Қолөнершілер отбасының көрмесі

92

0

Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, «Қарлығаш» шеберлер орталығының төрайымы Қарлығаш Ілиясова өткен сенбіде көпшілік назарына қолөнер туындыларын ұсынды. Көрмеге облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
«Қарлығаш» шеберлер орталығы – облыс әкімдігінің қолдауымен ұлттық құндылықтарды дамыту мақсатында қолға алынған әлеуметтік жобалардың бірі. Ұлттық өнерді жас ұрпаққа үйрету, дәстүрді дәріптеу мақсатында құрылған. Бұған дейін Азаматтық Альянс қауымдастығының гранттарын жеңіп алған. Орталық жанындағы тігін цехында қазір төрт адам жұмыс істейді. Қолөнерші қызығушылығын отбасылық кәсіпке айналдырып үлгерген. Қызы Альбина – тігінші, ұлы Табиғат – зергер. Екеуі де – анасының нағыз көмекшілері. Табиғат «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша грант алып, кәсібін дөңгелентіп отыр.
Тасбөгет кенті әкімдігі мен С.Майқанова атындағы мәдениет үйі ұйымдастырған көрмеде қолөнер шеберін облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов құттықтады. Ұлттық нақышпен көмкерілген әрбір туындыда қазақтың тарихы, салт-санасы, болмысы тұнып тұрғанын айтып, ежелгі кәсіпті келесі ұрпаққа жеткізудегі еңбегіне табыс тіледі. Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова әріптесіне халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу мақсатының ойдағыдай орындалуын тіледі.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз