ОРТАҚ ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ

61

0

Елбасының жыл сайынғы Қазақстан хал­қы­на арнаған Жолдаулары – мемлекетіміздің саяси, экономикалық дамуында ғана емес, еліміздің әлеуетінің артуына жан-жақты салаларда еңбек етіп, үлес қосып жүрген әрбір Қазақстан азаматы үшін де рухани, әлеуметтік дамудың басты бағдарлардың бірі. Елде татулық пен бірлік, рухани тұтастық пен ынтымақ, бейбітшілік пен тыныштық болмайынша, мемлекет дамуының қай саласында да өсу, өркендеу, даму болмайтындығын Елбасы өзінің әрбір Жолдауында баса айтып келеді. Еліміздегі ішкі тұтастықты қамтамасыз етуде өлшеусіз қызмет етіп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл күндері айналамыздағы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қызығушылығын туғызған ел бірлігінің маңызды механизміне айналды. Татулық бесігіне айналған көпұлтты Қазақстанның барлық аймақтарында жұмыс жасап жатқан ұлттық-мәдени орталықтар, жоғары оқу орындарында ашылған Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары Елбасы Жолдауларында көрсетілген елдің рухани дамуының басым бағыттарын бағдар етіп, қарқынды қызмет етуде.

Елбасының осы жолғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында атап көрсетілген ел дамуының «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты Қазақстанның әлем бойынша болуы мүмкін экономикалық дағдарыстың алдын алудағы, елдің саяси, әлеуметтік дамуындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі мазмұнды бағдарламасы екендігі сөзсіз. Жолдауда еліміздің инфраструктурасын дамытуға басымдық берілуі, кіші және орта бизнесті дамыту арқылы әлеуметтің әлеуетін көтеруді жолға қою, жас­тарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімді жаңа бағдарламасын жасауды ұсынуы, білім беру саласы бойынша үш ауысымда оқитын мектептердің, балабақшалардағы орын жетімсіздігін түбегейлі шешу мәселелерінің алға қойылуы – соның айғағы. Сонымен қатар, Елбасының 2015 жылдың ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы болатынын, яғни, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сынды айтулы тарихи белестер жаңа қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие екендігін атап көрсетуі білім беру, ғылым, ұрпақ тәрбиесі салаларында қызмет етіп жатқан әрбір қазақстандыққа аса зор жауапкершілік жүктейді. 2015 жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялануы да тұрақты дамудың қазақстандық моделін қалыптастыра алған еліміздің, «Мәңгілік ел» идеясы айналасына тоғысқан Қазақстан азаматтарының тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын дамытуға соны серпін бермек.

Жайна Сыдықова,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың
«Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының аға оқытушысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз