ОҚЫРМАН ХАТТАРЫ

78

0

ШАЛҒАЙДАҒЫ  ЖАҢА МЕКТЕП
Әркімге өзі он бір жыл  білім алып, өмірге қанат қақтырған алтын ұясы ыстық көрінеді. Арал ауданындағы №75 Қарашалаң орта мектебі талай жастың өмірден өз орнын табуына лайықты жол сілтеген. Ондағы ұлағатты ұстаздардың еңбегі де өлшеусіз.  Іші алтынға толы, алайда сырты көрер көзге көріксіз ескі мектеп үйін көргенде көңіліміз құлазитын-ды. Халқының тұрмыс жағдайы айтарлықтай емес ауылда жаңа мектеп бой көтереді деп ойлаудың өзі қиын еді. Аймақтың  білім саласына, жас ұрпақ тәрбиесіне жауапкершіліктің артқаны болар, көп кешікпей ауыл балалары жаңа мектеп есігін ашады. 
Алыс ауыл балаларының болашағына алаңдаған, олардың заманауи үлгідегі мектепте оқып, білім алуына мүмкіндік жасаған ел ағаларына, құрылысшылар қауымына ауыл тұрғындары  дән риза.
Айгүл КҮЗЕНОВА.
Қарашалаң ауылы,
Арал ауданы.
ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ ҚУАНЫШ СЫЙЛАСЫН!
Алаштың азаттығы үшін арпалысқан Мұстафа Шоқайдың аты бүгінде аңызға айналды. Кеңес үкіметінің саясаты қандай, «халық  жауының» тұқымы ретінде Мұстафа Шоқайдың туыстарын да қуғындады. Біздің әкеміз Нұртаза Мұстафа Шоқайдың інісі болатын. 
Елдің егемендік алуымен бірге  Мұстафа атамыз да өзіне жағылған қара күйеден арылды. Елден жырақ тұрсақ та, ата-бабамыздың жерінде болып жатқан игі өзгерістерге қуанып отырамыз. Мұстафаның исі Алаш үшін еткен еңбегінің ақыры қайыр болғаны болар, қазір елде оның атында ескерткіш, көше, мектеп, жоғары оқу орындары көптеп саналады. 
Нұртаза Шоқай атылған кезде одан Мадина, Мадияр, Намина есімді балалар қалған екен. Әкеміз Мадияр Ленинград университетінің журналистика факультетін бітіріп, «Жас Алаш» газетінде, білім саласында жемісті еңбек еткен. Біз одан бес ұл, бес қыз тараймыз. Үлкеніміз Ғалымжан марқұм болған, оның әйел-балалары Шоқайлардың кіндік қаны тамған Сыр өңірінде өмір сүреді. Мен өзім  Жетісай жерінде туып-өсіп, көршілес Өзбекстанның Ташкент облысына тұрмыс құрдым. Жолдасым Расул екеуміздің  төрт ұл-қыз тәрбиелеп, бес-алты немере сүйіп отырған жайымыз бар. Айтайын дегенім, өмірімізге қадам басқан жаңа, Жылқы жылы құтты болсын! Жерлестеріміздің отбастарында шаттық орнап, қуаныш молайсын демекпін.
Бибінұр МАДИЯРҚЫЗЫ.
Төменгі Шыршық ауданы,
Ташкент облысы. 
БАБА РУХЫНА БАС ИДІК
Қыс қарсаңында кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын Ысты ата ұрпақтары Шымкент қаласының көрікті жеріне орналасқан түпкі бабалары Бәйдібек атаға қойылған ескерткіш жанында бас қосты. Биіктігі екі метрден асатын ескерткіштің авторы мүсінші Насыр Рүстемов, ал оның орналасқан жері  болашақ демалыс бағына айналады деп межеленуде. 
Басқосуға Сыр өңірінен барған делегаттар қаланың Д.Қонаев мұражайында болдық. Ол біртуар тұлға атындағы даңғыл бойына орналасқан. Естуімізше, атын үш рет  өзгерткен бұл даңғылға тек халықтың ұсынысымен  бұдан он жыл бұрын қоғам қайраткері, үш  мәрте Еңбек Ері болған Дінмұхаммед Қонаевтың есімі беріліпті. Ұлы тұлғаның елі үшін жасаған қызметі мен адами қасиеттерін  келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында аймақта 2001 жылдан бастап «Аталар сөзі» атты қоғамдық саяси газет шығарылып келеді. Онда жарияланған Димаш атаның «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты естелігі көп арасында қызу талқыланып, сан түрлі пікір туындатты. 
Қонаев қоғамдық қорының президенті  А.Ойшиев Димаш ата мұражайының салынуына  ел азаматтарының  сүбелі үлес қосқанын атап өтті.
Жұмағали ЕРҒАЛИҰЛЫ,
ардагер ұстаз.
БІР ӘУЛЕТТІҢ АНАСЫ
Рыскүл Әжмағанбетованың біздің ауылдағы текті тұқым саналатын  Тоқтамыс әулетіне келін болып түскеніне де алпыс жылдың жүзі ауыпты. Жұбайы Мырзахан Жәкенов ауыл мектебінде мұғалім болатын-ды. Ерлі-зайыпты  мұғалімдердің  алғашқы қадамдары сәтті басталды. Берекелі отбасынан қонақ арылмайтын. Рыскүл бәріне де үлгіретін еді. 
Қазір Рыскүл жеңгеміз өркен жайған бір әулеттің ұйытқысы, барлық істің бастаушысы саналады. Зейнет жасында болса да, ол отбасы тірлігінен қол үзген жоқ. Келіндері мен қыздарын қолөнерге баулып, ұлттық киімдерді қайта жаңғыртып келеді. Оның қолынан шыққан бөрік, тымақ, ішік,  қаптал шапандар өзінің қазақи өрнегімен көпшілік көңілінен шығуда. Ол, сонымен қатар, қараша үйдің іші-сыртын өз қолымен өрнектейді. Осыдан біраз бұрын Рыскүл  өрнектеген ақбоз үй Наурыз мерекесінде  көрмеге қойылып, арнайы жүлдеге ие болды. 
Өзінен тараған жеті ұл-қызынан отызға тарта немере, оннан астам шөбере сүйіп отырған Рыскүл – ауыл қадірлісі. Елдің тыныштығы мен көптің амандығын тілеген әулет анасы өзінің бақытты ғұмыр кешкеніне, ұрпағының өмірі бұдан да жарқын болатынына сенеді.
Мырзабек ЖӨНБАЙ,
сауда саласының ардагері.
Ж.Маханбетов ауылы. 
АУЫЗ СУ ҚОСТЫРУДЫҢ ӘЛЕГІ
Қазіргі таңда кімге барып мұң шағарыңды білмей дал боласың. Білім саласында қырық жылдан астам уақыт еңбек еткен зейнеткермін. Өзіммен бірге І топтағы мүгедек інім тұрады.  Айтайын дегенім, осы жылдың 29 қазанынан бастап қарашаның ортасына дейін жеке үйімде  ауыз су болған жоқ. Бұл жайында кезінде «Қызылорда су жүйесі»  мекемесіне, қалалық әкімшілікке хабарластым. Олардың жауабы қысқа болды. Жеке үйдің мәселесіне олар жауапты емес, тұрғын өзі шешуі тиіс екен. Сонымен әркімге жағдай айтып жүріп, екі рет ақылы түрде суды қостырдым. Алайда, мекемеге айтылса да, екі-үш күннен кейін үйім тағы да судан ажыратылды. Су төлемін уақытында артығымен төлеп отырмын, сонда маған қоятын кінәсі не екенін анық біле алмадым. Мекеме басшысы М.Өсербаевқа жағдайымды ауызша баяндап, жазбаша арыз да бердім. Алайда, өзгергені шамалы. 
Осындайда су жүйесі мекемесі өз жанынан жеке үйлердің түрлі ақауларын жөндеуге ақылы қызмет түрін ұйымдастырса деген ұсыныс айтқым келеді. Онсыз да олар көрсетілген қызметке ақы төлейді. Сол қаржы заңды түрде мекеме қорына құйылса жақсы емес пе?
Бақытжан ҚЫРҒЫЗБАЕВА,
Алтынсарин көшесі, 
65 үй тұрғыны.
Қызылорда қаласы.
 
ШЫҒАРМАШЫЛ ПЕДАГОГ
Білім саласы мұғалімдер қызметінің сапасына, яғни ұстаздың теориялық білімі мен кәсіби шеберлігіне, шығармашылық қызметіне тікелей байланысты.
Осы тұрғыдан келгенде Сүттіқұдық ауылындағы Б.Аралбаев атындағы №52  мектептің биология пәнінің мұғалімі Тұрсынбек Жұпарбаевтың есімін мақтанышпен атауға болады. Өз ауылында еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан ұстазды ұжымдағы әрбір жас маман үлгі тұтады. Тұрсынбек 2004 жылы облыстық педагогикалық оқуда І орын алды. Ол облыстық «Біз таңдаған жұлдыз» медалінің, «Сегіз қырлы, бір сырлы» номинациясының иегері, сонымен қатар, ол республикалық ғылыми-әдістемелік «Мектептегі ғылыми жұмыс» журналының «Шығармашыл педагог» сайысының жүлдегері. Оқушысы Гүлзинат Жақыпбек те «Ең үздік ғылыми жұмыс» номинациясы бойынша І орын иемденді. 
Сонымен бірге, «Жас алаш» газеті ұйымдастырған қазақ тілі карикатура бәйгесіне, «Темір жол замандастар көзімен» атты республикалық фотоконкурсқа қатысып, Алғыс хатпен, «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» сырттай байқауына қатысып, ІІІ орын иегері атанды. 
Облыс әкімінің білім қызметкерлеріне тағайындаған миллион теңге сыйақысының  иегері атанған Тұрсынбектің алдағы алар асулары бұдан да жоғары болары анық. 
Мөлдір ЗАХАРОВА,
№52 мектептің мұғалімі.
Жаңақорған ауданы.
ЖЫЛЫ ЖYРЕКТІ ЖАН
Өмірде адамның денсаулығынан артық ешнәрсе жоқ. Жасымыз бүгінде 70-тен асты, зейнеткерміз. Жас ұлғайған сайын денсаулығың да сыр береді екен. Бүгінде дертіңе дауа іздеп, ақ халатты жандардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Біз №3 емханаға қараймыз, сырқаттанып қалып жатсақ, осы емхананың қызметіне жүгінеміз. Қазір барлығымызға белгілі болғандай портал мәселесі бар. Ауруханаға жолдама алу үлкен кезекті күттіреді. Десек те, жасымыздың үлкендігін, жағдайымызды түсініп жататын мейірімді жандар да табылуда. Солардың бірі аталмыш емхананың бас дәрігерінің орынбасары Назтай Қақпанқызы. Бұл кісіге айтар алғысымыз шексіз. ауырып барсаң, өз жәрдемін еш аянып қалған емес. Yлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, барынша айығып кетуіңе тілекші болып жүреді. Одан нағыз дәрігерлік мейірімді көресің. Сондықтан ардагер ретінде өз ризашылығымызды жеткізе отырып, Назтай Қақпанқызының отбасына амандық, жұмысының алға басуына тілек білдіреміз.
Қоныс АЙБАТОВ,
Жанила АЙБАТОВА,
ардагер зейнеткерлер.
КӨМЕККЕ ЗӘРУМІН
Баспасөз бетінде біреудің үстінен шағым айтып, хат жазуға жаным қас еді. «Басқа түссе баспақшыл» дегендейін, өзім тығырыққа тірелген соң амалсыздан қолыма қалам алдым. 
Жеке үй салу үшін жер алуға осыдан тура жеті жыл бұрын арыз берген болатынмын. Тіркеу кітабындағы  нөмірім де есімде, ұйқымнан оятса айтып беремін. Өзім жесірмін, үш баламмен пәтерден пәтерге көшіп жүрген  жайым бар. Жер беріліп қала ма деп жылда жер комитетінің есігін тоздырдым. Ондағылар да әбден әккі болған, «келесі жылы келіңіз» деп шығарып салады. Олар үшін маған бар-жоғы 10 сотық жер бөлу қиынның қиыны болып тұрғандай.
Жалғызбасты ана ретінде маған көмек беретін, өтінішіме құлақ асатын билік орындарына өтінішімді жеткізгім келеді.
Шынар ӘЛІМБАЕВА,
қала тұрғыны.
Оқырман хаттарымен сырласқан Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз