ҚОС БОЗДАҚ ҚҰРМЕТТЕЛДІ

92

0

Жақында аудан орталығындағы Мәдениет үйінде тағылымды шара өтті. Бұл күні аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен, жеке кәсіпкер Ж.Мырхиевтың демеушілігімен Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан қос боздақ Аппаз, Мырқы Оспановтарды еске алуға арналған шахматтан турнир өткізілді. 
Аудандық мәслихат хатшысы Б.Маншарипов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Омаров бастаған турнирге қатысушылар жарыс алдында аудандық мұражайда болды. 
Аудандық мұражай директоры А.Бақтиярова мен ғылыми қызметкер С.Қуандықова жарысқа қатысушыларға мұражай тарихынан көптеген мағлұматтар берді. Осы орайда қос жауынгер ағайынды Аппаз бен Мырқы Оспановтарға арнайы тоқталғанымыз жөн болмақшы. Ағасы Аппаз Мырқыдан бір жас үлкен. Екеуі де біздің өңіріміздегі «Бостандық жол» колхозында өмірге келген. Осы арада ат жалын тартып мінер азаматтар болған. Аппаз соғыс басталған жылы қолына қару алып, қан майданға аттанса, ал, Мырқы Оспанов болса сауатты, соғыстың алдында екі бірдей техникум бітірген. Оның бірі – теміржол, екіншісі – кредит техникумы. Сөйтіп, «Аламесек» МТС-нда бас есепші болып қызмет атқарған. Ал, 1938 жылы Тереңөзек ауданы құрылғанда мемлекеттік банктің бөлімшесін құруға атсалысты. 1938-1941 жылдары осы банктің аға инспекторы болса, 1941-1943 жылдары бөлімше бастығы болып тұрғанда ел қорғауға аттанады. Әскерге шақырылғаннан кейін Ташкентте 3 ай оқу-жаттығудан өтіп, сержант  шенін алады. Ол Калининградты, Ленинград пен Польшаны, Варшаваны жау тырнағынан азат етуге қатысты. Варшаваны неміс басқыншыларынан азат ету ұрысы кезінде, яғни, 1945 жылдың ақпан айында ерлікпен қаза табады. Ол «Даңқ», «Ерлігі үшін» орден-медальдарымен марапатталған. Қос боздақтың бірі Ресейде, екіншісі Варшавада ата жаумен айқаста ерлікпен қаза тапқан. 
Қос жауынгерді еске алып жатқан ұрпағы Жақия Мырқиев әке жолын қуып, қаржыгерлік мамандықты қалаған азамат. Ол кезінде «Қараөзек» жұмысшылар кооперациясын, аудандық сауда саласын абыроймен басқарды. 
Орнында бар оңалар дегендей, әкелерін еске алып жатқаны азаматтық, – дейді аудандық мұражай директоры А.Бақтиярова.
Айтса айтқандай, Жақаң әкесі Мырқы соғыста хабарсыз кеткеннен кейін Кеңес Одағының әскери мұрағаттарына хат жазудан жалықпайды. Бұл ізденісі ақыр аяғында нәтижелі аяқталып, 1985 жылдың 16 тамызында «Қызыл крест» және «Қызыл жарты ай» қоғамының Ленин орденді атқару комитетінен арнайы  хат келеді. Онда «Сіздің әкеңіз 1911 жылы туылған Оспанов Мырқы 1945 жылдың 29 қаңтарында Польша жерінде ерлікпен қаза тауып, Кеңес әскерлерінің ТОРУНЬ воеводствосына қарасты ХЕЛМН бейітінде №90 тізімде жерленгенін хабарлаймыз» деген хат келеді. Сөйтіп, Жақаң әкесінің мәңгі қоныс тапқан жерін тауып, көңілін бірлейді.
Ж.Мырхиев бүгінгі таңда зейнеткер болса да, кәсіпкерлікті ауданда дамытып келеді. Ол кент орталығынан келбетті жабық базар салды. Келесі дәстүрлі бесінші турнир сол сауда орталығында өтпекші.   
Турнир күні бойы өткізіліп, оның қорытындысында кент тұрғыны М.Елеусінов жеңімпаз атанды. Екінші орынды Т.Болғанбаев иеленді. Бірінші, екінші орын жүлдегерлеріне кілем сыйға беріліп, Алғыс хаттармен марапатталды. Ал, үшінші  орынды Н.Ілиясов ауылының ардагері Е.Бекенов иеленді. Жарысқа қатысушылардың барлығы Алғыс хаттармен марапатталды. Турнирге қатысушы 84 жастағы Р.Бәйменов ақсақал көпшілікке бата берді.  
Ш.НҰРСЕЙІТОВ,
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Сырдария ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз