ОҚЫРМАН ХАТТАРЫ

52

0

АЛАСАРМАЙЫҚ, АҒАЙЫН!
«Азамат екен!» деп жатады кейде  біреудің жақсы ісіне сүйсініп, риза болған жандар. Азаматтық жасау, біреудің жоғын жоқтап, күйін күйттейтін жандар қатары уақыт өткен сайын азайып барады. Мына  қамшының сабындай қысқа ғұмырда адамдық-адалдық атты ізгі қасиетті өз дәрежесінде алып жүргенге не жетсін?! Кейде болмашыға пендешілікпен өкпелесіп, бет жыртысып жатамыз. Бір затымызды жоғалтсақ, қатты өкінеміз, ал адамгершілігіміз  бен ар-ұятымызға дақ түсірердей ісімізге көз жұма қараймыз. Неге?
Ақылды амал ойлағанша ақымақ іс тындырған, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүретін, оңай олжаға құныққан арсыздардың көбейген, шындық шыңыраудан шыққанша  өсек өзегіңді өртейтін  мына заманда қайда барып жол табамыз деп сабылатын да кезіміз жоқ емес. «Пенделердің  көкірегінен мейірім қашса, жер бетінен жақсылық көшеді, жерде жетім жыласа,  көкте періште күңіренеді» дейтін еді бұрынғылар. Қазір қарап тұрсақ тап солай болып тұр. Әйтпесе, ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада,  зұлмат  ашаршылық пен Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ ұрпағын қаңғытып па еді. Жоңғар мен орыстың бодауында жүргенде шетке шыққан қазақ баласы бар ма еді? Ел аман, жұрт тынышта, Тәуелсіздік алғаннан кейін не бір сұмдыққа куә болып жатырмыз. Шет елге бала сатқан деген не масқара?! Біз осындай масқараға бармасақ, қазір телеарнадан «Қазақ қан жағынан  таза, мықты халық, баланы сол жақтан асырап алыңдар деген» деп швед әйелі сайрап отырмас еді. Онсыз да аз халықты көбейте алмай жүргенде, мынау кешірілмейтін күнә ғой. Соңғы кездері бала сатуды тоқтатқан болар деп тоқмейілсіп жүрсек, жаңа жылдан бастап ол қайта өріс алыпты. Шетелдегі балалар арасында елге оралғысы келмейтіндер баршылық екен. Олардың қатарын көбейтудің қажеті қанша? Ел қалаулылары өз күйлерін күйттей бергенше қазақтың тағы да тарыдай шашылмауы жағына ой бөлсе қайтеді. Сонда барып олар халыққа бір табан жақындар еді.
Сайлау БОТАБАЕВ,
медицина ардагері.
Арал ауданы.
НЕМЕРЕМ  ҮШІН  АЛАҢДАЙМЫН
Дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебі облыс орталығының кеңге құлаш ұруына орай «Сәулет» шағын ауданына қоныс аударғалы бері ата-аналардан тыныштық кетті. 
Рас, мектеп жаңа, кең, жарық, заманауи  техникалармен жарақтандырылған. Оған талас жоқ. Бізді алаңдататыны, осы бағыттағы көлік қатынасы. Мектепте кемінде мұғалімі, басқасы бар 350-400 қызметкер, мыңнан астам оқушы бар, оған сол аудан тұрғындарын қосыңыз. Өкінішке орай, осы күнге дейін мектеп бағытында қалаішілік көлік қатынасы реттелмей отыр. Амалымыз жоқ, қыстың суық, ызғарлы күнінде такси қатынасына жүгінеміз. Оны кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермесі анық. Өтініш, кей бағытта бір емес бірнеше маршрутты бір-бірімен жарыстырып қойғанша, көп өтінішіне құлақ асқан да тиімді болар, бәлкім. Біздің де көңіліміз жайланар еді.  
Өмірзақ КӨПІРБАЕВ,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы.
Алты Алаш көшесінің тұрғыны.
ҰЖЫМ ҰЙЫТҚЫСЫ
Еліміздегі қазіргі мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің аясы кең, бағдарламалары жүйелі, жан-жақты дамыған. Уақыт өткен сайын олардың материалдық-техникалық базасы нығайып, педагогтарының сапасы жақсарып келеді. Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болғалы отырған Ақай ауылындағы №19 Балдәурен балабақшасы осындай үлгілі ұжымдардың қатарына кіреді. Халықтың сұранысына орай жасақталған балғындар мекенінде 150 бүлдіршін тәрбиеленеді, онда педагогы бар, басқасы бар қырықтан астам  қызметкер еңбек етеді. Балалар мекенінде барлық жағдай жасалған, оларға берілетін ас мәзірі, сабақ кестесі, тасымалдануы жолға қойылған. Осы жұмыстардың жүйелі жүргізілуінде, бүлдіршіндердің жақсы оқып, жетілуінде ұжымды төрт жылдан бері басқарып келе жатқан Гүлмира  Орынбаеваның еңбегі айрықша деп айтуға толық негіз бар. 
Осы кезеңде ұжым облыстағы мектепке дейінгі білім ұйымдары арасында өткен «Үздік ұйым», «Шығармашыл ұйым» аталымдары бойынша жеңімпаз танылса, ұжым жетекшісі ауылдық, аудандық, облыстық әкімшілігінің, білім  бөлімінің Алғыс хатымен, түрлі сертификаттарымен марапатталған. Шағын ұжымның ұйытқысы бола білген Гүлмира үлгілі отбасының берекесін кіргізіп отырған  аяулы жар, қамқор ана. Оның өз ұжымымен, отбасымен бірге әлі де биік белестерге көтерілері хақ.
Назым ӘЛЖАНОВА.
Қармақшы ауданы.
БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАЙ БІЛМЕДІК
Айтсаң бәрі ертегі секілді. Әйтпесе қазіргі  Жаңадария каналының бойы, әуежай маңайы көлге де, шүйгін шөпке де бай, құнарлы аймақ болатын. Үнемі арнасынан асып тұратын Тораңғыл сай, Торғайлы көл, Өлеңді көл атты көлдер, Кеңесарық каналы өңірге нәр беріп, табиғат өзінің бар байлығын адамдарға ұсынатын. Техника аз, ұры-қары жоқтың қасы, Сыр бойынан өрген төрт түлік мал ерте көктемнен қара күзге дейін Қарақалпақ еліне дейін жайлайтын. Ал Сыр бойында қауын-қарбыз, күріш, жүгері, картоп, сәбіз секілді дақылдар егіліп, одан мол өнім жиналатын. Бір таңданарлығы, каналдар да, егістік жерлердің су жүретін атыз-жаптары да кетпенмен қазылып, егістіктің барлық күтім жұмыстары қол күшімен атқарылатын. Күндіз Кеңесарық каналы арқылы егістік алқапқа су жіберілсе, ертеңгісін атыздар  май шабаққа толып қалатын-ды. Ал дәмі шырын балдай болатын қауын-қарбыз, дертке дауа, бойға қуат беретін қымыз, қымыран, айран, сүт туралы айтудың өзі артық. Тұнып тұрған  табиғатта адамзаттың бар керегі болатын еді. Көмірдің не екенін білмейтінбіз. Сексеуілдің  қызуы қандай. Қысы-жазы есек арба, шанамен тасып, күн көретін ек. Қазір осының бәрі ертегі секілді.
Барды бағалай білмедік. Көнекөз қариялардың айтуынша,  қазіргі Қоғалыкөл, Шаған ауылына дейінгі жер ну орман, тоғайлы, қамысты алқап болған деседі. Ішінде арыстан, жолбарыс, қасқыр, түлкі, қырғауыл секілді талай аң-құс өмір сүрген екен. Қазір сол тоғайдан жұрнақ, аңнан із, көлдерден көлшік қалмаған. Табиғат-ананы аяусыз кескілеп, жойдық. Ғарыш айлағын жасадық, су жүретін  каналдар аумағын биік дамбымен қоршадық, тас жолдар төседік… қысқасы көзімізге түскеннің бәрін құрбандыққа шалдық. Нәтижесінде экологиялық апат аймағына айналып шыға келдік. Өкінеміз-ау, алайда істер айла шамалы. 
Мырзабек ЖӨНБАЙ,
зейнеткер.
Маханбетов ауылы.
СӘДУАҚАСТЫ БІЛЕТІНДЕР БАР МА?
Тарих қойнауына үңілсек, Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткендер саны қаншама?! Солардың бірі – 1920 жылы туылған, 1940 жылдың күзінде  Сырдария аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылған, 1941 жылы шілде айында неміс тұтқынына түскен Сәдуақас Алмердинов.
Оның лагерьдегі  төсіне тағылған белгісі № 66632 болған.  Өкінішке орай, ол сол жылғы 5 қыркүйекте тұтқындар лагерінде атылып, Деблин қаласында жерленген. Сонау 1950 жылдары оған анасы Айжарқын (Әбжарқын болуы да мүмкін) іздеу салған екен. Оған хабар-ошарсыз кетті дегеннен өзге жауап берілмеген. 
Енді міне, ол кісі туралы мұражай деректері  табылды. Демек, Сәдуақас Алмердиновті  хабар-ошарсыз кетті деуге болмайды. Ол кісінің үрім-бұтақтары, туған-туыстары болса, маған хабарласса екен. Ұялы телефонымның нөмірі   87773024679.
Абдолла  ДАСТАНОВ.
Сәтбаев қаласы,
Қарағанды облысы.
АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ ҚАСІРЕТІ
Қаладағы №16 кітапхана оқырмандарымен осы тақырыпта  өткен кешке Ауған соғысының ардагерлері, жерлестеріміз Әлібек Жаров, Марат Телембаев, Кеңесбай Тұяқбаев қатысты. Олар оқырмандар сұрақтарына жауап беріп, майдан даласындағы оқиғаларды еске түсірді. Жастарды ерлікке, отансүйгіштікке баулу жолдарына, олардың бойында туған жерге, үлкенге деген құрметті қалыптастыру барысына  тоқталды.
Кездесу барысында педколледж студенттері Айнұр Қалыбекова, Жазира Демеуова, Дархан Дәурен мен Ақбибі Диқанбаева Ауған соғысының ардагері Смағұл Бақытбектің өлеңдерін жатқа оқыса, «Қызмет» колледжінің студенті Қасиет Ерасыл терме орындады. 
Күләйша СЫНАСАПОВА,
кітапхана қызметкері.
Қызылорда қаласы.
«ОҚЫ, ОЙЛАН, ІЗДЕП ТАП»
Аудан орталығындағы №56 орта мектебінің «Жас қыран» ұйымының жетекшісі Зәбира Ниязбекованың ұйымдастыруымен бастауыш  сынып оқушылары арасында  мектепішілік «Оқы, ойлан, іздеп тап» атты сайыс өткізілді. 
Оның мақсаты – балаларды ой-өрісі кең, жан-жақты азамат етіп тәрбиелеу.  Бес кезеңнең тұратын интеллектуалдық сайысқа мектеп директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары Роза Низанбаева жетекшілік ететін әділқазылар алқасы төрелік етті.  Әр сыныптан екі оқушыдан қатысқан сайыста балалар өздеріне берілген жұмбақтарды  шешті, өзара мақал-мәтелдер айтысып, ана тілі, математика, қазақ тілі, дүниетану, бейнелеу өнері мен музыка пәндері бойынша берілген сұрақтарға жауап берді. Оның жеңімпаздары мектепішілік дипломдар және Алғыс хаттармен марапатталды. 
Г.ӘЛІБЕКОВА,
№56 мектеп тәлімгері.
Жаңақорған кенті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз