан, Жанар Жүсіпованың шеберліктері арнайы сыйлықтарға лайық деп танылды. Көркемдік шеберлігі, шешендік өнері, философиялық мазмұны қабысқан эсселер шәкірттердің мәңгілік өмірді өнерден іздеген тұлғаның философиясын түсінгенін айғақтайды.  
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз