ҚОЛЫҢ ТАЗА БОЛМАСА, ЖОЛЫҢ ТАЗА БОЛМАЙДЫ

64

0

ҚОЛЫҢ ТАЗА БОЛМАСА, ЖОЛЫҢ ТАЗА БОЛМАЙДЫОблыс бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті өткен жылы қозғаған қылмыстық істердің 687-сі тергеу өндірісімен аяқталып, 531 іс сотқа жолданса, анықталған қылмыстық істер  бойынша келтірілген залалдың сомасы 10 млрд. теңгені құрап, оның 8,8 млрд. теңгесі өндірілген.

Қаржы полициясы органдары кәсіпкерлерді қолдау және заңды құқықтарын қорғау мәселелеріне баса назар аударып отырады десек, департамент облыстағы мемлекеттік органдар арасында алғашқы болып бизнес қоғамдастығымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін негізсіз тексерулерден қорғау жөнінде Меморандумға қол қойған. Қазіргі таңда олар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеру бойынша қызметін тыйым салу режимінде жалғастыруда. Тексерулер экономиканың «көлеңкелі» секторында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болса, мемлекет қатысатын басқа да жобаларды жүзеге асыру кезінде орын алатын ұрлау фактілері бойынша да жүргізілуде. Нәтижесінде кәсіпкерлерге қатысты тексерулер азайып, қаржы полициясы қызметкерлеріне қатысты шағымдар жойылған.
Сыбайлас жемқорлықпен күресуге азаматтық ұстанымды белсендіру мақсатында Үкіметтің қаулысымен бекітілген «Сыбайлас жемқорлық фактісін хабарлаған немесе жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қолға алынып, осы қаулыға сәйкес былтырдан бастап мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінген көрінеді. Қазіргі таңда осындай он қылмыстық іс бойынша сот шешімдері шығып, жемқорлықтың жолын кесуге жәрдем көрсеткен он азаматты сыйақымен марапаттау жөнінде 1 млн. 48 мың теңгенің құжатына қол қойылыпты.
Сыбайлас жемқорлық саланың жедел қызметінің басым бағыты болып саналады. Статистикалық деректерге сүйенсек, сыбайластық қылмыстар санының өсуі байқалады. Департамент есеп беріліп отырған аралықта жүз он жемқорлықты анықтаса, алдағы жылы бұл көрсеткіш сексен алтыға тең болыпты. Әсіресе, парақорлық азаймай тұр. Оның он тоғызы пара алу, жиырмасы пара беру болса, бесеуі делдалдық іс-әрекеттер. Сөзіміз дәлелді болу үшін деректерге жүгінейік.
2013 жылғы 24 қарашада қаржы полициясы қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары материалдарының негізінде ҚР Бас Прокуратурасы Арал аудандық сотының судьясы Жамбылбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғапты. Оған 24 қазанда Т. деген азаматтан оның пайдасына азаматтық іс бойынша шешім шығару үшін 100 мың теңге пара алды деген күдік тағылуда.
Департамент сол қараша айында Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Е.Құлшықбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғаған. Ол 28 қарашада өзіне қатысты тексеру құжаттары бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдау үшін Оңтүстік аймағы бойынша ауданаралық қаржы полициясы бөлімінің аға инспекторына 400 мың теңге пара берді деп айыпталуда. Е.Құлшықбаевқа сондай-ақ, алаяқтық дерегі бойынша да қылмыстық іс қозғалған. Ол Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымында болған кезінде 2013 жылғы 27 наурыз бен 1 сәуір аралығында Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына бармаса да көлік жүргізушісі Б. атына барды дегізіп жалған құжаттар рәсімдеткен. Сөйтіп, сапар шығындары мен жанар-жағармайға тиесілі 60 мың теңге қаражатты одан қолма-қол алып, өз пайдасына жаратты деген күдік тағылған. Бұл күндері Е.Құлшықбаевқа қатысты қылмыстық істер облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар өндірісінде қаралуда.
Облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директорының орынбасары У.Кішкенбаева екі жарым жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға сотталды. Ол былтырғы қазан айында Б. деген азаматшадан жұмысқа орналастыру үшін мекеме басшысына беремін деген желеумен қолма-қол 150 мың теңге алу барысында ұсталған. Сөйтіп У.Кішкенбаева алаяқтық жолмен азаматша Б-ны уәкілетті адамға пара беруге азғырған.
Өткен 12 айда қызмет өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша отыз төрт іс қозғалған. Мысалы, Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімі жол полициясы бөлімшесінің тіркеу және емтихан қабылдау тобының аға инспекторы А.Пірмановқа қатысты бір өндіріске біріктірілген он жеті қылмыстық іс қаралды. Қызмет өкілеттігін теріс пайдаланған ол жалғандық жасап, Белоруссиядан әкелінген 21 автокөліктің құжаттарын аталған автокөліктерді рәсімдеуге құжаттар тапсырмаған тұлғаларға рәсімдеген. Сот үкімімен А.Пірмановқа 4,3 млн. теңгеден астам айыппұл салу жазасы тағайындалған.
«Көлеңкелі экономика» және қаржы саласындағы құқық бұзушылықпен күресте мақсатты жұмыстар жүргізіліпті. Жыл көлемінде аталған салада 422 қылмыс анықталып, 351 қылмыстық іс өндіріспен аяқталса, 303 айыптау қорытындысы сотқа жолданған. Анықталған қылмыстық істер бойынша өндірілген залал 8,6 млрд. теңге.
Аса назар аударылатын саланың бірі аймақтағы мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы. Қаржы полициясы талдаушылары жүргізген қорытынды бойынша 2013 жылдың қараша айында «НаиКИТ» ЖШС директоры Қ.Түтеевке қатысты қылмыстық іс қозғалған.
2011 жылғы 19 қазанда облыстық құрылыс басқармасының 1,1 млрд. теңге баға ұсынысымен «Сыр цементі» ЖШС-ның жобаланып жатқан нысандарына сыртқы инфрақұрылымдық жүйелерді орнату құрылысы бойынша өткізген конкурсында «НаиКИТ» ЖШС жеңімпаз деп танылған. 2011-2012 жылдар аралығында құрылысқа тапсырыс беруші мердігердің есепшотына 463 млн. теңге аударған. Тексеру барысында айыпталушы алдын ала төлем ретінде түскен ақша қаражатын қолма-қол айналдыру арқылы, яғни жалған шот-фактура мен накладнойлар қолданып, өзіне сеніп тапсырылған 161 млн. теңгеден астам сома бөтен мүлікті ұрлағандығы анықталды. Ал алдын ала тергеу барысында оған бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, Қ.Түтеев былтырғы қарашада қамауға алынған. Қазір іс тергелуде.
Экономикалық қылмыстардың қауіпті санаты мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы десек, департамент өткен жылы осындай 49 қылмыстық іс қозғаған. Сөйтіп заңсыз айналымнан 6,8 млн. теңгенің шикі мұнайы мен бір млн. теңгеден астам он бір тонна мұнай өнімдері алынды. Қаржы полициясы былтырғы қыркүйек-желтоқсан аралығында М.Көзейбаев, Б.Қабдұшев, А.Әшімов, Б.Күзекбаев, С.Ибрагимов, С.Сәрсенбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғаған. Тергеу барысында олардың 2010-2011 жылдар аралығында алдын ала сөз байласу арқылы 540,5 млн. теңгенің 11,2 мың тонна мұнай түріндегі мүлікпен келісімді, олардың заңды шығарылғандығын растайтын құжаттарсыз жүзеге асырғандығы анықталды. Аталған тұлғалар бұл әрекеттерін жасыру мақсатында «Кроун Яссир» ЖШС коммерциялық ұйымын құрған. Сондай-ақ салық төлеуден жалтару үшін бухгалтерлік құжаттарға жалған мәліметтер енгізген. Сөйтіп мемлекетке ірі көлемде 117,6 млн. теңге залал келтірген. Бұл қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қаржы полициясы органдары тергеу, анықтау және соттан бой тасалаған тұлғаларды іздестіруде де біршама жұмыстар атқарған. Алдағы жылдарды қоса есептегенде былтыр 15 адам іздестірілсе, олардың сегізі әр түрлі қылмыс жасағаны үшін тергеуден, бесеуі соттан бой тасалағандар болса, екеуі облыстық прокуратурамен іздеуге жарияланғандар. Олардан Т.Сапарбаев, Б.Омаров, А.Бекқазинов, С.Ибрагимов, А.Пұсырманов, Е.Төлешов, А.Асқаров, А.Ризаевты іздестіру істері қысқартылған.
Деректерге жүгінсек, сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылған А.Пұсырманов Шымкент қаласында құрықталған. Ол соттан бой тасалап жүрген А.Донмен бірлесіп, 111 млн. теңге шамасында залал келтірген, жалпы сомасы 1,8 млрд. теңге болатын қылмыстық жолмен табылған 80,4 мың тонна шикі мұнайды заңдастыру және сатып өткізумен, сонымен қатар тауарларды нақты жеткізілімсіз келісім жасаумен айналысқан. Қазіргі уақытта А.Пұсырманов жалпы режимдегі түзеу колониясында  жазасын өтеп жатса, А.Дон мемлекетаралық іздестірілуде.
Бұдан басқа 11 қазанда соттан бой тасалаған Б.Омаров ұсталды. Ол сотты болған Т.Қойбағаров және тағы басқалармен жалпы сомасы 7,8 млрд. теңге аса ірі көлемде кіріс табумен және 202,7 мың тонна заңсыз жолмен табылған шикі мұнайды заңдастырумен айналысқан. Сонымен қатар былтырғы 16 қарашада мүлкі тәркіленіп, екі жылға бас бостандығынан айырылған А.Бекқазинов ұсталған. Ол бірнеше мәрте ірі көлемде мұнайды заңды құжаттарсыз тасымалдау, сату, сатып алу, сақтаумен айналысқан. Соның дәлеліндей, Қызылорда темір жол бекетінде заңсыз жолмен табылған жалпы сомасы 44,9 млн. теңге болатын 649,4 тонна көлеміндегі он бір вагон-цистерна шикі мұнай құрықталған.
Департамент бүгінгі күні жеті тұлғаға қатысты арнайы және жалпы түрде жедел-іздестіру шараларын жүргізуде.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз