“НҰРЛЫ ЖОЛ” ЕЛ ӨРКЕНІНІҢ ӨЗЕГІ

104

0

Жаһандық дағдарыстың елімізге тигізер қаупін сейілту мақсатында Елбасы
биылғы Жолдауын ерте жариялағаны белгілі. Бұл, біріншіден, елім деп жаны күйген
Елбасының елгезектігі болса, екіншіден, жаһанда болып жатқан саяси ахуалды
терең талдай алатын саясаткерлігінің, көрегендігінің нәтижесі. Мемлекет басшысы
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты бұл Жолдауында «Мәңгілік Ел» идеясының
стратегиялық нақты бағдарламасын жасап берді. Елбасының атап өтуінше, жаңа
саясат еліміздің құрылымдық реформаларын одан әрі жүзеге асыруға бағытталатын
болады.

Елбасы жыл
сайынғы Жолдауларында ел дамуының барлық саласын қамтып, алдағы жылдар ішінде
қандай іс атқарылатынын айқындайды. Биылғы басты құжатта басымдық берілген
алдыңғы қатарлы заманауи көліктік инфрақұрылым – жарқын болашаққа апарар жол.
Ол экономикамыздың дамуына және экономикамызды инновациялық даму сатысына
көтеретін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым. Президентіміз көліктік
инфрақұрылыммен қатар, әлеуметтік маңызы бар басқа да мәселелер бойынша нақты
бағдарламалар ұсынды.

Мемлекеттің
басты байлығы адам десек, адамның басты байлығы – денсаулығы. Осы орайда
елімізде денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп, қамқорлық танытылуда.
Биылғы Жолдауында да Нұрсұлтан Әбішұлы білім, денсаулық және ауыл шаруашылығы
салаларының назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Осы уақытқа дейін Елбасының
бастамасымен денсаулық сақтау саласына қатысты көптеген мемлекеттік
бағдарламалар қабылданды. Сол бағдарламаларды жүзеге асыруда Сыр өңірінің
денсаулық сақтау саласында да көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Жалпы,
облыста 179 медицина ұйымы тұрғындарға қызмет көрсетеді. Оның 46-сы стационар болса, 127-сі
амбулаториялық емханалар. Дәрігерлермен қамтамасыз етілу көрсеткіші 10 мың
тұрғынға шаққанда республикада 31,4
болса, облыста 28,8-ді құрайды немесе 2047. Жоғары білімді медицина мамандарына
қажеттілікті төмендету тенденциясы байқалады. Әсіресе, ауылдық жерлердегі
дәрігер мамандарына қажеттілік соңғы үш жылда 52,3 пайыздан 37,8 пайызға
төмендеді. Елбасының бастамасымен әзірленген «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы
шеңберінде 281 жас жұмысқа қабылданды.

«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы
шеңберінде 2013 жылы облыс бюджеті есебінен Қармақшы ауданы Төретам кентінде
100 келушіге арналған ауылдық емхананың және республикалық бюджеттен Қызылорда
қаласында 200 төсектік облыстық перинаталдық орталығының құрылыс жұмыстары
аяқталды. Сондай-ақ, 2013-2014 жылдары «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы
аясында 24 ауылдық дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, пайдалануға
берілді. Биыл 2,3 млрд. теңгеге облыстың емдеу ұйымдарына нормативке сәйкес
медициналық құрал-жабдықтар алынды. Облыстық бюджеттен бөлінген 235,5 млн.
теңгеге 75 бірлік санитарлық автокөлік, республикалық бюджеттен 340 млн.
теңгеге 16 бірлік реанимобиль алынды.

2013-2014 жылдарға арналған денсаулық
сақтау саласына арналған облыстың Жол картасы аясында 4 ауылдық аурухана
ашылды. Сонымен бірге, 12 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ағымдағы жылы тегін медициналық көмектің
кепілді берілген көлемі шеңберінде диспансерлік есепте тұратын барлық санаттағы
науқастарға жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыдан 230 түрлі, республикадан
қаралған қаржы негізінде 15 науқас түріне 104 түрлі дәрі сатып алынды.

Осындай жұмыстар нәтижесінде ана өлімі
көрсеткіші соңғы үш жылда 32,9 пайызға, сәби өлімі 19,6 пайызға, жалпы өлім
көрсеткіші 4,9 пайызға төмендеді. Жекелеген ауру түрлеріне тоқталсақ, мәселен,
туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 13,3 пайызға, өлім-жітімі 19,5 пайызға
азайды. Қан айналым жүйесі ауруларымен аурушаңдық көрсеткіші 100 мың адамға
шаққанда 2025,1-ден 1822,4-ке, өлім көрсеткіші 20,8 пайызға түскені байқалады.
Бұл скринигтік тексеруде науқастарды дер кезінде анықтап, амбулаторлық деңгейде
тегін дәрі-дәрмекпен қамту жұмыстарының нәтижесі болып отыр.

Саланы қаржыландыру жыл сайын артып
келеді. Ағымдағы жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 35 млрд. теңге
қаралды. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артық.

Жоғарыда атап өткенімдей, дені сау адам
– қоғамның басты байлығы. «Қазақстан – 2050» стратегиясында Елбасы Н.Назарбаев
«Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» деп атап көрсеткен
болатын. Денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғындар саулығын сақтау бағытындағы
игілікті жұмыстар алдағы уақыттарда да жалғасын таба бермек. Елбасымыз жолдаған
«Нұрлы жолда» нақтыланған міндеттерді жүзеге асыруда Сыр елінің медицина
саласының қызметкерлері жұмыла атсалысатын болады.

Сапар Рахменшеев,

облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз