НАСЫБАЙДЫҢ НАСТЫҒЫНА НАНЫҢЫЗ

71

0

Нас-бай. Аты айтып тұрғанындай, нас, лас
затқа бай дүние. Алайда, ол біреулер үшін құмар қандырып жүрген құнды дүние
болып тұр бұл күнде. Бағасы да қолжетімді. Әсіресе, соңғы уақытта жасөспірімдер
мен жастар үшін құмар қандырудың ең тиімді әдісі болып тұрғаны жасырын емес.
Әрине, күл-қоқыстың, саңғырық, қидың болымды бағасы болушы ма еді? Ол тек табак
жапырағының езіндісі ғана емес, оның әсерін арттыру үшін бірнеше қоспалар
қосылады. Мысалы, әк сығындысы, қой құмалағы немесе тауық саңғырығы,
өсімдіктердің күлі сынды бірнеше адам ағзасына өте зиянды қоқыстардың жиынтығы
бар.

Насыбай – құрамында есірткі бар
алконас тұқымдасына жататын темекі өсімдігінен жасалатын, құмарлық үшін
тұтынылатын зат. Негізінен үй жағдайында жасалады. Оны пайдалану адам
ағзасындағы жасушалардың қалыпты жағдайын бұзады. Яғни, арзан қол заттың залалы
зор. Қырғыз дәрігерлерінің зерттеуі бойынша насыбайдың ішкі секреция бездерін
қабындырып, ерлерді белсіздікке ұшырататыны анықталған. Насыбайды ерін, тіл
астына ататындықтан, ауыз қуысы мен көмей обыры пайда болады. Әсері бірден миға
шабатындықтан ми тамырларының қысылуы салдарынан инсульт және инфаркт болу
қаупі басым. Оған қоса, құрамындағы әкті ауыз қуысы сілекейі арқылы
жұтатындықтан оны тұтынушылар гастрит, асқазан жарасы ауруларына жиі шалдығады.
Насыбайға қосылған ауыр металдардың салдарынан адамның бүйрек және бауыры да уланады.
Әрине, мұның бәрі бірден байқалмайтыны анық, әйтсе де жегі құрт сынды араға
жылдар сала отырып, сеспей қатыратыны белгілі.

Жалпы, темекі мен насыбай –
наркологиялық заттарға тәуелділіктің басы. Жастайынан шылым мен насыбайға
әуестенген жанның өсе келе организмі одан да жоғары құмарлықты қандырар зат
іздейді. Осылайша көзге ілінбес жат әрекеттен бастау алған әдет соңы індетке
апарып соғуы әбден мүмкін. Сонымен бірге насыбайға әуестене бастаған
жеткіншектің психологиясында да ауытқулар байқалатынын ескерген жөн. Насыбайға
әуестенген адам тазалықтан да тыс қалады. Аузынан жағымсыз иіс шығып, тістері
көгеріп, ажырайды. Жат қылыққа бой алдырған балалардың араласатын ортасы да
өзгереді. Теріс қылықты таныс­тары артады.

Жастар насыбайдың зиян екенін біледі,
алайда құмарлықты құрықтай алмайды. Бірақ, жігерін жанып, қайратын қамшыласа
жат әдеттен арылуына болады. Ең дұрысы, жеткіншектерімізді осы жат, зиянды
әдеттен аулақ ұстап, қауіптің алдын алу.

Жамила Махмұтова,

облыстық салауатты өмір салтын
қалыптастыру орталығы «Темекіге қарсы күрес» бөлімінің маманы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз