ОТБАСЫ – ТӘРБИЕ ОШАҒЫ

164

0

Ұрпақ тәрбиесі – болашақ тірегі. Көреген халқымыздың сан ғасырдан бергі
даналығына құлақ ассақ: «Адамның бақыты
– балада» деген сөз бар. Ал, «Балалы – үй базар, баласыз үй – қу мазар» сөзінің
түп төркінінде үлкен ойлы көзқарас, терең мағына жатыр. Өмірге сәби әкеліп,
баланың шат-шадыман күлкісіне бөлену әрбір мақсаты биік адамның арманы емес пе?
Пенденің артына тастап кетер ең асыл мұрасы, өмірінің жалғасы – ұрпағы. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз осыны
меңзеп тұр. Олай болса, адам өмірінің мәні өз ұрпағының тәрбиесімен
айқындалады.

Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын,
қыр-сыры мол үлкен міндет тұрады. Ол – бала тәрбиесі. Осынау
тірліктің алғашқы ұстазы ата-ана. Бала
үшін ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Ақын Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған
бір өлеңінде «Отбасы – шағын мемлекет, мен – президент, сен – премьер» дегені
бар. Ендеше отбасын бір мемлекет деп тануға болады. Әр мемлекеттің қастерлеп,
құрметтейтін рәміздері, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті т.б.
артықшылығы болатыны сияқты, әр отбасының тыныс-тіршілігі, өмір ырғағына
ұқсайтын жақтары бар. Оның жаратылысы басшылық пен қосшылықты керек етеді. Сондықтан ата-ана отбасының ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға,
жанұя мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеп отырған.

«Отан – отбасынан басталады»
деген сөздің төркіні тереңде жатыр. Алтын ұя – отбасының тілеуін тілемейтін
ата-ана жоқ. Сол жолдағы әр ата-ана өз отбасының іргесін берік бекіте отырып,
кәмелет жасына жеткен ұл-қыздарын үй болуға, жеке шаңырақ көтеруге дайындауды
аса жау­ап­ты міндет деп санаған. Жас отаудың түтіні түзу шығып, берекесі
жарасқан алтын ұяға айналдыруға күш сала білген. Жас шаңырақ иелері жұбайлардың
ел құрметіне бөленіп, өзгелерге үлгі-өнеге болуы – көргенді де, ибалы отбасынан
алған шұрайлы тәрбиесіне байланысты болған.

«Анасына қарап – қызын ал»,
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз
өсер» дейді дана халқымыз. Өткен өмір тәжірибесінің бір белестерінен алған
ойлар еді, бұл сөздер. Әр бала көкірегінде адалдық пен мейірімділік,
жауапкершілік пен кешірімділік отбасында орын алады. Ата-ана бала тәрбиесіндегі
басты да, өнегелі тұлға. Сондықтан әке де, шеше де отбасындағы балаларының жан
дүниесіне үңіліп, мінез-құлықтарындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Әрбір
отбасында алдымен әке, содан соң шеше жанұя мектебінің ұстаздары саналады. Әке
мен шешенің баласына қоятын бас­ты талабы – ұрпағының әдепті, көргенді, ойлы
болып өсуі.

Тәрбие басы – әдептілік деп
білген ата-ана алдымен балаларына өздерін сыйлауды, үлкенге құрмет, кішіге ізет
танытуды, ешкімнің ар-намысына тимеуді үйреткен. Балаларының ер-азамат
дәрежесіне көтеріліп, халқына адал қызмет етуін міндет деп санаған. Отбасының
ұйытқысы, берекесі, жүрегі – ол әйел. Әйелдің беделді, абыройлы болуы, оған
деген отағасының сыйлы көзқарасы жанұяның шырайы емес пе?!

Бала-шағасының алдында
ата-ананың жанжалдасуы, үлкендердің ауызына келгенін айтуы, біреуді жамандап,
сыртынан әңгімелеуі – бала үшін теріс тәрбие. Мысалы, арақ пен темекінің адамға
тигізетін зиянын біле тұра, баланың көз алдында арақ ішуді, темекі тартуды,
былапыт сөздер айтуды қоймай келеміз. Бүгінгі өсіп келе жатқан ұл-қызымыз
ертең-ақ ер жетіп, біздің орнымызға ие
болатынын ескеруіміз керек. «Ат тұяғын тай басар» деген осы емес пе? Үй ішінде
ерлі-зайыптылар баласының көзінше бір-біріне ауыр сөздер айтпақ түгілі, дауыс
көтеруге болмайды. Анасы әрдайым балаларына әкеңмен ақылдас, әкеңнің айтқанын
орында деп үнемі өз ұлттық болмысымызда бар тәрбиелік сөздерді айтып отырса,
әке беделіне берер әсері мол.

Осы жерде ұлы жазушы Мұхтар
Әуезовтің «Абай жолы” романындағы тәрбиелі көрініске бағдарлай қарайықшы. «…
Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен он үш
жасар Абай аттан түскен бетте амандасу үшін шешеге қарай жүреді. Осы кезде
байсалды да ақылды Ұлжан: «Ей, балам анда әкеңдер бар, алдымен әкеңе барып
сәлем бер!» – дейді. Сол сәтте балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын
түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған
оқшау топқа қарай адымдай жөнелді». Дана жазушы Мұхтар бұл көрініс арқылы
халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін емес, оның
тәрбиелік жағына баға беріп отыр.

Бала жаңа өсіп келе жатқан
шыбық секілді. Жас шыбық қалай исең, солай иілуге әзір. Осы орайда Шығыстың
ғұламасы Саадидің: «Жас өркенді түзету оңай, ал қураған ағашты отқа жағады”
деген сөзі ойға оралады. Ендеше баланың ойын жетілдіріп, бойын түзу өсіруге
негізгі бағбаншысы – отбасындағы ата-ана тәрбиесі. Баланың бойына жақсы қасиет
сіңіру, достарына дейін мән бере қарау, табиғат берген дарыны болса жетілдіру,
дұрыс білім алуына жағдай жасау, тәлімді тәрбиені қалыптастыру секілді өрелі
істер ата-анаға жүктелер міндет. Ұрпақ тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе
жоқ және сол нәрседен қателесуге
қақымыз жоқ. Бала – әр жанұяның бақыты. Өз қолымыздағы құнды бақытымызды
бағалай білейік, ағайын!

 

Нағыман ӘЙТЕНОВ,

Сырдария ауданындағы № 37
орта

мектеп директорының тәрбие

ісі жөніндегі орынбасары,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз