ОН КЕЛІ ЕСІРТКІ ТАСЫП 11 ЖЫЛДЫ АРҚАЛАП КЕТТІ

44

0

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өте ірі мөлшердегі есірткі затын заңсыз сақтаған Қырғызстан азаматына үкім шығарды.
Аталмыш сот баспасөз қызметінің хабарлағанындай, полицияға түскен хабарлама негізінде қырғызстандық азамат ұсталып, тінту кезінде қолындағы сөмкеден кішкене қалталарға салынған, жалпы салмағы 10 келі 70 грамм героин табылған. Сот отырысында қырғыз елінің тумасы тағылған айыпты мойындамай, сөмкені көршісі бергендігін айтқан. Оның айтуынша, көршісі Қазақстанға бірге барып, тәтесінің үйін жөндеуге көмектесуін өтінген. Сонымен екеуі шекара асқан соң, оны бір машинаға отырғызған көршісі: «Сен бара бер, менің жұмыстарым бар еді, артыңнан барамын” деп қала берген. Айыпталушы «көлік қай жерлерден өткенін білмеймін, өйткені жол қысқарту үшін көршім берген бір шөлмек арақты ішіп, арасында ұйықтап келдім. Есімде қалғаны жазық дала” деуден танбады. Сонымен қанша жүргені белгісіз бір кезде көлік тоқтап, жүргізуші жүк салғыштағы сөмкені алып береді де баратын жерін сілтеп жібереді. Алайда, ол құқық қорғаушылардың құрығына ілігеді.
Сотталушы кінәсін мойындамағанымен, ол тергеу кезінде жүргізілген сараптама қорытындыларымен толық дәлелденген.
Есірткі заттар салынған қалташалар мен оралған матада және скотчта саусақтарының іздері қалған. Бұдан басқа арнайы үйретілген қызметтік иттер де сөмкедегі заттарға оның қатысы бар екендігін дәлелдеп берген.
Өте ірі мөлшердегі есірткі затын заңсыз сақтаған қырғыз елінің азаматын кінәлі деп таныған сот оны мүлкін тәркілей отырып, он бір жылға бас бостандығынан айырды. Енді ол жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады.
Б.Смайылұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз