ОН ҮШ ҚЫЗ

49

0

Он үш қыз… Біздің Сырдария ауданы Шіркейлі аулында жастары алпыстың ішін еркін аралап кеткен апаларымызды осылай атайды. Қазір зейнеткер атанып, немере бағып отырған «он үш қыз” мектеп бітіргендеріне жарты ғасырға жуықтап қалса да, іргелері ажырамаған. Бір-бірінің қуанышы мен қызығында тік тұрып қызмет етеді. Әнін шырқап, айналасына шуағын шашқан аналардың жүрген жері береке мен думанға толы. 
Олар 1967 жылы мектеп бітірген соң, өздері туып-өскен Шіркейліде еңбек жолдарын бастады. Бірі сауыншы, екіншісі күрішші, тағы бірі мұғалім, енді бірі есепші болып, әр саладан орындарын тапты. Бір-бір шаңырақтың отын жағып, ұрпағын өрбітті. Он үш қыздың уақыт сынына төтеп берген бірлігіне, үзілмеген сыйластығына жұрттың бәрі қызыға қарайды. Осынша жарасымдылықтың сырын білгісі келеді. Мен де «13 қыздың” тарихын білмек болып, ұзақ жылдар бойы экономист-есепші қызметін атқарған, бүгінде зейнет демалысындағы Гүлжауһар Есенқожаевадан сұрадым. 
– Өзің білесің, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары халықтың тұрмысы тым төмендеп кетті. Жұрттың көңілі әлденеге алаң. Ауылда жарық жоқ. Күрішті көктемде егіп, күзде жинап алған соң, азаматтардың басым бөлігі жұмыссыз. Күйкі тіршіліктің қамыты арқаларына батқан ағайын қиналып жүргенін білдіргісі келмейді.
Сондай шақта өзіммен бірге оқыған қыздардың үйлерін аралап шықтым. Бұл 1997 жыл еді. «Басымызды қосып, бірлігімізді танытайық. Бірге оқыған қыздардың достығы қандай болатынын кейінгілерге үлгі етейік. Бір кезде еңбекте озат болған, ауылдың мақтанышына айналған бойжеткендер едік” дедім.  Қыздар келісті. Он үш қыздың құрамына екі мәрте Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты болған, атақты күрішші Бексұлу Синаева, ақ маржан өсірген арулар Төлебике Жұманазарова, Құндызай Әләйдарова, сауыншылар Ханымкүл Айдарова, Шолпан Алдашова, Дәмегүл Кенжебекова, Тұрғанай Пахранова, Алтын Мәмбетова, Шынар Қошақанова, мұғалім Гауһар Беркенова, Батыр ана Гүлбаршын Қоразова, есепші Нәбия Дүрова енді. 
Міне, содан бері де 20 жылға жуықтап қалыпты, арамыз ажыраған емес. Шүкір, қазір елдің тұрмысы  түзелді. Балаларымыз бір-бір шаңырақ болып, еншісін алып жатыр. Немерелердің алды аяқтанып, шөбере сүйіп отырғанымыз да бар. Қолымызда ажалға араша түсетін құдырет  болмаған соң не шара, Тұрғанай мен Құндызайдан айырылып қалдық. Бірақ «он үш қыз” деген атымыз өзгеріссіз қалды. Мен мектепті бітірген соң бір-бірін танымай, тіпті аман-саулық сұрауға жарамайтындарды көргенде қайран қаламын. Балалық шақтан бірге өскен құрбылардың арасындағы сыйластық өмір бақи сақталса қандай жақсы. 
Өмір болған соң, қуанышы мен қайғысы алма кезек келіп жатады емес пе?  Гүлжауһар апа айтса айтқандай, он үш қыздың қандай жағдайда болсын, бір-бірінің қасынан табылатынын көріп жүрміз. Әрине, қызығамыз. Ауызбірлік пен ынтымақтың, сыйластықтың бәрінен де жоғары екенін дәлелдеп жүргендеріне риза боламыз.    
Қазір он үш қыз ауылда өтетін мәдени шаралардан шет қалмайды. Мәдениет үйінің басшысы Нұржамал Жүзбаева бірлігі жарасқан құрбылардың жарастығын жастарға үлгі ету үшін оларды сахнада өнер көрсетуге дайындайды. Бүгінде «Ақ дариға” әжелер ансамблінің құрамына енген өнерпаздар «Қарттардың да өнерге бар таласы”, «Әлдилейді әжелер” атты байқаулардан жүлделі оралып жүр. Олар өздеріне сабақ берген ардагер-ұстаз Әнуар Әбенов 80 жасқа толғанда мерейтойға арнап концерт ұйымдастырып, кейінгі толқынға ұстаз сыйлаудың, үлкенді құрметтеудің өнегесін көрсетті.  
Наурыз туғалы құрбылар бір-бірін мерекемен құттықтап, әйелдер күнінде, одан әрі Ұлыстың ұлы күнінде өтетін басқосулардың ретін пысықтап жатыр. Біз осы апаларға қарап, сыйластыққа ештеңе жетпейтінін ұғына түсеміз.      
Раушан ӘБДІРАМАНОВА,
№129 мектеп мұғалімі. 
Сырдария ауданы,
Шіркейлі ауылы. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз