НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

94

0

Елбасы Жолдауында азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру және ветеринария жүйесін жетілдіру жөнінде атап айтқан болатын. Осыған орай облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов ағымдағы жылдың 10 айында атқарған жұмыстары туралы баспасөз мәслихатын өткізді.
– Қазіргі таңда облыс аумағында ветеринария саласында айтарлықтай қарқынды даму байқалады. Облысқа таза аймақ мәртебесі беріліп, буферлік аймақтан алынды. Бұл халықаралық сауда кеңістігін кеңейтуге зор мүмкіндік береді. Биыл облыстан Біріккен Араб Әмірлігі мен Иран мемлекетіне 1944 бас ұсақ мал карантинге қойылып, тиісті ветеринариялық құжаттары рәсімделіп, экспортталды, – деді.
Аймақта эпизоотиялық жағдай тұрақты. Аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы бөлінген вакциналармен алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде. Сарып індетіне қарсы диагностикалық тексеру нәтижесінде 76 бас МІҚ, 204 бас ауру уақ мал анықталып, санитарлық бақылауда сойылған.
Айта кету қажет, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес келер жылдан бастап ауру малдарды бір жерден ветеринариялық-санитариялық сою мақсатында Қызылорда қаласындағы «Сұңқар К» ЖШС «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Етті қайта өңдеу» цехын ашатын болады. Бұл өз кезегінде ауру малдарды жыл бойы көрші Оңтүстік Қазақстан облысына тасымалдамай, өз жерімізде етті қайта өңдеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туады. Аталған нысан іске қосылған жағдайда 22 адам жұмыспен қамтылады.
Құтыру, эхинококкоз індеттерінің алдын алу және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою үшін жергілікті бюджеттен 40,9 млн теңге бөлінді.
– Ел Үкіметінің «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ветери­нария басқармасы тарапынан жүйелі жұ­мыстар нәтижесінде ветеринария сала­сындағы кәсіпкерлік қызметпен айналысатын 14 жаңа нысан іске қосылып, 47 адам жұмыспен қамтылды, – деді басқарма басшысы.
Н.САҒАТҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз