Оқшау ой

1592

2

Сонау советтік дәуірде дүниеге келген біздер, атеистік тәрбие алып өстік. Тәуелсіз ел болып, етек-жеңімізді жиып, арғы-бергі жағымызды түгендеп, салт-дәстүрімізге қайта оралдық. Сол кезде барып ойландық. «Түбін білмеген, түгін білмейді» деген, қайдан шықтық, қалай тарадық тағы сол сияқты сұрақтарға жауап іздей бастадық. Бұл жерде мен ата-бабамның жақсы қасиеттерін айтып мақтанайын не болмаса руға бөлініп, араға жік салайын деп отырғаным жоқ.

Әр жүздің, әр тайпаның өз ханы, биі, батыры, әулие-пірлері, сөзге жүйрік шешендері болған. Тіпті, әр адамның өмірі тарих. Кейде көпшілік жиын-тойларда өзара әңгімелесіп отырғандардан «тексіз жерден шыққан», деген сөздерді құлағымыз шалып қалады Бұрынғылар некесіз туған баланы ғана «тексіз» деген емес пе? «Тексіз» деп, төстен итеруге бола ма?! Бұл адамды кемсіту, менсінбеу деп ойлаймын. Бізде бір жаман әдет бар, біреудің сәл оғаш қылығын көрсек, тегін түгендеп, соған апарып тіреп қоямыз. Сонда, не нәрсенің де астарын мақал-мәтелмен-ақ жеткізе білген бұрынғылар: «Жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғысыз. Жақсыдан жаман туар, шыны аяқ асқа алғысыз» дегенді жай айта салған ба? Дана Абайдың өзі: «Тектілік тек тегінде ғана емес, алған тәрбиесіне де байланысты», – деп бекер айтпаған болар.

«Күллі ғажайыптың ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адам» дегендей, тектілік тегіне кеп тірелмейді. Тектілік – сенің бойыңдағы жақсы қасиеттеріңнің көрінісі, яғни, тәрбиенің жемісі. Ал, тамырсыз ағаш өспейтіні сияқты адам да тексіз болмайды. Ру ішінде қыз беріп, қыз алыспайтыны болады. Кейде ру сұраспай-ақ отау құрып жатады. Ол ертеңгі дүниеге келер сәбидің денсаулығына кері әсерін тигізетінін медицина ғылымы да растап отыр емес пе?!

Қазіргілер » Өткен заман мен қазіргіні салыстыруға болмайды, озығы мен тозығы бар» дейді. Салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз әлі сол баяғыша сақталған әрі өмірдің өзі салыстырмалы түрде жүрмей ме? Тек дұрыс саралап, оның түбін дұрыс түсіну керек секілді…

Бибісара Кенжебекова-Омарова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<