ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

73

0

ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚШиелілік емші-дәрігер Әлмахан Кәменов есімі «Сыр бойы» оқырманына етене таныс. Ол газеттің тұрақты авторы болды, жазған мақалалары өзінің өрнегімен жүрекке жол табатын.

Қаламды қанат қылып тағып қомданып жүретін Әлекеңнің «Құдіреттің тылсым сырлары», «Жетім көңіл», «Жұмбақ өлім», «Тәтті мұңға айналсаң етті» деп аталатын бірнеше кітаптары жарық көрді. Оның басты тақырыбы дін, адам денсаулығы, адами асыл қасиеттері болатын.
Дәрігер-журналистің еңбектері бағаланып, «Қорқыт ата», «Гиппократ» медальдарын омырауға тақты. Жайсаң жан өзі уағыздап, өзгеге тілеген денсаулығынан теперіш тартты. Осылайша ол елу төрт жасында өмірден озды.
Бұйырған тіршілігінің соңғы күндері, осыдан бір апта бұрын ғана облыс әкімінің Құттықтау хатын алдым деп марқайып еді, біз де қуанышына ортақтасқанбыз.
Біз бүгін марқұм әріптесіміздің редакция қоржынында жатқан бір мақаласын жариялап отырмыз.
Қоғамдағы адамдардың барлығы бірдей емес, олардың арасында  еңбек етуге,  өзін-өзі қажетті жағдаймен қамтамасыз етуге жарамды азаматтармен бірге кемтар, мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандар да бар. Өркениетті елдерде кемтар адамдардың өзін өзгелерден кем тұтпай, пайдалы еңбекпен айналысуына барлық жағдай туғызылады. Егемендік алған жылдардан бастап елімізде де мүмкіндігі шектеулі жандарға өз күші жететін кәсіппен айналысуына ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған 2050 жылға дейінгі стратегиялық Жолдауында ерекше көңіл бөлуі кембағал жандардың алдағы күндерге деген үміт отын жаққаны анық. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жеке кәсіпкерлік түгілі, өмір сүрудің қарапайым ережелерін ұстап жүрудің де өз машақаты бар екендігі былайғы елге мәлім болса керек-ті.  Талайлы тағдырына төзе алмаған кей пақырыңыз сағы сынып өз-өзіне қол жұмсаудан да аулақ болған емес. Белгілі ақын, бірінші топ мүгедегі Қайрат Оңдасша айтқанда: «Талайлы тағдырыма қасқая қарсы тұрдым, сағым бірақ сынбады…», – дегендей тарих беттерін парақтасақ, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Кеңес Одағының батыры, ұшқыш Алексей Маресьев, бейбіт күннің батыры «қазақтың Маресьеві» атанған қайсар қыз, жерлесіміз Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспамбетовалардың өмір жолдары өзге жұртқа үлгі-өнеге. Жадыра Таспамбетованың ерлігін жырға қосып, «Қайсар қыз» дастанымен есімін елге танытқан дуалы ауыз ақын Дәулетбек Байдрахманұлы (марқұм) өз жыры кейіпкерінің тағдырын өмірінің соңында қайталаса да, сағы сынбай толассыз еңбек етті. Толассыз еңбектің жемісі – бірнеше жыр топтамаларын оқырман қауымға аз уақыт ішінде тарту етіп үлгерді. Еңбек өтеуі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне талассыз қабылдануы.  Мен де арамызда жүрген қарапайым кембағал жандар туралы қалам тербеп, өзгелерге ой салуды мақсат еттім…
***
«1985 жыл, 16 июнь…  Қарғыс атқыр осы күнді есіме алғым келмейді-ақ», – деп жауырынды келген қара жігіт  өткен өмірін есіне алғысы келмегендей түйіліп, әңгіме желісін басқа арнаға бұрып, мал бордақылаудың мен білмейтін тәсілдерін әңгімелеп  кетті. Таныс емес таныс жігіт аудандық газеттің қызметкері Айнагүл құрдасымның жолдасы Жоламан Кешубаев еді. Таныс дейтінім талайлы тағдырымыздың ұқсастығын меңзегенім. Таныстығымыздың соңы сыйластыққа ұласып, телефон арқылы күнде тілдесіп, қоғам жаңалықтарын талқылай әңгімелесіп жүруші едік. Талайлы тағдырына мойымай,  Рысмұхаммед әкесінің қасапшылық кәсібін мүмкіндігінің шектеулі екендігіне қарамастан (қолтықтағы балдақ пен қолындағы таяғы арқылы әрең қозғалып, сүйретіліп жүрсе де), өмірінің соңына дейін жалғастыруы өмірге деген құштарлығын білдірсе керек- ті.
Рысмұхаммед әке аудандық дайындау мекемесінде мал бордақылаушы-қасапшы болып жемісті еңбек етті. Адал еңбегінің арқасында бала-шағасын таршылық көрсетпей өсірген еді.Ол тұста жеке көлік міну екінің бірінің қолынан келмейтін кез. Елдің алды болып «Москвич»  автокөлігін есік алдына көлденең тартты. Жастайынан әке тәрбиесін бойына сіңіріп, кәсібін меңгере білген  Жоламанның темір тұлпарға әуестігі ерте оянып, көңілжықпастықпен  дос-жарандарының өтініш-тілектерінен бас тарта алмаушы еді.  Сондай көңілжықпастық өмірлік өкінішке әкеп соқтырды. Күні кеше Отан алдындағы қастерлі борышы – әскери міндетін мүлтіксіз орындап келген атпал азамат сол күні өмірлік кіріптарлыққа душар болам деп ойлап па еді. 
Тартоғай ауылынан кештете шыққан жеңіл көліктегі олар үлкен жолдың бойында бірнеше рет аударылып түсті. Адамдары дін аман қалғанымен, жұлынға зақым келген Жоламан мүгедек болып қалды.
Әке дәулеті бауыр еті баласының денсаулығы жолында шашылып жатты. Қайда барса да, «Қорқыттың көрі» демекші, үміт артқан ем-домнан еш нәтиже болмады. Өзінен кейінгі туған інісі Амантай қашанда жанынан табылып, демеу бола білді. Сол кездегі еліміздің жүрегі – Мәскеу қаласының білгір деген нейрохирург дәрігерлері науқас алдында дәрменсіздік танытумен болды. Денсаулығының түзелуінен үміт үзген шақтарда қайта қайраттанып, психологиялық тұрғыдан өзін кез келген жағдайға бейімдей алып, болашақ өміріне оптимистік көзқарасын қалыптастыра алуы – ердің ерінің ғана қолынан келетіні анық. Буырқанған жас көңіл  асыл жар құшып, ұрпағын өрбітуді ойлады. Қайсар жас діттеген ойына 1992 жылы көктемнің жайма шуақ айы – сәуірде Айнагүл есімді арумен бас қосып, қол жеткізді. 1993 жылдың күзгі егін-терім науқаны аяқталар тұста, яғни, қараша айында әке жүрегін бұлқынтып, өмірінің жалғасы, шаңырағының иесі – Нұржігіті дүние есігін ашты. Ендігі жерде осы қызыл шақалақ үшін өмір сүруі керектігін түсініп ел ішінің толқулы қиын кезеңінде әке кәсібін жандандыруды мықтап қолға алды. Ол бордақылап сойған малдың етінен  дәм татқандар тамсанушы еді. Еңбек өтеуі – жақсы өмір. Мен білетін Жоламан бір жапырақ ұлы үшін бірнеше рет темір тұлпар алып, көңіл тоғайтқанының куәсі болдым. Қайсар жан талайлы тағдырына қасқая тұра білді.
***
Мен өмірлік екінші топ мүгедегі Дүйсен Медешовті   сырттай танығаным болмаса, бетпе-бет кездесіп, танысуым техникалық жөндеу станциясында болған еді. Талдырмаш, тәпелтек сылыңғыр жігіттің екі қол саусақтарының жоқтығына (тұқылдар ғана) қарамастан, кілт ұстап бұрауы, балға соғуының нық екендігін көріп, нағыз қайсар жанмен жолығысқанымды ұқтым. Ол ұзақ сапарларда менің жеңіл көлігімнің және «Шиелі-Алғабас» бағытындағы «РАФ» микро автобусымның сенімді жүргізушісі ретінде он екі мүшесі сау жандардай қызмет етті. Мүгедек жанның жан толқынысын түсінетін маған оның тағдыр тәлкегін тәптіштеп сұрау ауыр тиері анық еді. Араласып-құраласқанымызға екі-үш жыл өткенде оның тағдыр теперішін білудің сәті де түсті. Тоқсанның ауылына бет бұрған анасы Жібек шешейдің өз аузынан естіген әңгімем: «…Шал екеуміз қалқоздың малын бағамыз. Дүйсенім – сүт кенжем. Ол кезде малшыларға дәл қазіргідей жағдай жасалынбаған. Қыс қыстауы, жаз жайлауы малдың жайылатын өрісіне қарай қараша үймен көшіп-қонып жүреміз. Жас балаларға қарайтын, малшыға көмекші шопан деген атымен жоқ. Дүйсенім сол кезде еңбектейтін жаста. Күн суық. Үй ортасына сексеуілден маздатып от жағамын. Соның шоғымен үй кешке дейін жылы тұрады. Отқа қолы жетпейтіндей етіп, аяғынан жіппен жүкаяққа байлап кетем күнде. Сол күні малда жүрген менің жүрегім алабұртып, үйдегі балама алаңдаумен болдым. Жүрегі құрғыр бекерге тыпыршымаған екен. Малды қораға құлатып, үйге жақындағаннан күйген тері исі қолқаны қапты. Айналайын балам қып-қызыл шоқтың үстінде екі қолымен жер тіреген қалпы, екі көзі бақырайып сілейген күйі қалыпты. Бала болып жыласайшы, шүкірім. Жоқ, әлде Алла шыдам берді ме, білмеймін. Жаңа еңбектеп жүрген балада қайбір сүйек болсын. Шеміршектері жанып кеткен, саусақтары жоқ. Кейін келе терісі бүрісе екі қол саусақсыз тұқылданып жазылды-ау, әйтеуір. Адам неге болса да бейімделіп, қалыптасады екен. Құдайға мың тәубе! Осы денсаулығына қарамай нанын адал жолмен тауып, өсіп өнді. Бала-шағасын жеткізіп жатыр. Жеткізген емей не, сүт кенжемнен көрген немерем Элмираны Түркістан қаласындағы медициналық колледжде ақылы негізде оқытуда. Келінім Алтыншаш алты ұл-қыздың анасы, күміс алқа иегері», – деп көкірек тұңғиығындағы өкінішін ақтарыла айтқан еді кейуана.
***
Кеңестер елінің басшы партиясы – лениншіл коммунистер партиясының солақай саясаты қазақ еліне, жеріне кері ықпалын тигізбей қойған емес. Қасиетті жеріміз тозып, халқымыз денсаулығы азып «солақай саясаттың» қиянатын көп көрген халықпыз. Кешегі Байқоңыр ғарыш айлағынан құлаған «Протон» жер серігінен төбемізге құйылған 500 тонна гептил атты улы газдың тигізер зардабын дәл болжай алмай дүбәра хал кешудеміз бүгін. Семей полигонының зардабын тартып көріп келе жатқан халқымыз үшін гептил атты «улы запыранның» зардабы қаншалықты екені беймәлім. Семей полигоны мен сонау-у-у Чернобыль радиациялық апат аймағының зардабын жоюшылар арасында қазақстандықтар көптеп саналды. Жер-жердегідей радиация апатын жоюға  қатысушылардың мұң-мұқтаждарының жоқтаушысы ретінде 38 адамның басын қосқан «Радиация апатын жоюға  қатысушылардың» аудандық қоғамдық бірлестігі құрылды (төрағасы Мелс Тоқтыбаев). Өз елінің ерен патриоттары сол бір қиын сәттерде өз денсаулықтарына келер зиянды ойлап па екен? …
Әңгіме еткелі отырған сондай азаматтардың бірі – Палтай Ахметов. Емшілігімен елге жаққан  сынықшылар әулетінің ұрпағы Палтай ағамыздың саналы ғұмырында еңбек кітапшасында екі-ақ жазба бар. 1955 жылдың 15 қаңтарында Қызылорда облысы Шиелі темір жол бөлімшесіне қарасты аудан іргесіндегі 21-бекетке электромеханик-автоматика мамандығы бойынша жұмысқа қабылданып, зерек жастың тиянақты жұмысы басшылық назарына ілініп, уақыт өте келе бекет басшысы лауазымды қызметіне тағайындалып, зейнеткерлікке шыққанға дейін 32 жыл табан аудармай адал қызмет етті. Еңбек кітапшасындағы 2-ші жазба зейнеткерлік жасына байланысты демалысқа шыққандығы жөніндегі мағлұмат. 1957-1960 жылдар аралығында Семей полигонында әскери борышын өтеу барысында ұзаққа бомба тасымалдау ұшақтарының авиатор механигі, сержант шеніндегі бөлімше командирі қызметін атқарып, Отан алдындағы қасиетті әскери борышын адал орындап елге оралды. Темір жол саласындағы қызметін қайта жалғастырып, үлкен беделге ие болды. 1987 жылы ел әлеуетінің артуына қосқан ерен еңбегі мемлекет тарапынан тиісті бағаланып, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.  Еңбек десе, жанып түсер жан радиация зардабын арада 40 жыл өткенде барып тартты. Бір өкпеден айырылып, екінші топ мүгедегі аталды. Жетпістің желкенін керіп, сексеннің сеңгіріне жол тартқан полигон ардагері ауданымыздың қоғамдық тіршілігінен қағыс қалмай бұл күнде адал жары Дариха (марқұм) жеңгей екеуінен өрбіген жеті ұл-қыздан Алланың берген жиырма шақты немере мен төрт шөберенің қадірлі атасы. «Радиация зардаптарын жоюға қатысушылардың» аудандық қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі, «Семей полигонының жабылуына – 20 жыл», «Бауыржан Момышұлы-100» мерекелік медальдерінің иегері, Алмалы ауылдық округі ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары бола жүріп, өскелең ұрпаққа айтар тағылымы мол әңгімелері бар абзал қария. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз