ӨНЕРІМ – ӨМІРІМ

71

0

Әйел-аналарымыздың төл қуанышы – 8-наурыз да жетті, міне. Көктемнің алғашқы мерекесі болып табылатын бұл күн барлық әйел атаулының қуана қарсы алатын мерейлі мейрамы. Осы орайда өнерде жүрген бірқатар қыз-келіншектер арасында сауалнама жүргізген едік. 
1. Өткен сегізінші наурыз бен биылғы сегізінші наурыз аралығында өміріңізде, өнер жолында қандай қуанышты сәттер орын алды, яғни, несімен есте қалды?
2. Ең алғаш кімнен жылы лебіз, сый-сияпат күтесіз?
Күлән Қалымбетова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
1. Иә, бұл  әйел-аналардың асыға күтетін күні, мерейлі мерекесі. Өткен жыл мен үшін жаман болған жоқ.  Облысты түгел аралап, барлық ауылдарда, елді мекендерде жеке концертімді өткіздім. Репертуар жаңарттым. Ең бастысы, бір түйір қызым Ләйләні ұзатып, құтты орнына қондырдым. Кез келген ана үшін балаларының өз теңін тауып, ұясы мен қиясына қонғанынан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Сондықтан бұл менің ең басты жағымды жаңалығым. Ал, алдағы жоспарыма тоқталсам, биыл күзге қарай жеке концертімді бермекпін. Соған дайындық үстіндемін. Өнерге 19 жасымда келдім, сонан бері сахнада жүргеніме 36 жыл болыпты.  Осыған орай жеке концертімді  өткізуді жоспарлап отырмын. 
2. Ең алғаш кімнен сый-сияпат күтесіз дегенге келсем, әрине жұбайымнан күтемін, онан соң достарымнан. Себебі, бұл күні достарым міндетті түрде келіп, өздерінің ақ тілектерін арнап, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Өзім де бұрын ең алдымен анамды құттықтайтынмын. Ол кісі қазір дүниеден озып кетті, сондықтан енді жеңгелерімді құттықтауға тырысамын.  
Үміт Медеуова, ҚР Мәдениет қайраткері:
1. Жылылықтың, мейірімділіктің белгісіндей болып табылатын 8 наурыз халықаралық әйелдер, аналар, қыздар мерекесі мен үшін де мерейлі. Өткен жылы жеке концертімді бердім. Өзім еңбек ететін филармонияның 40 жылдығы өтті. Өнер адамы үнемі ізденіс үстінде жүруі тиіс деп ойлаймын, сонымен бірге жалықпай еңбек етуі керек. Былтыр  бірқатар жаңа әндер жаздырдым. Биыл да репертуарымды жаңа әндермен толықтырудамын. Мәселен, жақында ғана аналар, әйелдер мерекесіне арнап  Тынышбай Рахымның әні «Боз орамалды» жазып біттім.  
2. Ең алдымен құрметті жарымнан, балаларымнан күтемін.  Өзім де анамын, сондықтан балаларымның, жолдасымның шын көңілімен сыйлаған қандай сыйлығы да мен үшін қымбат. 
Индира Елубаева, Р.Бағланова атындағы әншілер байқауының лауреаты, әнші, сазгер:
1. Әйелге бала сүйіп, ана атанудан артық бақыт жоқ екені белгілі. Осы орайда айта кетейін,  өткен жылы жазда үлкен бақытқа кенелдім.  Бүгінде Гүлімай есімді кішкентайым өсіп келеді. Қызымнын атын белгілі әнші апамыз  Мақпал Жүнісова қойды.  Баламен үйде отырсам да жаңа әндер жаздым.  Яғни, өнерімді дамытудан қол үзген емеспін. Мысалы, кішкентайыма арнап жазған «Ботақаным» әнін белгілі әнші Индира Расылхан орындап жүрсе,  Ұлықпан Жолдасовтың әніне жазылған «Келмеші» атты әнім белгілі әнші Ақбота Керімбекованың орындауында көпшілікке танылуда. Сол секілді  Толқын Қабылшаеваның сөзіне жазылған «Өмір» деген әнімді «Сәтті» тобы орындап жүр.  Осы секілді бірқатар әндерім бар. 
2. Ал, сый-сияпатқа келсек, ең алдымен құттықтауларды бауырларымнан, жақындарымнан күтемін. Мені сыйлайтын, құрметтейтін жандардың кез келген бір ауыз жылы лебізі, қандай да бір сыйлығы мен үшін ыстық. 
Сауалнаманы жүргізген: Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз