ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ҚАҒИДАСЫ: ДЕРБЕСТІК, ЖАРИЯЛЫЛЫҚ

74

0

Азаматтық
қоғамның қоғамдағы маңызды мәселелерге үн қосуы, пікір білдіруі – демократияның
басты қағидасы. Облыстық қоғамдық кеңес құрыл­ғалы бері азаматтық қоғамның
мүдделерін біл­діруіне, жергілікті деңгейлерде шешімдерді тал­қылау мен
қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеруге ден қойып келеді. Жергілікті
атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық
қоғаммен өзара түсіністігі көптеген мәселелердің шешім табуына түрткі болады.

Облыстық
қоғамдық кеңес 2016 жылы 10 ақпанда облыстық мәслихаттың шешімімен құрылды.
Құрамында 33 мүшесі бар, төрағасы Самұрат Имандосов. Бүгінгі күнге дейін
облыстық қоғамдық кеңестің 7 отырысы өткізіліп, 34 нормативтік-құқықтық актіге
сараптамалық қорытынды берілді. Бұндай сараптамалық қорытындылар аудандық,
қалалық қоғамдық кеңестер тараптарынан да тұрақты іске асырылуда.

Қоғамдық
кеңес қоғамдық негізде автономдық, дербестік, жариялылық қағидаларын негізге
алып жұмыс жасауда. Біздің аймақта Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда Қоғамдық кеңестер құрылған.
Қазіргі уақытта экономика, қаржы және жұмыспен қамту, құрылыс, энергетика және
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік-мәдени даму, ауылшаруашылық және
табиғат пайдалану, кәсіпкерлік, инвестиция және инновациялық даму мәселелері
жөніндегі салалық комиссиялар жұмыс істейді.

Облыстық
қоғамдық кеңестің алғашқы отырыстарында облыстық қоғамдық кеңес төрағасы,
хатшысы және төралқа құрамы сайланды, облыс әкімінің жылдық есебі тыңдалды,
облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтырулар қаралды. Қоғамдық
кеңестің салалық комиссияларының құрамын бекіту туралы, қоғамдық кеңестің
төралқа құрамына өзгерістер енгізу туралы ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Жер
реформасына қатысты мәселелер туындағанда облыстық қоғамдық кеңестің ұйымдастыруымен
– 3, аудандық қоғамдық кеңестердің ұйымдастыруымен 14 отырыс өтті. Атап
айтқанда, 19 мамырда облыс әкімінің қатысуымен өткен кеңейтілген отырысқа кеңес
мүшелерімен бірге түрлі әлеуметтік топ өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар,
блогерлер қатысты.

Облыстық
қоғамдық кеңестің төрағасы, Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның
мүшесі С.Имандосов жұртшылықтың Жер реформасына қатысты ой-пікірлерін ашық
білдіруін, олармен тікелей байланыста болуды көздеп, 26 мамырда және 3 маусымда кездесу өткізді. Нәтижесінде Жер реформасына
қатысты облыс тұрғындарынан 35, аудандардан 78 ұсыныс түсті. Ұсыныстардың
барлығы республикалық штабқа жолданды.

Қазіргі
уақытта Сырдария, Шиелі аудандық қоғамдық кеңестерінің жұмысы үлгі тұтарлық
деңгейде. Қоғамдық кеңестің отырыстарында көркейту, көгалдандыру, тазалық
мәселелері қаралып, ауласын таза ұстамайтын тұрғындар көпшілік талқысына
түскен. Ауылдағы салынып жатқан емхана құрылысы, жөнделіп жатқан көшелер кеңес
мүшелерінің қатаң бақылауына алынған. Жұмыс барысында кеткен кемшіліктер дер
кезінде айтылып, оларды қалпына келтіруге жұмыстар жасалған. Жоғары оқу
орындарында ақылы негізде оқитын аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан
студенттерге қолдау көрсету мақсатында аудан әкімінің білім грантына ұсыныстар
жолданған. Сонымен қатар, әскери медициналық тексеруден өтуден қашып жүрген
жастардың мәселелері қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Қоғамдық
кеңестер бекітілген жоспарға сәйкес ай сайын барлық өзекті мәселелер бойынша
кездесулер, «дөңгелек үстелдер» мен кеңейтілген отырыстар ұйымдастыруда.

Гүлжазира
ЖАЛҒАСОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз