ҚОС ЕЛДІҢ ҚАЗЫНАСЫ

89

0

Өзбекстанда Әйтеке бидің 370 жылдығы аталып өтті

ҚОС ЕЛДІҢ ҚАЗЫНАСЫАрғы-бергі тарихта билердің ділмарлығын, шешендігін салыс­тыру үшін, арагідік тарихи туындыларға үңілемін. Әнет баба, Соқыр Абыз, Майлы, Төле, Қазыбек секілді танымал билердің қатарындағы Әйтеке Байбекұлының шоқтығы биік. Әйтеке сөз алғанда өзге билер әңгімеге араласпайды екен. Ол, әрине, жасын, атағын сыйлағаннан ғана емес, Әйтекенің шешендігінен, әділ айтар өткірлігінен, айбарынан өзгенің ығып тұратынын аңдатса керек. Тіпті, Қаз дауысты Қазыбек, Төле, Әйтеке билер бір дауға байланысты жеке-жеке шешім қабылдағанда Әйтекенің сөзі оқтың міріндей шығады екен. Қысқа да нұсқа.
Көп сөздің көбесін сөгіп, көпіршітпей, тоқетер тоқтамын бір-ақ айтады. Екі
жаққа да жақсы көріну үшін бипаздап, дипломатиялық байлам жасамады. «Тура би туғанына
жақпайды» деуі де сондықтан.

Талай сындарлы сәттерде алмас қылыш өтпейтін дау-шарғыны айыр тілді
Әйтеке кесіп түсті. «Жаны ауырған, құдайын қарғайды», «әдеп – сән», «адамның
өмірі – өзгенікі, өлімі – өзінікі», «жаттың ауырғаны жақсы адамның жанына
батады» деген секілді сөз тізбектерінің астарына үңілсең, өмірлік мәні бар
сәулелі сөздердің жауһарын тересің. Айтпақшы, «адамның өмірі – өзгенікі, өлімі
– өзінікі» дегенді неге айтты екен?! – деп жауабын таба алмай ұзақ жүрдім.
Сөйтсем, өзгенікі болатыны итініп-тартынып бала-шағама болсын дейтін тіршіліктің қамытын ымдағаны
екен ғой, өлімі өзінікі дейтіні сол дүниеден озған адамның ортасына сыйлылығы,
азаматтығы соңғы сапарға шығарып салуға жиналған қара құрым елдің жиналуымен
екшеледі екен ғой. Өліктің өзінде көзі бұлаулап, ағыл-тегіл жылап
отырып-ақ келген адамды бір көзімен
түгелдеп отыратын ет жақын туыстардың өзі былай шыға «пәленше келмеді, түгенше
төбе көрсетпеді» деп сынап кетеді. Өмірдің шындығы осы бір ауыз сөзбен қанша
арада ғасыр өтсе де, өріліп келеді.

Осыдан екі жыл бұрын жанашыр
азаматтардың көмегімен Өзбекстан Республикасы Науаи облысы, Нұр ата
қаласындағы Әйтеке бейітіне кесене
салынып, жан-жағы қоршалып, мұражай бой көтеріп, би атаның есімі ардақталған
болатын. Ал өткен жексенбіде Әйтеке
Байбекұлының 370 жылдығы «Әйтеке би» кешенінде аталып өтті. Би
бабаның басында құран оқылып, мінәжат жасалды. Халықаралық конференция
ұйымдастырылды. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облысынан келген жұрттан
бөлек, Өзбекстанның әр түкпірінен қандастарымыз жиналды. Сыр бойының
ардагерлері Ыдырыс Қалиев, Сейілбек Шаухаманов бастаған азаматтар қос елге де
тел ата болған Әйтекенің тарихтағы орнын айшықтаса, облыс әкімі Қырымбек
Көшербаевтың құттықтау хатын көпшілікке облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев
жеткізді. Ал, Қазақстан Республикасының
Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Бөрібай Жексенбин Әйтеке биге
жасалған құрмет-қошемет қос ел арасындағы достықтың нығая түсуіне себепші
болғанын атап өтті. Өзбекстан халқы Ассамблеясы атынан Нәсіредин Мұхамедиев сөз
сөйлеп, би атаның атын ардақтауға байланысты алда ұйымдастырылатын шараларға
тоқталды. Республикалық «Әйтеке би» тарихи орталығының президенті Шаһарбек
Оспанов елден келген ардагерлерге сый-сияпат жасады. Конференцияны Қызылорда
облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Ержан Уәйіс жүргізді. Жиын
соңында ас беріліп, Әйтеке Байбекұлының
атына аят бағышталды.

 

Нұрлан Соңғыбайұлы.

Өзбекстан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз