НИЕТІҢ ТҮЗУ, НЕКЕҢ АДАЛ БОЛСЫН

270

0

Бүгінде азаматтық неке ұғымы қоғамымызға таңсық емес. Шарасыздықтан қойылған бұл атауға күннен-күнге
бәріміздің етіміз де, құлағымыз да үйреніп барады. Ешбір жерде тіркелмей,
некесіз тұрып жатқан жандардың бұл іс-әрекетін «бейресми неке» деп те атап
жүрміз.

 

Ең алғаш 1580 жылы
Нидерланды жерінен бастау алған аталмыш ұғым қазіргі таңда қазақ жерінде де кең етек алуда. Ислам діні
бойынша бұл некесіздікке жатады. Өйткені, дініміз Алланың алдында куәлік
келтірмей, жұртқа жария етілмей ерлі-зайыптылардың бір шаңырақтың астында
тұруын зинақорлыққа ғана балайды. Бірақ мұны ескеріп жатқан жастарымыз жоқ.
Олардың да өз пайымдаулары бар. Олардың пiкiрiнше, бiр шаңырақтың астында
тұрамыз деп шешкен жандарға неке куәлiгiн алып, әуреленудiң қажетi жоқ. Ең
бастысы, тату-тәттi болып, жарасып кету, жараспасақ, ың-шыңсыз өз жөнiмiзге
кете барамыз дейдi. Заңды түрде ерлi-зайыпты болып танылмағаннан кейiн
азаматтық некедегi ерлер мен әйелдің бiр-бiрiнiң алдында жауапкершiлiк
болмайды, тіпті, бір-біріне міндет артпайды. Ал, бала болған жағдайда оның
жауапкершілігін өздері шешеді. Қоғамымыздағы мұндай неке көп жағдайда ешбір
нәтиже бермейді. Сондықтан еліміздегі тастанды, жетім балалардың басым бөлігін
осы некесіз туған балалар құрайды. Бұл өз кезегінде қоғам үшін де, ел болашағы
үшін де зиян болып табылмақ.

Осылайша, азаматтық неке
деп өз пайымдауларын жасап үлгерген жас­тарымыз «болашаққа жар болуға әзірлік»
деген атпен бұл некені «адал етіп» заңдастырып алуда. Шын мә­нінде бұл адал
емес. Дінімізде, жоға­рыда айтқанымыздай, зина болып есептеледі. Ислам дінінде
бір мәр­те зина жасау кісі өлтіру тәрізді ең үлкен күнәлардың бірі. Құранда:
«Зинаға жақындамаңдар. Өйткені, ол өте жаман бір іске апаратын жол», – дейді.
Ендеше, заңсыз қосылған қыз бен жігіт өзара ажырасқанға дейін зина жасағанмен
тең. Ал, олардан туған бала зинақордың баласы болып аталады. Сондай-ақ, еш жерде
тіркелмегендіктен, қоғамға қосатын үлесі мүлдем жоқ, тіпті ста­тистикалық
мәліметте болмайды. Бұл жөнінде АХАТ бөлімінің басшысы Ш.Әбдіразақова өз ойын былай түсіндірді.

– Азаматтық неке дегенді
түсін­беймін. Менің ойымша, неке ұғымы бар жерде әйел мен ер адамның алдында
белгілі бір міндет, жауапкершілік болуы тиіс. Қазіргі жастардың іс-әрекетін тек
сынақ деп білемін. Өйткені, бір-бірінің туысқандарымен қатыспайды, өз
беттерінше өмір сүреді. Сондықтан, оны азаматтық неке деп атауға болмайтын
шығар. Оның қоғамға әсеріне келер болсам, пайдасынан зияны мол. Мұндай некемен
қосылғандардың үй болып кететіндері некен-саяқ. Шындығында, бұл неке еліміздің
«Неке және отбасы» туралы кодексінде мүлдем қарастырылмаған,-деді сала басшысы.

Азаматтық некеде тұратын жандардың
арасында отбасылық кикілжің жиі орын алатыны тағы бар. Себебі, бір-біріне деген
сенімсіздік, жауапкершіліктің жоқтығы үлкен дауға әкеліп соқтырады. Яғни, екеуі бір-бірімен мүлде санасқысы, бағынғысы келмейді. Осыдан келіп, реніш, айғай-шулар
жиі қайталанады. Алайда, бір шаңырақтың астында тұрса да, бірден ажырасып кете
салатын азаматтық некеде тұрғандардың жан жарасы оп-оңай жазыла қоймайды.
Әсіресе, әйел адамдар психологиялық күйзеліске ұшырап жатады. Өйткені,
психологтардың пікірінше, әйелдер қасындағы адамын серігім деп сенеді, ер
адамдар оларға тек көңілдесі ретінде қарайды екен.

Осын­­дай некенің
салдарынан тірі жетім балалармен қатар жалғызбасты аналардың саны да
жылдан-жылға өсуде. Оның үстіне шынайы некеде тұрып, бірақ, дәм-тұзы жараспай ажырасып
кеткен ана баласы үшін нағыз әкесінен алимент ала алмай жатқанда, алданып, аяғы
ауыр болып қалған қыздардың әлеуметтік жәрдемақы алуы неғайбыл.

Бір қызығы, мамандардың
айтуынша, баласы куәлік алғанда немесе құжатқа қажеттілік туғанда келіп тіркеліп
неке куәлігін алатын орта буын өкілдері де кездесіп жатқан көрінеді. Түрлі
себептермен некеге тұрмаған мұндай жандардың іс-әрекеті бүгінгі қоғамда
күделікті жайттардың біріне айналған.

Заман өзгерді ме, әлде адам
өзгерді ме деп жатамыз. Заманды өзіміз жасап отырғандықтан, адамның өзгергенін
байқау қиын емес. Жанталасқан қоғамда ешкім ешкімнің жағдайына мойын бұрып
қарамайды. Әркім өз күйін күйттеп өмір сүруде. Сондықтан болар, азаматтық неке
секілді дүниелердің көбейгені соншалық, мән бермейтін дәрежеге жеттік. Бұл
күнделікті қозғалып жатқан мәселе. Десек те, үнемі назарда ұстайтын жағдай
екенін өмір күн өткен сайын дәлелдеуде.

Қоғамның өзекті дертінің
бірі са­нал­ған мұндай жайттар қатарын соң­ғы уақыттарда аралас некеде толық­тыруда.
Бұл некенің де жарға жығар тұсы көп. Оған бір ғана мысал, саны жағынан аз
ұлттар алпауыт ұлттармен араласуының нәтижесінде жойылып кетуі әбден мүмкін. Ең
сорақысы, мұндай некеден туған ұрпақ өзінің ата-тегін жоғалтады. Жеті атасын
сұрап, ұрпағын текті етіп өсіруді қалайтын қазақ халқы, қоғамы үшін бұл үлкен
қасірет. Бірақ, мұны ескеріп жатқан ұл-қызымыз аз. Әсіресе, қыздарымыздың
арасында өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып, шет елге асып кету соңғы кездері
сәнге айналып барады. Өзге елді өз Отанынан, ұлттық намысынан артық санайтын
бойжеткендерімізді аралас некенің артының неге әкеп соқтыратыны ойландырып
жатқан жоқ. Уақытша сезімнің жетегіне еріп, еліне қайырылмастан кетуде. Қа­зақта
«айтылмаса, сөз жетім» дейді. Бастысы, бақытты болса болды дей­ін десең, бұл
қарым-қатынастың аста­рынан үлкен ақиқаттың ұшы қыл­тиып тұрады. Шетелдік
азаматтар елі­міздің азаматтығын алуды көздесе, қыз­дарымыз жайлы орын, жақсы
тұр­мыс іздеуде. Осылай еткен қатар­лас­тарымызды көзіміз де көріп отыр. Соның
бірден-бір дәлелі ретінде мына жайды айтқым келеді.

Бірде бірге оқыған құрбым
хабар­ласып, тұрмысқа шығатынын айтып, тойға шақырды. Естігенімде қатты қуанып
қалдым. Онымен бірге еріп, қыз жолдас болуға да келісімімді бердім. Қуанғаным
соншалық ол кім, қай жақтың баласы деп те сұрамаппын. Тойдың уақыты жақындап
қалғанда білдім. Құр­бым шетелдік жігітке тұрмысқа шық­қалы жатыр екен. Көңілім
бір түрлі ала­бұртып кетті. Неге екенін қайдам тойға барудан бірден бас
тарттым. Қатарластарының алды, бір үйдің ер­кесі әрі жалғыз қызы болып өскен
оның бұл әрекетін мүлдем түсінбедім, оны өзгеге қимадым. Ал, өзінен сұра­ға­ным­да
ол маған: «Мен ұлтшыл емеспін. Кімге барсам да, жақсы өмір сүргім келеді» деп
жауап қайтарды. Сондағы түсінгенім, ата-ананың көңілі, ұлттық намыс деген ұғым
ол үшін маңызды емес. Бастысы, жақсы өмір сүріп, өзге ел­дің түтінін түтету
бірінші орында се­кілді.

Сыртынан қараған кейбіріміз
үшін мұндай өмір керемет көрінуі мүмкін. Бірақ олардың дәл солай ғажайып әлемде
өмір сүріп жатқанына ешкім кепіл бере алмайды. Себебі, шетелдік күйеубалалардың
елімізде тұрақтап қалуы екіталай. Егер еліне кетсе, жанындағы әйелін ертіп кетпесі анық. Ол кезде артында қалған
жәутең көздердің тағдырына кім жауап береді? Кейбір мәліметтерге сүйенсек,
елімізде тәртіп бұзып, қылмыстық іс-әрекеттерге баратындардың көбі әке
тәрбиесін көр­меген, мейіріміне бөленбеген осын­дай тастанды балалар екен. Ал,
шет ел асып кеткен қыздарымыздың жайы қа­лай болмақ?

Жалпы ислам діні жастард­ың
от­ба­сылы болуына ай­рықша мән бе­реді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Неке
– менің сүннетім, кім ме­нің сүннетімнен бет бұрса, ол менің үмметім емес», –
деген­. Немесе Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадис-шә­ріпінде: «Неке қидырып
үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді
қиямет күні басқа үмметтің алдында мақтаныш етемін», – делінген.

Біз қазақ халқы дініміз мен
ділімізге берік халықпыз. Әрбір іске барарда адал мен харамды ажыратып, бәріне
мән беретін елміз. Сол себепті өмірге қадам бастаған жандарға дұрыс
бағыт-бағдар беруді күшейтетін кез келді. Себебі, отбасын құру, шаңырақ көтеру
еріккеннің ермегі емес. Өйткені, отбасы-қоғамымыздың ажырамас бір бөлігі,
еліміздің тұғыры биік тірегі. Сондықтан да некеге тұрарда­ жастарымыз терең
ойланып, асықпай шешім қабылдаған жөн. Ниетіміз түзу, некеміз адал болса, ел бірлігі,
отбасы құндылығының берік болатыны даусыз.

М.ОТАРАЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз