ҚОҒАМНАН ҚАМҚОРЛЫҚТЫ СЕЗІНГЕНДЕР

43

0

Бүгінде жастар арасындағы ажырасу, зорлық-зомбылық
оқиғасы жайында жиі еститін болдық. Сонымен бірге, ене мен келін
қарым-қатынасы да күрмеулі мәселе екені
белгілі. Осы орайда отбасынан қиянат көріп, барар жері қалмағандарға көмек
қолын созар «Қамқорлық» дағдарыс орталығын бірі білсе, енді бірінің мүлде
хабары жоқ. Жалпы, бұл орталық тұрмыста зорлық-зомбылықтың немесе
зорлық-зомбылық қатерінің салдарынан
қиын жағдайға тап болғандарға түрлі көмектер көрсетеді. Мәселен, мамандардың кеңес беруі, уақытша
баспанамен қамтамасыз ету, әлеуметтік бейімделуіне көмектесу, әлеуметтік-
психологиялық және құқықтық кеңестер беріп, адамдармен өте тығыз байланыс
жасайды. Олардың ішкі әлемін зерттей отырып, қайта өмірге оң көзқараспен қарап,
алға жылжуына жағдай жасайды. Мұндағы
орталық қызметкерлерінің әрбірі келушілердің әрқайсысымен жеке жұмыс жасай
отырып, олар біршама уақыттан соң өз-өзіне келіп бейімделгеннен кейін отбасын
тауып қайта қауыштыруға кіріседі. Келіспей қалған екі тараптың өмірде ең
алдымен отбасынан маңызды нәрсе жоқ екенін ұғындыра отырып, жақын жандарын
құрметтеуге шақырады. «Қамқорлық» дағдарыс орталығы қызметкерлерінің айтуынша,
мұнда жүргізілген жұмыстардан кейін қаншама жанұялар дау-жанжалды ұмытып,
бірін-бірі кешіріп жатады екен.

Орталық жұмысымен танысу барысында келгеніне біраз
уақыт болған келіншекті әңгімеге тартқан едік, есімін жасыруды жөн санады.
Қазір жасы 22-де. Жаңақорған ауданының тумасы екен. Арман қуып, Алматыға оқуға
түседі. Жастықтың жалынымен шалыс басып, жүкті болып қалған. Бірақ ол жан бұл
хабарды естіп қайырылмаған. Міне, барлық ауыртпашылықты қыз көреді. Ауылға
баруға, ата-анасына айтуға бата алмайды. Оқуын сырттай бөлімге ауыстырып, өзі «Аналар
үйіне» орналасады. Сонда босанып, шекесі торсықтай ұлды өмірге әкелген. Баласы
бір жастан асқан соң, аналар үйінен шығарған. Алматыда тіршілік ету жалғыз
басты анаға оңай соқпай, Қызылорда қаласына келеді. Таныстары арқылы
«Қамқорлық» дағдарыс орталығы жайлы естіп осында келіпті. Жас ананың айтуынша,
ол өзін қоғамнан оқшаулау ұстаған. Кезіндегі қателігі үшін көңіліне кірбің
келетінін де жасырмады. Бірақ орталыққа келгелі оның ойы өзгерген. Білімін
алып, тұрақты жұмысқа орналасуды көздейді. Осы ретте орталық мамандарымен бірге
жұмыс жасап жатыр екен.

– Біздің
орталық 2011 жылы ашылды. Жұмысын бастағаннан осы кезге дейін 200-ден астам
жандарға көмек қолын созып, өмірге қайта бейімделуіне ықпал етті. Ал, өмірдің
талай сынына ұшыраған жандармен 7 маман жұмыс жасайды. Қаншама тағдырларды
көріп жатырмыз. Мәселен, бізде тұрып жатқан Салтанат есімді келіншектің 5
баласы бар. Ол отбасында талай қиыншылықты басынан өткерген. Үшінші баласы
науқас. Енді біз сол баланы медициналық тексеруден өткізіп, Алматы қаласындағы
«Ақсай» емдеу орталығына жіберуді қарастырып жатырмыз. Бізге №1 емхана
дәрігерлері арқылы келісім орталыққа келіп, мұндағы жандардың денсаулығын
бақылап отырады,-деді орталық директоры Жандос Тұсмағамбетов.

Сонымен қатар орталық директоры соңғы кездері тек
әйелдер ғана емес, көмек сұрап келетін ер азаматтар қатары да көбейіп келеді
дегенді алға тартты. Осы ретте жақында «Қамқорлық» дағдарыс орталығына Бақытжан
есімді алпысты алқымдаған азамат келіпті. Бір ай бойы дария жағасында күнелтіп
жүрген жанды жастар байқап осы орталыққа жеткізіпті. Қазіргі кезде егде
кісімен психолог маман Назира Аймаханова тікелей жұмыс жасауда. Отбасымен қатты
сөзге келген әке үйінен шығып кеткен. Сондағы көкейдегі үміті «балалары мен
жары іздеп келсе, қателіктерін түсінсе” деп ойлайды. Немерелерін де сағынып
жүр. Психолог маман Назираның айтуынша бұл кісінің орталыққа келгеніне көп бола
қоймаған. Екі аптадай уақыт өткен соң, бізге ол кісінің отбасымен
хабарласатынын жеткізді.

Расында,
кейде ата-ананың қадірін де біле бермейміз. Сондықтан болар, қайырымсыз
балалардың ата-анасын қарттар үйіне тапсыруы. Өмірде жетім атанып, бір сәт
ата-ананың мейірімін аңсайды кейбіреулер. Енді бірі бағып-қаққан, білім нәрімен
сусындатып, аяғынан тұрғызған туған ата-анасынан перзенттері безінеді. Осындай
жайттарды көзбен көргенде күйзеліске түсетініміз жасырын емес. Әсіресе, жастар
ата-ананы құрметтеуге, асқар тау – әкені қадірлеуге, үлгі алуға үйренсе екен
деген ой келеді.

Сонымен
бірге орталықта сенім телефоны жұмыс
жасайды. Күн сайын қоңырау шалып, тіпті кейбіреулері өздерін жасырын ұстап,
психолог кеңесіне жүгінетіндер көп, – дейді психолог маман Назира Аймаханова.

Жалпы,
орталықта барлық жағдай жасалғаны көрініп тұр. Кең әрі таза бөлмелер. Асхана,
жуы­ну орындары да қарастырылған. Тамақтары да уақытылы беріледі. Мұндағы әрбір
жан орталықты өз үйіндей сезінеді.

Тағы
бір айта кетерлігі, орталықта тұратын әйелдердің білім алып, жұмысқа орналасып өз аяғынан
тұруға барынша жағдай жасалады.

Биылғы
жылдың мамыр-тамыз айларында 22 адам орталықта бейімделген. Олардың 6-ы әйел,
бір ер кісі және 15 бала. Сондай-ақ, есепті кезең ішінде орталық мамандары
40-тан астам азаматқа психологиялық-құқықтық кеңестер берген.

Үйіне
қайтарылған жандармен де байланыс үнемі орнатылып отырады. Мамандар оларға қоңырау
шалу арқылы жағдайын бақылайды. Мұндай орталық тек біздің өңірде ғана емес,
барлық аймақтар да жұмыс жасайды. Бірақ біздің облыстағы аталған орталық жүйелі
жұмыс жасап, өзгелер үлгі болуда.

Тұрмыста
зорлық-зомбылық көріп, өз құқықтарыңызды білмеген жағдайда орталық қызметіне
кез келген жанның жүгінуіне болады. Бұл орталықтың тағы бір бағыты – бақытты
отбасы қатарын арттыруды көздейді.

Сара
ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз